Жаңашылдықтың ұйытқысы
«Бақытты өмір сүру үшін, бақытты мақсат ету керек» деген ұлылардың айтқан нақыл сөзі бар. Сонау жетпісінші жылдары Луговой ауданы, Алғабас ауылының орта мектебіне басшылыққа келген Төлепбай Сатқынұлы мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына белсенді үлес қосты. Бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшісі ретінде де ауданда озаттар қатарында жүрді. Оның шәкірттері барған жерінде жүлдесіз қайтпай, мерейін өсіре марқайтып, гүрілдетіп қайтатын. Одан әрі Қазақ ауылының білім көкжиегін көркейтуге сенім артылған оның жолын бүгінде ұрпағы жалғап отыр.
«Әке көрген оқ жонар». Кәсіподақ саласы белсендісінің перзенті Жансерік Төлепбайұлы да энергетика саласында үздік жұмысымен көзге түсті. Осы саланың бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі болды. Ата-ана тәлімін көрген Шекер өз жолын сауда саласынан іздесе, Ардақ пен Айгүл ұстаздық жолға түсті. Темірдей тәртіпті ту еткен Төлепбай әкенің мінезі қатал көрінгенімен, Бижамал аналарымен бала тәрбиесі жөнінде сыр бөліскенде жаймашуақ еді. Әке ізін жалғаған Ардақ Төлепбайқызы Шу қаласы, Төле би атындағы орта мектептің директоры. Әке салған сара жолдың тарамдалған тамырымен адымын алшаң басып келеді. Өзінің игі мақсат-мүдделерін алға тарта отырып, білім шамшырағының озық ойлы идеяларына қол созады. Өзі басқарып отырған білім мекемесін жетістіктерге толы жемістерімен толықтырады. Бұлақ көзін ашқан білім нәрімен сусындатады. Жоғары оқу орындарын орта мектеппен байланыстыра еңбек етудің үрдісін енгізген заманауи жаңашылдықтың ұйытқысы десе болады.
Ардақтың қол жеткізген табыстары да елеулі. Ол кәсіподақтың белсенді мүшесі ретінде алдымен қарапайым еңбекші мүддесіне мән береді. Сондықтан, бұл білім ошағының бастауыш кәсіподақ ұйымы ауданда алдыңғы қатарда келеді. Ал, мектеп басшысының оқу ағарту, тәрбие саласын жолға қоюда жүзеге асырған істері көп. Төле би атындағы орта мектеп пен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің бірлескен екі жақты меморандумы аясында Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының академигі, «А.Байтұрсынов атындағы» алтын медаль иегері Клара Бұзаубақова есімімен аталатын дарынды оқушыларға арналған «Кіші академия» ашты. Білім сапасын арттыру мақсатында білім кеңістігінде кеңінен танымал жапондық «Lesson study – іс тәжірибедегі оқыту мен оқуды жетілдірудің тиімді жолы» оқу-әдістемелік құралдың тұсауы кесілді. Еліміздің педагогикалық білім беру жобасы аясында «ЖОО-мектеп коллаборация: инновация, технология және әдістемесі» атты халықаралық форум ұйымдастырып, бастауыш сынып мұғалімдерімен жүргізілген зерттеу нәтижесінде «Инновациялық кеңістікте білім сапасын арттырудың Lesson study зерттеулері» оқу-әдістемелік құралының екінші бөлімі жарыққа шықты. Форум модераторы, табысты менеджер Ардақ Төлепбайқызы білім шаңырағын ғылыми менеджмент тұрғысынан басқару турасында «Нәтижеге бағытталған оқыту мен оқуды басқару арқылы білім сапасын арттыру аспектілеріне» кеңінен тоқталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің шәкірттерімен бірлесіп жазған «Үздік эсселер мен мақалалар жинағы» оқу-құралы кітабы білімге құштар қалың оқырманға жол тартты.
Осылайша, оқушылардың білім кеңістігіндегі жұмыс жүйесі қуантарлық жағдайға толы. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, мектеп басшысы Ардақ Жаңғарашеваның 5-11 сыныптарға арналған «Геоэкология және қоршаған орта» авторлық бағдарламасы білім байқауында бірінші орын, шәкірттері жазған ғылыми жобалары Ғылыми зерттеу Ұлттық орталығы шешімімен үздік деп танылды.
Білікті басшының ұжымы да бастауыш кәсіподақ ұйымының беделді мүшелері, Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметке ынталы. Мектеп ұжымы кәсіподақ ұйымының жаңалық жаршысы «Еңбекші» газетіне жұмыла бір кісідей жазылып, музыкалық орталығын жеңіп алды. Білім шаңырағының бастауыш кәсіподақ төрайымы Камила Жамбершиева мен оның мүшелері Дәурен Бектұрсын, Әділет Мұсаділда, Айсұлу Қадырова, Мөлдір Алдабергенова, Дана Көкеева, Айжан Самзаева түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған ұжымның мәдени-этикалық қарым-қатынастарын қалыптастыруда, материалдық көмек көрсетіп, қол ұшын беруде аянбай қызмет етуде. Бұл істің басы-қасында кәсіподақ белсендісі, кәсіподақ саласына еңбегі сіңген әулеттің өкілі Ардақ Төлепбайқызы жүр.
Ләззат ОРАЗБАЕВА,
аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының мүшесі, Төле би атындағы орта мектебінің мұғалімі.