Саясат

Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында бірнеше атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп, соның бірі ретінде жергілікті әкімдерді тікелей сайлау арқылы тағайындауды атап өтті.

Мемлекеттің құрылысын және оның негізін зерттеумен айналысатын құқық ғылымында әкімдерді халық арқылы сайлау мәселесі бұрыннан айтылып келе жатыр. Соның бір нәтижесі ретінде былтыр Қазақстанда барлық ауылдық әкімдер және пилоттық жоба ретінде әр облыстан екі аудан әкімін халық арқылы сайлау өткізілді. Былтыр қыркүйек айында ауылдық және аудандық әкімдерді сайлау қызметтеріне арналған қолданыстағы заңдарды түсіндіру, кеңестер беру мақсатында облыстың сайлау комиссияларының төрағалары Меркі ауданында арнайы шара өткізген болатын. Алайда, ол кезде айтылмаған, бірақ Президент Жолдауынан кейін көңілге түйген кейбір жағдайлармен халықты құлағдар етуді жөн санадым.

Жалпы жергілікті әкімдерді халық арқылы тікелей сайлаудың мұндай науқанды өткізгенде туындайтын мәселелерді анықтауға да тиімділігі мол.

Тиімді жақтары ретінде жергілікті әкімдер халық арқылы сайланғанда ең алдымен өзін тікелей сайлаған халықтың алдында жауапты болады және қазіргідей формалды емес, шын мәніндегі есебін беріп отырады. Екіншіден, әкімдікке кандидаттар негізінен жергілікті азаматтардан шығады, сәйкесінше өз елі мен жеріне жаны ашу, ол жерді көркейту мақсаты туындауы әбден ықтимал. Соның нәтижесінде өз елінің іскер, білімді азаматтарын танитындықтан, оларды жергілікті мәселелерді шешуде белсенді пайдалануы мүмкін немесе сол елді мекеннің барлық мүмкіндіктерін пайдалану мақсатында сырттан инвестициялар тартуды іске асыра алады. Үшіншіден, әкімдікке кандидаттарды жергілікті халық таңдайтындықтан олардың ішінен барынша әділ, сауатты, іскер азаматтарды анықтау мүмкіндігі болады. Төртіншіден, ауылдың ауданға, ауданның облысқа тікелей вертикалдық бағыныштылығы шектеліп, басты бағыныштылық өзін сайлаған халықтың алдында пайда болады. Бесіншіден, ауылдар мен аудандарды көркейту, олардың мәселелерін шешу мақсатында әртүрлі бағдарламалар негізінде Үкіметтен бөлінетін қаражаттар алдымен облысқа, одан кейін ауданға емес, электрондық үкімет арқылы бірден ауылға немесе шаруа қожалық иелеріне түсу мүмкіндігі артады.

 

Серік ӘПЕНОВ,

Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті, халықаралық құқық кафедрасының профессоры.