Спорт және туризм

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...

Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров айтқандай, «жанына халқымыздың жылқы жақын». Оның үстіне, ат жалын тартып мінген әр қазақ баласы – шабандоз екені тағы рас. Мәселен, бірер ай бұрын елорда төрінде өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында шабандоз Аңсар Арыстанбек тізгіндеген әйгілі Айқабақ сәйгүлігі алдына қара салмай келгенін ел-жұрт ұмыта қойған жоқ. Сондай-ақ, осынау дүбірлі додада білікті бапкер Марат Ақберлинов баптаған Жұмыртұяқ тұлпары да мәре сызығын екінші болып кескені көз алдымызда. Бұл – елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша көңіл бөлінгенінің анық көрінісі.

Шын мәнінде, жылқы жарату – өзгеше өнер. Есте жоқ ескі заманда- ақ біздің қазақ жалпақ жонның қабырғасын қайыстырған үйір-үйір жылқының арасынан жақын болашақта жүйрік атанар тұлпарды құлын кезінен қапысыз танып, баптаған. Жалпы, кез келген құлыннан жүйрік шықпайтыны бесенеден белгілі. Жылқы жайын жақсы білетін кәнігі атбегілердің Қамбар ата түлігінің тұқымына мұқият қарайтыны содан. Ал, атбегілер тұқымы тәуір құлынды мәпелеп өсіріп, үйірге көп қоспаған. Себебі, келешекте көмбеге құйғытып келер тұлпарды мертіктіріп алудан қауіптенген.

Қыл құйрықты жануарларға қызығатын жандар өзара бақ сынасқан айтулы жарыстың бірегейі – «Аламан» және «Құнан» бәйгеден өткен «Әулиеата жүйрігі» атты облыстың ашық турнирі. Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы атшабарда ұйымдастырылған осынау сайысқа бас-аяғы 200-ге тарта «сен тұр, мен атайын» дейтін шабандоз қатысты. Облысымыздың 85 жылдық мерейтойына орай түндігі түрілген дүбірлі доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал, облыстық бәйге федерациясының президенті Бердалы Абашов өз сөзінде жүйріктің бағының жануы шабандозға тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, бәйге жолында жылқының күшін үнемдеп, тұлпармен тілдесе білу – өзгеше өнер. «Құстай ұшып бара жатқан жүйріктің шабысын реттеу тек тәжірибемен ғана қалыптасатын машық. Топ бәйгеде дес бермей, аттың құлағында ойнау – екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Бұл ретте баланы жастайынан жылқыға бейім етіп өсірудің маңызы зор. Жалпы, шабандоз тізгінді үнемі жинап ұстауы тиіс. Меніңше, «Құнан» бәйгеде Алматы және Жамбыл облыстарының жүйріктері оза шабуы қажет. Өйткені, қос өңірдің ат дайындау мен шабандоздарды шынықтыру тәсілі еліміз бойынша үздіктердің қатарында», – деді алдын ала болжамын айтқан облыстық бәйге федерациясының президенті.

Қош, біз сұхбаттасып боламын дегенше, «Құнан» бәйге жарысы да аяқталды. Бұл күні қысқа қашықтыққа шапқандар бес жарым айналым жасады. Мықтылары анықталғанда Бердалы Абашовтай майт а лман маманның сөзінің жаны бар екендігіне көзіміз анық жетті. Нақтылай түссек, бұл сында 12 жастағы шабандоз Алтынбек Жантөре мінген Еркеторы арғымағы үздік деп танылды. Қордайлық бозбала 9 жасынан бастап ұстазы Сәкеннің жөн сілтеуімен жүйрік жаратып жүр. Мектеп оқушысына ата кәсіптің қыр-сырын үйретіп жүрген Сәкен Мұратұлы келешекте шәкіртінің тақымы мықты шабандоз боларына кәміл сенеді.

Сонымен, «Құнан» бәйгеде жүлделі екінші орынды Қырғыз елінің шабандозы Тарель Шүкірбеков еншіледі. Ал, үздік үштікті тараздық Легетта жүйрігі түйіндеді. Сондай- ақ, 35 шақырымды құрайтын 12 жарым айналымнан тұратын «Аламан» бәйгеде Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданынан келген Көксерек атты тұлпарды тізгіндеген Нұрел Елесов жеңімпаз деп танылды. Бұл жарыста екінші орын алматылық шабандозға бұйырса, Меркі ауданынан келген Нұрхат Манасбек үшінші орынды місе тұтты. Айта кетейік, қос бәйгенің жүлде қоры жалпы 11 миллион 900 мың теңгені құрайды. «Аламан» бәйгеде топ жарған шабандоз 3 миллион 600 мың теңгені иеленсе, «Құнан» бәйгенің жеңімпазы 1 миллион 800 мың теңгені қанжығалады.

 

Есен ӨТЕУЛІ