Интернет сапасы еселеп артып келеді
Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқан еліміз үшін жаһандық жаңалықтардан шет қалмай, білім мен ғылым бәйгесінде өзара бәсекелестікті дамыту – аса маңызды. Әсіресе, халық өмірінде дендеп еніп келе жатқан жасанды интеллекті дәуірінде бұл мәселе күн тәртібінен түспейтіндігі түсінікті. Елімізде бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте өңірдің цифрлық дамуындағы жетістіктер аз емес. Бүгінде облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшылығымен соңғы жылдары денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мен құқық қорғау органдары секілді бірқатар салаларда тиімді жұмыстар іске асырылуда. Ілкімді іс бүгінде білім саласында да жалғасын тапқан.
Мәселен, облысымызда 53 мектеп жоғары жылдамдықты «Starlink» технологиясына қосылған. Елімізде бастау алған бұл жоба интернет жылдамдығын арттыруға ықпал етеді. Бұдан өзге аймақтағы мемлекеттік мектептердің барлығы интернет желісімен қамтылған. Бұл жайында «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбында ұйымдастырылған дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылған болатын. Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев білім басқармасына мектептердегі компьютерлерді жаңартып, істен шыққан техникаларды есептен шығаруды, Тараз қаласы мен аудан орталығында орналасқан білім беру ұяларына бірегей ID карта аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізуді тапсырған еді.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда еліміз бойынша 502 ауылдық мектеп «Starlink» технологиясын қолдана отырып интернетпен қамтамасыз етілген. Терминалдарды орнатқаннан кейін мектептердегі интернеттің орташа жылдамдығы 200 Мбит/с жетеді. Еске салсақ, бұған дейін жауапты министрлік өкілдері SpaceX жаһандық байланыстар және белсендіру жөніндегі директоры Ребекка Хантермен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстанда «Starlink» технологиясын кеңейту, ауылдық мектептерді кең жолақты интернетпен жарақтандыру, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту мәселелерін талқылаған болатын.
Сонымен бірге, облыста 2022 жылы «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы іске қосылғаны белгілі. Жоба аясында мектептерде орналастырылған турникеттер арқылы биометриялық (FaceID) жеке параметрлерді пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Мектеп асханасындағы түскі ас пен қоғамдық көлікте жүру үшін пайдаланылатын «Tulparcard» арқылы төлеу жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, ата-аналарға баланың автобустан шығып, мектепке кіріп, асханада төлеп, үйіне оралғаны туралы хабарлауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірленген. Бұл бағытта жақында ғана өткен «Білім берудегі цифрлық инновациялар» тақырыбындағы педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінде өңір басшысы да балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа технологиялардың маңыздылығын айтып өткен еді.
Айта кетейік, цифландыру игіліктері нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны биылғы оқу жылында өткен жылмен салыстырғанда 18,2 пайызға төмендеген.
Бұдан бөлек, бүгінде облыстағы білім ордаларында «Мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар», «Жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіндегі интеграциялау», «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі цифрландырудың заманауи трендтері», «Ауыл мектептерінде оқыту процесін цифрландыру», «Цифрлық мектеп – цифрлық мұғалім», «Мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін дамыту», «Цифрландыру жағдайындағы инклюзивті білім беру», «Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы цифрландыру», «Біртұтас тәрбие және қосымша білім синергиясы», «Цифрландыру жағдайындағы білім беру мазмұнына тұрақты даму компонентін интеграциялау», «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің балалардың әл-ауқатына әсері» тақырыптық бағыттары бойынша пленарлық секциялық отырыстар мен семинарлар кешенді түрде өткізіліп келеді.
Сондай-ақ, жаңа инновациялық технологиялар бүгінде білім беру мекемелерінде бухгалтерлік құжаттарды цифрландыру бойынша тың өзгерістерге жол бастап отыр. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаров білім бөлімдеріне қарасты мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектептерде тіркелген әрбір тәлімгерден күнделікті оқу күндерінде биометриялық растаудан өту талап етілетінін атап өтті. Ол балабақшалар мен мектептердегі балалардың нақты санын шығарып, құжат бойынша көрсетілген азаматтармен сәйкестендіріп, есепте жоқ адамдарды анықтау үшін қажет екенін айтты.
Департамент басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, айына бір рет қазынашылықтан алынған төлем құжаттары мен «5-15 еңбекақы аударымдар» арасындағы сәйкессіздіктер соммасы қаралатын болады. Кеңес барысында талқыға түскен мәселелер қатарында білім мекемелеріндегі айлық төлеу мен өзге де қаржылық операциялардың алдағы уақытта «Азия Сервис» серіктестігінің бағдарламасы арқылы іске асырылу жүйесі болмақ. Осы бойынша ол ұсынылған жаңашылдықтар жұмыс процесіне толық енгенге дейін мамандарға ақпараттық көмек берілетін болатынын атап өтті.
Соңғы жылдары өңірде полицияның жедел басқару орталығына біріктірілген және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетін бейнебақылау жүйесі де дамып келеді. Бүгінде Т.Рысқұлов атындағы саябақта және «Көне Тараз» кешенінде жалпы бейнебақылау камералармен «Freedom Telecom» жеке компаниясының инвестициялық жобасы аясында қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековтың сөзінше, саябақта 10 бейнебақылау камерасы және кешенде 10 бейнебақылау камералары жыл соңына дейін орнатылмақ. 200 миллион теңгені құрайтын жобаны жыл аяғына дейін «Freedom Telecom» серіктестігі есебінен техникалық қолдау қарастырылған.
Сонымен бірге, бүгінде мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдардың алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі – басқарудың тиімділігін арттыру, шешім қабылдауды қолдау және нақты уақыт режиміне байланысты жеңілдету екені белгілі. Басқарма басшының айтуынша, аталған мәселені шешуге көмектесетін заманауи тәсіл – ахуалдық орталықтарды енгізу. Ахуалдық орталықтар облыстық және муниципалды билік органдарының, министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ ірі корпорациялардың басшыларына арналған. Облыс тұрғындарының арыз-шағымын, ұсыныс-өтініштерін дер кезінде қабылдау мақсатында 109 байланыс орталығы құрылып, үздіксіз жұмыс атқарып келеді. «Jambyl 109» қызметіне облыс тұрғындары түрлі мәселелермен өтініштерін қалдырып жатады. Тұрғындардан түскен өтініш 109 қысқа нөмірі және әлеуметтік желі, сонымен қатар «AIkey109» мобильді қосымшасы арқылы қабылданады. Өткен жылдың басынан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасының аумағында «112» бірыңғай нөмірі бойынша шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыруды қамтамасыз ету жүйесін – «112», бірыңғай кезекші – диспетчерлік қызметін құру бойынша міндеттер қойды. Жобаның мақсаты – халықтың қауіпсіздігі мен қорғалуының кепілі, шұғыл ден қою және жедел қызметтердің өтініштерге үйлесімді өзара іс-қимылы, шұғыл жағдайларды жою кезінде кешенді ден қою уақытын қысқарту, шұғыл жедел қызметтердің ресурстарын ұтымды бөлу және пайдалану. Бұл жоба қызметтердің өзінде жедел басқару орталықтарын сақтай отырып, 101, 102, 103 жедел қызметтерін біріктіру үшін жасалады. Аталған жоба өңірімізде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп келеді.
Ал, жастарды қолдау мақсатында облыс орталығында Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты жанындағы бағдарламалау мектебі жұмыс істейді. Мұнда IT-технологияларды оқушылармен қатар барлық жастағы ересектер де оқи алады. Өткен жылы облыстың қолайлы экономикалық және инвестициялық ахуалын дамытуға ықпал етуге бағытталған «Zhambyl Investment and Economic Forum-2023» атты халықаралық форумының цифрландыру бағыты бойынша аталған IT академиясының бірқатар жұмыстары қонақтар назарына ұсынылды. Сонымен бірге, Жамбыл политехникалық жоғары колледжі де «Робототехника» саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Өткен жылы жоғары колледждің «Ctrl C» командасы Халықаралық Тараз инновациялық институтында өткен бірінші аймақтық «ITII HACKATHON-2023» форумында «Chinese.kz» білім беру орталығы ұсынған «Шетелде оқуға арналған платформа» №4 кейс бойынша жүлдені жеңіп алған болатын. Аталған жоба биыл да облыс орталығында Astana Hub, аймақтық Zhambyl Hub және blockchain center ғылыми-зерттеу зертханасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің коммерцияландыру бөлімі бірлесе ұйымдастырумен өтті. Еліміздің 17 өңірін, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларын қамтыған білімділер бәйгесіне 2500-ден астам қатысушы тіркеліп, біздің облыстан 113 адамнан тұратын 43 команда бақ сынасты.
Нұрболат АМАНБЕК