Әлеумет

Ілім жолында із қалдырып, білім бесігін тербеткен

Тілінің байлығы ұшан-теңіз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйреп, сөзге тоқтай білген текті халқымыздың бір ауыз сөзбен айтылған даналығына бас шайқамау мүмкін емес. Әсіресе, «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегені дәл айтылған.

Шын мәнінде, елу жылда екі ұрпақ ауысып үлгеретінін ескерсек, ескі мен жаңаның ортасында байланыс орнап, заман көшіне сай жаңашылдықтар орын алып, өзгерістер мен тарихи кезеңдердің куәсі боламыз. Ал, жүз жылда қазан дегеніңіз, осы бір уақыттарда берекелі бастамаларға мұрындық болған кез келген кәсіп болысып-толысып, тәжірибесі арнасынан асып, өзінің даңғыл жолымен дараланып, болашаққа қадамын нық басатынымен ерек. Ғасыр жасаған кәсіподақ ұйымының ел жанашыры ретінде маңызы зор деп айта аламыз. Кез келген кәсіптің тізгінін ұстаған жандарды еңбек адамы десек, ал сол еңбек адамдарының мүдделерін қорғап, мүмкіндіктердің көкжиегін кеңейтер кәсіподақ ұйымының мәртебесі қашанда биік.

Әр саланың мүддесін қорғайтын ұйымдары бар, соның ішінде білім саласы қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсететін ұйымның өткеніне көз жүгіртсек, айтарлықтай өзгерістер баршылық. Кәсіподақ ұйымын әмбебап ұйым десек артық айтқандық емес. Ол мұғалімдерге материалдық, медициналық, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық тұрғыда көмек көрсетіп, мұң-мұқтаждарын бір кісідей тыңдап, жанына сая, қиындықта пана болуымен ерекше.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алған күннен бастап еңбек адамының мәртебесін биіктетуді мақсат етіп келеді. Биылғы Жолдауында да еңбек адамының мәртебесін көтеруге назар аударып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Өз сөзінде «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деп атап көрсетті.

Осы тұста Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» жай ғана ұран емес, нақты істермен, мемлекеттік қолдау құралдарымен көрініс таппақ. Атап айтқанда, алдағы жылы білім саласындағы бұрыннан бері кенжелеп тұрған техникалық және кәсіби білім саласы реформаланады. Осы кешенді жұмыс аясында 100 жылдық тарихы бар елдегі ең үлкен үкіметтік емес ұйым – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы көптен бері көтеріп жүрген түйткілді мәселелер өз шешімін табады деп сенеміз. Бұл жолда білім саласында оңтайлы өзгерістердің жүзеге асуына Салалық кәсіподақ белсенділері өз үлесін қосуға дайын» деп аталған ұйымның кез келген істе табандылық көрсете алатындығын нық сеніммен айтып отыр. Бұл сөздің өзі білім саласы қызметкерлеріне айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Кез келген еңбек адамының артында мықты қорған болар кәсіподақ ұйымы тұрғанда, дамудың даңғыл жолында көш бастайтынымыз сөзсіз.

Кәсіподақ ұйымы өз алдына бір төбе болса, сол кәсіподақпен бірге есейіп, жан-жағын бағамдап, озық тәжірибе жинақтаған педагогтарды да атап өтпеске болмайды. Жуырда ғана білім саласының ардагері Оралжан Масатбаевпен тілдескенімде ол өзінің анасы Үлеш Тушабаеваның партия ұйымының хатшысы болғанын, Шу ауданындағы бірнеше мектептің директоры қызметін абыроймен атқарғандығын атап өтіп, әсіресе кәсіподақ ұйымы туралы сөз қозғағанда құлағым елең ете қалды. Бұрынғы мұғалімнің келбеті мен мәртебесін тілге тиек етіп, тоқырау жылдарында мұғалімнің қадірі кете бастағандай сәттер де болғанын айтып, бұған қоса соңғы жылдары «Педагог мәртебесі» заңы күшіне еніп, сол бағытта қыруар тірлік атқарылып жатқанын қуанышпен айтты.

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең», – деген халық даналығына сүйеніп, көргені мен түйгені мол ата-апаларымызбен жиі ұшырасып, өнегелі әңгімесіне құлақ түре жүрген біз үшін мұндай әсерлі әңгімелер мол азық. Сәті түссе үлкендердің батасымен көгеріп, алғысын алып жүргенге не жетсін. «Сабақты ине сәтімен» демекші, айтылған өсиеттері, естелік әңгімелері, өткен күннің тарихын қаузайтын деректері мен елдің алға жылжуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар турасындағы ой-толғамдары біздің ойға түрткі болып, қолға қалам алуға итермелейді. Осы арада тағы бір қариямыз, ағынды дариямыз Тұрсын Жетпісбаев туралы айтпай кетуге болмас.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалдың балалық шағы сонау Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келген. Міне, қиын-қыстау кезеңдерді бесіктен белі шықпай, бұғанасы бекімей жатып-ақ бастан өткерген Тұрсын ақсақал Шу өңірінің арғы-бергі тарихын тәпсірлеп, хатқа түсіргендей айтып берді. Бір кітапқа жүк боларлықтай өнегелі әңгімесінің бірі – кәсіподақ ұйымы туралы еді.

Шу тарихында ұстаз деген ардақты атпен есімі қалған Үлеш Тушабаева 1922 жылы Шу ауданына қарасты Шоқпар станциясында дүниеге келген. Ойлап бақсақ, жиырма екінші жылы дүние есігін ашқан ол екі жасқа толып, тілі былдырлай бастаған сәтте, яғни 1924 жылы кәсіподақ ұйымы да өз жұмысын бастаған көрінеді. Бұл – әрине, өте ауыр кезең еді. Яғни, халқымызды қынадай қырған ашаршылық нәубеті осы жылдары орын алған. Осындайда көреген халқымыздың «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген сөзі ойға оралады. Жиырма екінші жылы туғандардың бәрін жіпке тізгендей атын атамасақ та, бірлі-жарымын газет беттерінде жазып жүрміз. Бұл жылда да қаншама арыстай азаматтарымыз дүние есігін ашып, елдің тарихында елеулі орын алды. Үлеш Тушабаева да солардың қатарынан табылатын жан.

Өмірін ұстаздыққа арнаған кәсіподақ белсендісі 1941 жылы Жамбыл қаласында бір айлық мұғалімдер әзірлейтін курсты бітіріп, Бота борым ауылындағы Өндіріс мектебіне мұғалім болып орналасады. Ал, 1942 жылы бұрынғы Ақтөбе колхозына (қазіргі Балуан Шолақ ауылы) мектеп директоры болып тағайындалады. 1944-1946 жылдары Көктөбе колхозындағы мектепте директорлық қызметті атқарады. Жоғарыда Тұрсын ақсақалдың келтірген естеліктері дәл келіп тұрғанын осыдан аңғаруға болады. Үлеш ұстаздың естеліктеріне көз жүгіртсек, осы кезеңдерде халқымыздың дәулескер күйшісі, ауданымыздың абыройы Әбдімомын Желдібаев атамыз да мектеп қабырғасында жүрген 10 жастағы бозбала екен. 1946 жылы Үлеш Тушабаева Жарылқасын Масатбаевпен отау құрады. Мұнан кейінгі 1947-1952 жылдарда Сталин колхозындағы Новотроицк селосы, Еңбек, Абай, Ворошилов, қазіргі Д.Қонаев ауылдарындағы мектептерде мұғалім болған. Өйткені, жолдасы Жарылқасын Масатбаев қызмет бабымен сол ауылдарда парторг, ауыл советінің хатшысы қызметін атқарған.

1953-1963 жылдары жолдасының туып-өскен ауылы Бірлікүстем мектебінде ұстаздық етеді. Мұнда мектеп директорының орынбасары әрі партия ұйымының хатшысы қызметтерінде белсенділік танытады. 1962-1963 жылдары бұл мектепте де директорлық қызметін абыроймен өткереді. 1956 жылы кенеттен жолдасы көз жұмады. Бұл қаза отбасына ауыр тиіп, әсіресе Үлеш ұстаздың қабырғасына қатты батады. Бұл жылы төртінші перзенті енді ғана дүние есігін ашқан еді. Төрт перзентімен қалған Үлеш Тушабаева қанша қамықса да, аяққа тік тұрып балаларын жеткізу үшін барын салады. 1963 жылы Бірлікүстемдегі мектеп жеті жылдық болғаннан кейін балалары үшін он жылдық мектебі бар Қонаев ауылына көшіп барады.

Ұстаздық жолда 30 жыл аянбай еңбек еткен Үлеш Тушабаеваның ауданымыздың, тіпті, еліміздің білім саласына сіңірген еңбегі зор. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп дана Абай айтпақшы, алдынан талай шәкірттерін азамат етіп тәрбиелеген. Өз перзенттеріне де тәлім-тәрбиесін аянбады. «Ат тұяғын тай басар» демекші, артында қалған балалары да ұстаздық жолды таңдап, ұлт қамы үшін тер төгіп жүрген азаматтар. Тұңғыш ұлы Оралжан Масатбаев зейнет жасына шықса да, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жүрген арда азамат. Ал, қызы Шолпан Масатбаева ауданның ардагер ұстаздарының көш басындағы білікті де білімді ұстаз. Бұған қоса немересі Бақыт та ұстаздық жолды жалғап, ағартушылықпен айналысып жүр. Тағы бір қызы Сайлаукүл Масатбаева денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, ел алғысына бөленуде.

Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», – деген болатын. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз. Ұстаздың мәні мен мәртебесін кетіріп алмау сіз бен бізге артылған жүк. Сондықтан да білім бесігін тербеткен ұлағатты ұстаздарымызды кейінгі толқынға үлгі етуді де қаперден шығармаған абзал.

Менің де кәсіподақ саласынан көрген қолдауым көп. Жақында Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына орай жергілікті кәсіподақ ұйымдастырған облыстық мақалалар байқауының бас жүлдегері атандым.

Еңбекпен еңсе тіктеген халық болғандықтан, қашанда бірінші орынға адал еңбекті қоятынымыз ақиқат. Еңбек адамдарын елеп-ескеріп, ел алдында елеулі іс қылып жүрген ұйымның да ғасырдан ғасырға асатын даңқы болсын!

 

Айғаным АСҚАРБЕК,

аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының мүшесі.