Медицина мамандарына қолдау
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында медицина саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Шынын айту керек, соңғы жылдары медицина саласында жеткен жетістік те, табыс та мол. Барлық дерлік облыстағы медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар жаңартылды. Ауруханалар мен емханалар қатары да көбейе түскен. Ал, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмаған бірде-бір медициналық нысан жоқ. Автокөлікпен де қамтылу жайы билік назарынан тыс қалмай келеді.
Тараз қаласындағы «Жастар аллеясы» алаңында медицина мекемелеріне санитарлық 20 жаңа автокөлік табысталды.
Жалпы, жыл басында облыстық бюджет есебінен медицина мекемелеріне 40 санитарлық автокөлік тапсырылған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін облыстық бюджеттен 33 автокөлікке қаржы қаралып, тиісті жұмыстар атқарылған болатын. Атқарылған жұмыс аясында кеше облысқа тиісті автокөліктің 20-сы жеткізіліп, медициналық мекемелерге үлестірілді. Қалған 13 автокөлікті жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев салтанатты іс- шарада сөз сөйлеп, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында жаңа көлікке ие болған қызметкерлерді құттықтады.
Облыста бекітілген норматив бойынша, алғашқы медицина лық-с анит арлық көмек ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамтамасыз ету қажеттілігі 272 бірлікті құрайды. Облыстың аудандық медициналық ұйымдарында 235 санитарлық автокөлік болса, оның ішіндегі 112-сі тозған. Сондықтан, тозығы жеткен автокөліктерді кезең-кезеңімен жаңарту бағытында тиісті іс-шаралар жоспарлы түрде атқарылу үстінде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ