Жаңалықтар

Үшінші «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді

Жыл өткен сайын көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін білімді болуың шарт. Ал, ауызсудың азаюы мен климаттың өзгеруі секілді күрмеуі қиын ғаламдық мәселелерді оңтайлы шешуде өскелең ұрпақтың ойы ұшқыр болуы – аса маңызды. Демек, оқушылардың толыққанды білім алуына, олардың өздерін мектеп қабырғасында қолайлы әрі қауіпсіз сезінуіне дұрыс жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте өткен жылдан бастап жүзеге аса бастаған «Жайлы мектеп» жобасының пайдасы зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жайлы мектеп» жобасын ұсынғаннан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде заманға сай жаңа мектептер бой көтере бастағанын айтқан болатын. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Кazyna Сonstruction» компаниясы. Осылайша, апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешудің төте жолы табылды.

Айта кетейік, бұған дейін Байзақ ауданының Сарыкемер ауылы мен Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағынауданындағы қос «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілген еді. Бірер күн бұрын облыс орталығындағы «Ұлы дала» шағынауданында ұлттық жоба аясында бой көтерген №67 оқу ошағы оқушыларға есігін айқара ашты.

Білім беру нысанының сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін баса айтты. Аймақ басшысы болашақта аталған оқу ошағынан білімді азаматтардың көптеп шығатынына сенім білдірді.

Шын мәнінде, аталған білім ошағы білім алушылар мен педагогтерге барлық жағдай жасалған. Мұндағы бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен, әмбебап шеберханалармен жабдықт алған. Ғимаратта 256 орындық мәжіліс залы, 59 оқу кабинеті, 344 орындық асхана, 2 спортзал, 3 зертхана, 2 лингафон кабинеті, STEM, графика және жобалау кабинеттері, 10 коворкинг орталығы, робототехника зертханасы, 4 шеберхана, кітапхана, оқу залы мен 2 компьютер кабинеті бар. Ата-аналар да жаңа мектептің заманауи мүмкіндіктерін көзбен көріп, ұл-қызына жасалған жағдайларға шынайы ризашылықтарын білдірді.

Ат ап өтерлігі, о сынау мектеп құрылысын «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, жобаның құны 6 миллиард 57 миллион теңгені құраған. Бұл күнде оқу ошағына №64 мектептен үш педагог ауысу тәртібімен қабылданса, 28 мұғалім конкурстық негізде жұмысқа орналасқан. Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, дәл қазір облыс орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектептің құрылысы қарқын алған. Оның ішінде, №66 және №67 мектептер пайдалануға беріліп үлгерді. Бұдан бөлек, «Шөлдала» алабында 600 орындық, «Ұлы дала» ықшамауданындағы 2000 орындық мектептің құрылысы жүйелі жүргізілуде.

 

Есен ӨТЕУЛІ