Дара тұлғаға арналған дарындылар додасы
Жуырда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның шығармашылығына орай 9-11-сынып оқушылары арасында «Шерхан Мұртаза оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өтті. Аталмыш байқауды облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен Ш. Мұртаза атындағы ХТИИ-ның «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.
Байқаудың басты мақсаты – жазушының қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа тереңнен танытып, ел руханиятындағы маңызын зерделеу, егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосу. Оқушылар арасында жазушының шығармашылығын насихаттап, әдеби шығармаларды оқуға шақыру. Аудандық, қалалық, облыстық кезеңнен өткен оқушылар алдағы уақытта республикалық деңгейде бақ сынайтын болады.
Заңғар жазушының шығармашылығына арналған байқауға оқушылар бес номинация бойынша қатысты. «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» аталымында оқушылар жазушының шығармалары аясында берілген теориялық сұрақтар мен үзінділерге әдеби, тілдік талдау жұмыстарын орындады. «Рух пен намыс төресі» аталымында қатысушылар жазушының публицистикалық толғамдарындағы қайраткерлік тұлғасын айқындайтын үзінділерді жатқа мәнерлеп оқыды. Ал, «Зау тұлға» аталымында оқушылардың арнау өлеңдері бағаланды. Сондай-ақ, «Жұлдызы нұрлы суреткер» аталымында балалар жазушы шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салды. Бесінші – «Ш.Мұртаза мұрасы» аталымында оқушылар зерттеу жұмыстарын (ғылыми жоба) қорғады. Зерттеу жұмысында тұлғаның прозалық, публицистикалық дүниелері, драмалық шығармалары, философиялық тұжырымдары, ана тіл, ұлттық тарих, ұлттық құндылықтарға байланысты ойлары терең талданып, өзіндік пікірі мен жаңалығы көрініс табуы керек болды.
Әр аталым бойынша бақ сынап, сыннан мүдірмей өткен қатысушылар Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында гранттық негізде оқуға мүмкіндік алды.
Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша Тараз қаласы «Озат» ЖШС оқушысы Әнел Жамалбек I орынды иеленді. Б.Момышұлы атындағы № 45 қазақ классикалық гимназиясының оқушысы Шырайлым Берікқызы мен Мойынқұм ауданындағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектебінің оқушысы Наргиза Жақсылыққызы II орыннан көрінді. Ал, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей оқушысы Назерке Әбілмәжі, Шу ауданы, М. Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің оқушысы Айару Құралтай және Т. Рысқұлов ауданы Ә. Бөкейханов атындағы орта мектеп оқушысы Димаш Бисембай мен Жуалы ауданы Мәлік Ғабдуллин атындағы №18 орта мектеп оқушысы Иманғали Әбді жүлделі III орынды қанжығалады.
Аудан, қала, облыстық кезеңнен үздік атанған қатысушыларымыз енді өз өнерлерін республикалық деңгейде көрсетпек.
Жанар ИСАБЕКОВА,
облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері.