Әлеумет

Антына адал, сертіне берік азамат

Киелі Жуалы жері – талай таутұлғалы азаматтар мен дүлдүлдерді, даңқты генералдарды дүниеге әкеліп, түлеткен, олардың қаны мен жанына асқақ рухты сіңірген қасиетті мекен. Бұл ауданнан атақты қолбасшы, екінші дүниежүзілік соғыстың басты қаһармандарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, еліміздің Қарулы Күштерінің генерал-лейтенанты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев сынды айтулы азаматтар қанат қаққаны белгілі. Бұл тізімге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан Қойбақты да қосуға болады.

Саналы ғұмырының елеулі бөлігін қауіпсіздік саласының дамуына арнаған атпал азамат, генерал-майор, заң ғылымдарының докторы Сейітжан Қойбақ биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Елордамыз Астана қаласында басталған айтулы тұлғаның мерейтойы жуырда ғана өзінің туған жерінде де кеңінен атап өтілді. Қасиетті өңірдің атын шығарған азаматқа жерлестері де сый-құрмет көрсетіп, мерейін өсірді.

Жалпы, жуалылық «генералдар шоғырының» көрнекті өкілі Сейітжан Қойбақовтың қызмет, еңбек жолы кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. 1981 жылдан қауіпсіздік органдарында басталған оның еңбек жолында талай қиындықтардың кездескені анық. Алайда, өне бойында ата-бабаларынан дарыған күрескерлік қасиет пен асқақ рух оны үнемі алға жетеледі. Сонау 1981 жылдан кеңестік кезеңде бірқатар қызмет сатысынан сүрінбей өткен ол еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылымының құрылуына біркісідей атсалысты. Сондай-ақ, бірқатар басшылық қызметтерді рухы биік азаматқа тән абыроймен атқарды.

Айта кетейік, Сейітжан Мелдебекұлы 2002 жылы тамыз айында 45 жасында елордамыз Астана қаласына шақырылып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» деп аталатын арнайы қызметінің бастығы болып тағайындалды. «Арыстан» құрылымы – халықаралық терроризммен күрес жүргізетін, экологиялық және радиациялық қауіпті нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттің мүддесін қорғайтын аса жауапты қызмет. Кейіпкеріміз маңына топтасқан кәсіби мамандармен ел мүддесіне нұқсан келтірмекші болған арам пиғылды топтарға арыстанша айбат, жолбарысша қайрат көрсетті. Осылайша, қауіпсіздік қызметіндегі жоғарғы талаптардың үдесінен шыға білді. Өз кезегінде «Арыстан» терроризммен күресте ресейлік және шетелдік үлгідегі қару-жарақтармен жарақтандырылып отырды. Сонымен қатар, Израиль, АҚШ, Германия, Норвегия және Голландия сияқты елдердің арнаулы қызметтерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізілді.

«Арыстан» арнайы қызметінде жауапты жұмыс атқарып жүрген шағында Сейітжан Қойбақовқа генерал-майор арнаулы атағы берілді. «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлының нақыл сөзін басты ұстаным-қағидасы етіп алған ол содан бері де бұл қызметтен қол үзген емес. Зейнетке шықса да, Отан қорғайтын жас сарбаздарға өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, көрген-білгенін, ойға түйгенін айтудан әсте жалыққан жері жоқ. Бірнеше жылдан бері ғылым жолына түскен жерлесіміз дәл қазір әскери тақырыпта кітап жазып жатқан жайы бар.

Рас, елге еңбегі сіңген ер қашан да құрметке ие. Елін сүйген ер азаматтың жүрек лүпілін тыңдау үшін және айтулы азаматтың жүріп өткен жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету, оларға әскери-патриоттық тұрғыдан тәрбие беру мақсатында Жуалы жұртшылығы айтулы азамат, генерал-майор, ауданның Құрметті азаматы Сейітжан Қойбақовты туған жеріне арнайы шақырып, сый-құрмет көрсетті. Туған жеріне табаны тиген атпал азамат ең әуелі аудан аумағында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесіне ат басын бұрды. Мұнда ол Отан алдындағы әскери азаматтық борышын өтеп жатқан сарбаздармен және әскер қатарына алдынатын жалынды жастармен кездесу өткізді.

Бұдан кейін, жиналғандарға шекара бөлімшесінің қару-жарақтары, техникалары мен әскери машықтары таныстырылды.

Сейітжан Қойбақовтың әскери қызметке кіріспес бұрын даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына арнайы сәлем беріп, батырдың батасын алғанын біреу білсе, біреу білмес. «Баталы ер – арымас» деген осы. Бабалар өсиетін берік ұстанған атпал азамат қандай биік шыңға шықса да Баукеңнің: «Халыққа адал қызметіңді жаса. Әскери борышыңды орында. Халық үшін жан пида. Мен сондай жауынгер болдым. Менің ізімді жалғайтын өздерің!» деген баталы өсиетін есінен бір сәт те шығарған емес. Ол саналы ғұмырында антқа адал, өсиетке берік азамат атанды. Аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне арнайы барып, батырдың бюстіне гүл дестесін қоюмен бірге рухына тағзым жасауы – оның азаматтығының анық белгісі.

Бұл күні аудандық «Достық» мәдениет үйінде Сейітжан Қойбақовтың құрметіне «Ұлтын сүйген ердің жүрек лүпілі» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған аудан жұртшылығы, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен қатар, өңірдегі шекара бөлімшелерінің жас сарбаздары қатысты. Жылы жүздесудің шымылдығы әскери қызметкердің балалық шағы, есейіп, ер жеткенде әскер қатарына аттанып, батыр Баукеңнен бата алған сәтіне дейін сомдалған шағын композициялық көрініспен ашылды. Содан соң, генерал-майордың өмірі мен еңбек жолынан түсірілген шағын деректі бейнероликпен жалғасын тапты.

Жиында әуелі мерейтой иесі, заң ғылымдарының докторы Сейітжан Қойбақов сөз сөйлеп, азаматын сыйлап, төбесіне көтерген барша қауымға алғыс білдірді. Бұдан кейін, ол өз қаламынан туған «Отан. Міндет. Абырой!» атты кітабы мен Қойбақовтар әулеті туралы бірнеше туындыны аудандық кітапханаға тапсырды. Өз кезегінде жерлестері қазақи салт-дәстүрмен Сейітжан Қойбақовтың иығына зерлі шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Айта кетейік, осынау салтанатты шара Сейітжан Қойбақовтың кіндік қаны тамып, балалық балдәурен шағы өткен Шыңбұлақ ауылында да жалғасты. Онда ауыл жастарымен және мектеп оқушыларымен патриоттық кездесу ұйымдастырылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ