Жаңалықтар

Бала тәрбиесі - баршаға ортақ

Көпшілік жұрт бауыр еті – баласының тәрбиесіне қатысты мәселенің түп-төркіні тал бесіктен басталатынын жақсы біледі. Әйткенмен, өсіп келе жатқан жас өскіннің қателікке бой алдыруы – ең әуелі жауапкершіліктен жалтаратын кейбір ата-ананың кінәсі екендігі жасырын емес. Мәселен, бұл күнде көне шаһарда түнделетіп жүретін жасөспірімдердің көптігі анық байқалады. Былай қарағанда, жасөспірімдердің сауық- сайран құрып, тұрғын үйлердің ауласында әңгіме-дүкен құруында тұрған ештеңе жоқ секілді. Десе де, көптеген көңілді отырыстың соңы қайғылы аяқталып, кейбір ұл-қыздардың көше кезбелегіне айналмасына кім кепіл?

Айта кетейік, жамбылдық тәртіп сақшылары жеті түнде жортып жүретін жасөспірімдермен тиісті түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Дәлірек айтқанда, полицейлер кәмелетке толмағандар арасында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында жоспарлы рейдтік іс-шараларды үнемі өткізіп отырады. Нәтижесінде, ойын-сауық орындары мен тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, олардың алкогольдік, темекі және өзге де тыйым салынған заттар мен сусындарды тұтынуы жіті тексеріледі. Сондай-ақ, оларға алкогольдік және темекі бұйымдарын заңсыз сатқандарға тиісті шара қолданылады.

Өкінішке қарай, күн өткен сайын құқық қорғау органдарының «табалдырығын» аттайтын жасөспірімдердің қатары көбейе түсуде. Мәселен, осы жылдың он айында түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасаған 8 537 жасөспірім құқық қорғау органдарына жеткізіліпті. Сонымен қатар, есепті кезеңде тәртіп сақшылары тарапынан 2 214 рейд шаралары жүргізіліп, нәтижесінде 12 913 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 859 ата-ана Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, кәмелетке толмаған ұл-қыздарының түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берген 7 036 ата-ана дәл осы Кодекстің 442-бабы бойынша жаза арқалаған.

Рас, елімізде жасөспірімдер қылмысы күн санап көбейіп бара жатыр. Бұл – алаңдатарлық мәселе. Бозбала мен бойжеткендер арасындағы теріс қылықтың басым бөлігі ұрып-соғу, ұрлық және өз- өзіне қол салу секілді фактілерден құралған. Естеріңізде болса, аймақта былтырдан бері «Бестерек» жобасы іске қосылған еді. Мұндағы мақсат – жеткіншіктер арасындағы жанжалдарды жою. Бүгінде осынау жоба шеңберінде құзырлы органдар мен білім беру мекемелері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуде тың тәсілдерді қолдануда.

Соның нәтижесінде аудандарда еш себепсіз сабаққа бармауды әдетке айналдырған оқушылар анықталған. Атап өтерлігі, бүгінгі таңда облыста кәмелетке толмаған 245 бала тәрбиеленіп отырған 120 жайсыз отбасы бар.

Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановтың айтуынша, жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар. Сөзінше, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуінде жатыр. Сондай-ақ, баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де кері әсерін тигізбей қоймайды.

Ал, ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева елдегі еңбек шартын қайта қарастыру қажеттілігіне тоқталды.

Қорыта айтқанда, жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салу, көңіл көтеру орындарына заң талабын орындату оңай шаруа емес. Бұл ретте ювеналдық полиция қызметкерлері жоспарға сай рейд жүргізіп келеді. Әйткенмен, құқық қорғау қызметкерлерінен қаймықпайтын кәмелетке толмағандардың бар екенін ұмытпаған жөн. Шын мәнінде, бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ал, қажет кезінде ұл-қызына қаталдық танытпайтын кейбір жауапсыз ата-аналардың кесірінен мұндай жасөспірімдердің қатары сиремейтіні айтпаса да түсінікті.

 

Есен ӨТЕУЛІ