Әлеумет

Серігі – сенім, жолдасы – жігер

Баһадүр ата-бабаларымыздан қалған жерді кірпік ілмей күзету – үлкен абырой. Шекара қызметінің аптап ыстық пен аңыраған желдің өтінде жүретін жауынгерлері әрбір бұтаның қалқасы, таудың аңғары, өзен сағасы, жолдың бұлтарысы мен сайдың қалтарысындағы тыныштыққа жауапты. Сондықтан арнаулы қызмет сарбаздарының шымыр болуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл орайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Боран» арнаулы мақсаттағы бөлімшенің спорт жаттықтырушысы Саян Нұрышевтің еңбегі ерекше.

Бала күнінен спортқа жақын өскен Саян үшін сарбаздарды спортқа баулу – табиғатына жақын әрі сүйікті жұмысы. Өзінің айтуынша, бұл салаға осыдан 25 жыл бұрын Отан алдындағы міндетін атқаруға келіп, содан бері әскери өмірмен тағдырын байланыстыруға шешім қабылдайды.

Өмір болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүруі – заңдылық. Спортта да бап пен бақтың үнемі үйлесім таба бермейтіні тағы бар. Бірақ Саянды жеңіліс жігерлендіріп, әділетсіз шешім шешуші сәтте күш беретіндей. Себебі оның қабілет-қарымына күдік артып, жарыс жолынан себепсіз шығарып салған сәттерде спортқа деген адалдығы үнемі алға сүйрейтінін айтады. Мәселен, футболдан құрама мүшелігіне өткізбей, жігерін жасытқысы келгендер де спортшының сағын сындыра алмаған секілді. Бір жолы күштік құрылым арасында футболдан жарыс өтіп, Саян қосалқы құрамға алынады. Командаластары қарсыластарынан ұпаймен жеңіліс тауып жатады. Жаттықтырушы шаршаған спортшының орнына алаңға оны жібереді.

Сенім мен жігер, еңбек пен құлшыныс арқылы спортшы жеткен жетістік жетерлік. Соның ішінде Өзбекстанның 5 дүркін чемпионы, екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан ТМД-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, Одессадағы халықаралық турнирдің жүлдегері секілді марапаттарын ерекше айтып өткен абзал. Жалпы, Саян – «Әскер» футбол клубының негізін қалаушысы. Қоян-қолтық ұрыс, әскери триатлон, оқ атудың үш түрінен спорт шебері атанған ол – Отанына берік, антына адал, отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Өмірлік жары да Шекара қызметінде ел тыныштығы күзетінде қалтқысыз қызмет етіп келеді.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, тұңғышы Әлібек те спортқа әуес. Анасы мен әкесінен көргені көп бала кішкентай күнінен таңмен таласа әскери дабыл соғылғанда сарбаз болып, түрлі жарысқа да ілесе барады екен. Биыл ата-анасының жолын жалғауды мақсат тұтқан ұлы да 8-сыныптан соң «Арыстан» мектебіне оқуға түскен. Ұлының таңдауын әкесі де әрқашан қолдайтынын айтады. Өйткені, Отанды қорғау – ер жігіт үшін қасиетті парыз, қастерлі борыш.

 

Есен ӨТЕУЛІ