Аймақ

Су қоймаларының құрылысы қатаң бақылауда

Су ресурстары еліміздің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілері үшін маңызды тұрақты дамуының негізгі элементтерінің бірі саналады. Бүгінде экономиканың су секторындағы жағдай мемлекеттің су шаруашылығы саясатын және саланы басқаруды түбегейлі жетілдіруді, қалыптасқан құрылымды қайта қарауды, экономикалық қатынастардың жаңа тетіктерін әзірлеуді талап етеді. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылады. Соған сәйкес, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстағы коммуналдық меншіктегі су қоймаларының жағдайына тоқталып өтті.

Бүгінде басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде жалпы көлемі 136,6 миллион текше метрді құрайтын 113 су қоймасы мен бөгеттер бар. Басқарма басшысының айтуынша, мекемеге қарасты су нысандарын қалыпты жағдайда ұстау мақсатында жыл сайын су қоймалары мен бөгеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады. Мәселен, өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 53,675 миллион теңгеге Байзақ ауданындағы Воинское, Меркі ауданынан Аспара-1, Маханды, Ақермен-1 және Талас ауданынан Жәдік, Ойық, Қарашат, Қазақбай, Бөлекқызыл су қоймалары жөнделген. Ал, биыл 9 су қоймасын жөндеу жоспарланып, бүгінде барлық су қоймасында жұмыстар толығымен аяқталған.

Басқарма басшының сөзінше, облыста 2026 жылға дейін жаңа 12 су қоймасының құрылысын жүргізу, қолданыстағы 4 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Қалған кіші 6 су қоймалары бойынша аудан әкімдіктері жұмыс жобаларын әзірлеуде екен. Басқарма басшысы өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс алқаптарын суармалы сумен қамту мәселесін шешу мақсатында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен облыстың 6 ауданында су шаруашылығы және гидромелиоративтік жүйелерді қайта құру бойынша 2 жоба жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.

 

Нұрболат АМАНБЕК