Мәдениет

Туған жерін ән мен жырға бөлеген

Талас ауданының орталығы – Қаратауда ақын Үміт Битеновамен «Қар астындағы жауқазын» атты әдеби-сазды кездесу өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің және Мәдениет саласының үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы, таластық ақын-журналист Үміт Битенованың жаңа кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс орталығынан Республикалық «Жаңару» ҚБ облыстық филиалының төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, облыстық Ардагерлер кеңесінің мәдениет және жастар ісі жөніндегі төралқасының төраға орынбасары, республикалық «Желтоқсан-86» ҚБ аймақ бойынша филиалының төраға орынбасары Исмаил Хаджимұратов, облыстық мәслихаттың депутаты, республикалық jasyn.kz сайтының бас редакторы, журналист Оралхан Дәуіт, Жуалы аудандық мәслихатының төрағасы Зиятхан Бүрлібаев, облыстық мәслихаттың депутаты, Сарысу аудандық кітапхана директоры Айтбала Жолмаханова, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, ата- аналар кеңесінің төрағасы, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Ринат Нұрақбаев, облыстық «Aulieata-Media» ЖШС Бас директоры Данияр Асқарұлы мен орынбасары Алпамыс Қазыбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының өкілі, «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман мен мәдениет саласының үздігі, республикалық «Еңбек ардагері» төсбелгісінің иегері, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров қатысты.

Сахнада өнер көрсеткен балғын өрендер мен жас өнерпаздар «Ұлбике ақын» мәдениет орталығының зәулім залын ақынның шығармашылығымен көмкерді.

Ақын өлеңдерін бірінен-соң бірі мүдірмей жатқа оқыған мектеп оқушыларына көрермендер құлшына қол соқты. Әсіресе, халықаралық «Ұлы дала Рухы» фестивалінің көркем сөз номинациясы бойынша бас жүлдегері Сәттұрсын Алдиярдың мәнерлеп оқу шеберлігі бүкіл тыңдарманды тәнті етті. Өйткені, ол Үміт Битенованың «Өлеңмен күмбез орнаттым» атты элегиялық поэмасын бастан-аяқ жатқа айтты.

Сондай-ақ, Салтанат Оразтай, Сүлеймен Оңалбаев, Нұрсейіт Аяулым сынды оқырмандардың, мәдениет үйі жанындағы «Көңілашар» әншілер тобының орындауында сазгердің «Мені ойлап қам жемеші, ана», «Қыздар-ай, қыздар», «Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Таласым» атты ел аузында жүрген танымал әндері шырқалды.

Ақынның өзі де өлеңдерін оқып, Есенқұл Жақыпбековтің сөзіне жазылған замандас досы Қадырғали Көбентайдың «Өнер адамы» атты әнін орындауы арқылы халқына сырын жеткізді.

Аймағымыздың 85 жылдығына орай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған іс-шараны кітаптың тұсауын кескен ел ағалары қорытындылады.

Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы құттықтап, жерлестерінің атынан Үміт Қыранқызына сый-сияпат жасады.

 

«AULIEATA - MEDIA» – АҚПАРАТ.