Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
Қоғамда ел сенімін арқалаған азаматтардың жауапкершілігі қашанда жоғары. Себебі, билік пен қарапайым тұрғындардың арасында алтын көпір болып жүрген жергілікті мәслихаттың депутаттарын халық дауыс беріп таңдаған. Сондықтан, халық қалаулыларының негізгі міндеті тұрғындардың мәселесін оң шешуге тікелей ықпал ету.
Сондай белсенді депутаттың бірі – Ләйла Жүнісәлиева. Ол жеке кәсіпкер ретінде де табыстың көзін тауып, іскерлігін танытып үлгерген. Тапқан табысын да қалтаға баспай, елінің нағыз патриоты ретінде қоғамдық іс-шараларға демеушілік танытып, ауданның ауқымды жұмыстарына өз үлесін қосудан тартынған емес. Ләйла Жүнісәлиева қарапайым тұрғындардың талабы мен тілегін жауаптыларға нақты жеткізіп, күйіп тұрған өзекті мәселелерді шешу үшін сайлауға түсті. Яғни, мәслихат депутаты мандатына жан-жақты жетіліп, дайын болып келді. Сондықтан атқарып жүрген жұмыстары да ауқымды. Оның халық мүддесі жолындағы белсенді ісі көңіл қуантады. Қордаланған мәселелерге қозғау салып, уақытпен санаспай қарбаласып жүрген халық қалаулысына тұрғындардың талап-тілегі де, айтар алғысы да аз емес.
Соңғы айлардың өзінде Ләйла Маханбетқызының бастамасымен және қолдауымен бірқатар жұмыстар шешімін тауып жатыр. Атап айтқанда, Шу қаласында С.Сейфуллин көшесі толықтай күрделі жөндеуден өткен. Республикалық маңызы бар жолға жақын жерде орналасқандықтан, бұл көшенің жөнделуі орынды. Шу қаласының сексен пайыз көшелеріне асфальт төселді. Сұранысқа байланысты су тартылды. Мұны да депутаттың жауапкершілігі деп түсінген жөн.
Жарықтандыру мәселесі бойынша Алға ауылында жаңадан бағаналар қойылды. Қазіргі таңда электр бағаналарының ескіруі көптеген ауылда өзекті мәселе болып отыр. Алға ауылында бұл жұмыстың шешімін табуы қуантады.
Мәслихат депутаттарының қолдауымен Шу ауданының бірқатар ауылдары мен Шу қаласында балалар ойын алаңдары игілікке берілді. Бұл да – бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің уақтылы демалысын сәтті өткізіп, көңілді күндерінің көп болуына жасалған қадам. Бұл іске де Ләйла Маханбетқызының қосып жүрген үлесі қомақты. Балаларды қолдау – елдің болашағын қолдау. Бүгінгі таңда жеткілікті қамқорлық көріп, жан-жақты жетілген бала ертең Отанын құрметтеп, бағалауға дайын тұрары анық.
Сонымен қатар, учаскелік пункттерді жөндеу жұмыстары да қолға алыныпты. Шу қаласында бейнебақылау камераларының орнатылуын да аудандық мәслихат депутаттары тарапынан жүзеге асқан игілік деп бағалауға болады.
Бұған қоса Шу қаласында орналасқан Теміржолшылар саябағына әжетхана орны белгіленіп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалыпты. Алдағы 2025 жылы бұл мәселелер де шешімін табатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл Республика күні мерекесіне орай Ләйла Маханбетқызына «Шу ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Жоғарыдағы белсенді жұмыстары арқылы Ләйла Жүнісәлиева үшін бұл лайықты марапат деп айта аламыз. Бұл ел сенімін ақтау жолындағы жанкешті еңбектің жемісі.
Ләйла Маханбетқызымен тізе қосып еңбек ететін өзі секілді әріптестері де аз емес. Соның бірі – Шу аудандық мәслихатына №6 сайлау округінен сайланған депутат Ұлжан Оспанова.
Жуырда Қонаев ауылындағы бірқатар көшелердегі (Абылайхан, Ататүрік, А.Байтұрсынов, С.Оңласынов, Қонаев, Бөлтірік, Достық, М.Жұмабаев, Ө.Дулат, Смайыл көшелері) трансформаторларды Шу АЭЖ қызметкерлері тұрғындардың сұранысы бойынша толық қарап тексеріп шыққан. Тексеру нәтижесінде қоршаудың қажеттілігі жоқ екені анықталыпты. Бұл тексеріс Ұлжан Оспанованың депутаттық сауалы бойынша жүзеге асып отыр.
Сонымен қатар, №6 сайлау округінен сайланған депутат Ұлжан Оспанова «Бірлікүстем – Шу – Қонаев» бағыты бойынша қоғамдық көлік қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Мінберден айтылған батыл сын сөз күйінде қалған жоқ. Нәтижесінде бүгінгі таңда «Бірлікүстем – Шу – Қонаев» бағыты тұрақты қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілді.
Депутат Ұ.Оспанова көпбалалы отбасыларға да жеке қаржысы есебінен қолдау көрсетуде. Бұл да халық қалаулысының ана мен балаға айрықша қамқорлығын, елдің әлеуметтік жағдайына назар аударатынын көрсетсе керек.
Сонымен қатар, Ұлжан Оспанова Шу ауданындағы мектептердің біріне директор ретінде де жұмысының жемісті екенін көрсетіп келеді. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы жұмыстары өте қомақты. Бүгінде депутаттың жұмыстарына сайлаушылардың сенімі артып, көңілі толуда. «Бізді сайлаған халық, қарапайым тұрғындар. Сондықтан, халық тілегі үнемі назарымызда тұруы тиіс. Мен осыны есімнен шығармаймын», дейді ол.
Депутат алдағы уақытта да тұрғындардың мәселесін тұрақты назарынан шығармай, жұмысын жандандыратыны анық. Біз де халық қалаулыларының қалтқысыз еңбегіне сенеміз.
Есет ДОСАЛЫ