Жаңалықтар

Тұғыры биік Тұрар Рысқұлов

Ұлт тарихындағы Түркістандағы түркі халықтарының ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым әрі публицист Тұрар Рысқұловтың есімі қашанда биік. Бүгінде Жамбыл жерінде қайраткердің 130 жылдығына арналған айшықты іс-шаралар ұйымдастырылып, алып тұлғаның болмысына және бай мұрасына жүргізілген ғылыми зерттеулер көпшілік назарына ұсынылуда.

Өңірдегі мерейтой облыс орталығындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл қойып, тұлғаның рухына тағзым етуден басталды. Ал, одан іс-шара аймаққа түрлі елден жиылған ғалымдардың басы қосылған мазмұны ерек, салмағы бөлек конференцияға ұласты. Жиынға тарихшылар мен Қырғыз Республикасы, Моңғолиядан келген ғалымдар, сарапшылар қатысты. Конференция басталмас бұрын ҚР Орталық мемлекеттік архиві университет фойесінде «Тұрар Рысқұлов тұлғасы – архив құжаттарында» атты көрмесін таныстырды. Мұнда Тұрар Рысқұловтың Пішпек ауыл шаруашылығы училищесінде достарымен түскен фотосуреттері, сирек кездесетін құжаттар, қайраткер тұлғаның жазған өтініштері мен хаттары, 1921 жылғы «Ұлт мәселесі жөніндегі» тезистері қойылған.

Іс-шара Тұрар Рысқұловтың қайраткерлігі туралы бейнеүзікпен басталды. Конференцияны ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай жүргізіп отырды.

 

Конференцияға қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қасиетті Әулиеата топырағында Тұрар Рысқұлов табанының ізі қалғанын айтып, жамбылдықтар ұлт қайраткерімен мақтанатынын жеткізді. Ардақты азаматтың жасампаз идеялары мен жарқын істері бүгінге дейін ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына назар аударды.

Бұдан кейін Қазақстан Ре спубликасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Тұрар Рысқұлов – төл шежіремізге, ұлтымыздың болашағына қатысты көптеген мақала мен ғылыми еңбектер жазды. Күрделі кезеңде ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, талай игі бастамаға ұйытқы болды. Қазақтың біртуар перзенті еліміздің егемендігі, түркі жұртының азаттығы жолында табанды күрес жүргізді. Тұрар Рысқұлов есімі «Тұтас Түркістан» идеясымен тығыз байланысты», – делінген құттықтау хатта.

Ал, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті Оразалы Сәбден, тұрартанушы ғалым Мұхтар Қазбек, Қырғыз Республикасы білім беру ісінің үздігі Доолотбек Сапаралиев, ақын, жазушы, Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұраған Рахметұлы, журналист, тұрартанушы Мейрамхан Жәпек баяндама жасап, қайраткер тұлғаның болмысына, оның бай мұрасына қатысты зерттеулерін ортаға салды. Конференцияға қатысушылар Әулиеата өңірінде қайраткердің мұрасына сан қырынан талдау жасалатын, терең зерттеу жүргізетін арнайы зерттеу орталығы ашылса деген ұсыныстарын да жеткізді. Одан бөлек, «Turar.kz» деген атаумен сайт ашылып, Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қайраткерлік қызметі жайлы тың мәліметтер ғаламторда да кең қолданыста болса деген тілектер айтылды.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ