Жаңашыл жобалар жемісті жалғасуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Amanat партиясының бірқатар бастамаларына қолдау білдіріп, оны жүзеге асыруды тапсырды. Бүгінгі күні партия мүшелері жер-жерде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды қолға алды. Бұл іс-шараға Amanat партиясының Шу аудандық филиалының да қосып отырған үлесі ерен.
Шу аудандық филиалының төрағасы Болатхан Ниязбековтің айтуынша, ауданда тіркелген 4564 партия мүшесі 28 бастауыш партия ұйымындағы 148 топқа біріктірілген. Партия мүшелерінің барлығы электрондық дерек қорына енгізілген. Бүгінгі күні 4564 партия мүшесінің 361-і зейнеткер, 244-і жұмыссыз азамат болса, 217-і бала күтімі бойынша ақысыз демалыста отырған аналар, ал 12-і мүмкіндігі шектеулі азамат. Биыл ауданда партия қатарына 136 адам қабылданған.
Ал, «Қарызсыз қоғам» жобасы да ауданда табысты іске асырылуда. Шу қаласы мен жоба жүзеге асқан барлық ауылдық округте 734 адам арнайы курстан өтіп, сертификаттарын алған. Бұдан бөлек, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың аумақтық Жол картасы аясында 60 іс-шара қамтылған. ІІІ тоқсан қорытындысымен жүргізілген талдау нәтижесі бойынша 60 іс-шараның 50-і (83,3%) орындалған, 10-ы (16,6%) орындалуда. Биыл депутаттық фракция отырысында аудан әкімінің есебі тыңдалып, талқыланған.
Өткен тамыз-қыркүйек айларында партияның «Балаларды мектепке даярлайық!» республикалық акциясы іске асырылды. Бұл акцияға депутаттар, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен кәсіпкерлер жұмылдырылған. Нәтижесінде акция аясында 128 балаға мектепке қажетті формасы мен оқу құралдары, арнайы кеңсе тауарлары алып берілді. Аталған акцияға барлығы 4 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Сонымен бірге, тұрғындарға ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында сайлауалды бағдарламадағы облыс бойынша жоспарланған шаралар мен көрсеткіштер бейнеленген 4 билборд орналастырылған.
Amanat партиясының Шу аудандық филиалы «Жастар Рухы» жастар қанатының 396 мүшесі бар. Жастар қанаты жыл басынан бері 27 іс-шара өткізіп, оған 752 жас қатысқан. Оның ішінде жастарға кеңес беріліп, бос орындар жәрмеңкесі, колледждердің жатақхана мәселелері бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «қауіпсіз аула» акциясы мен «Qaisar» жобаларын іске асырды. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша жастармен Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу, «Бақытты отбасы» жобасы бойынша халықаралық әйелдер күні қарсаңында құттықтау, балалар күнінде асфальтқа сурет салу сынды іс-шаралар ұйымдастырылған.
Партия жұмысын ақпараттық сүйемелдеу бойынша партия аудандық филиалының фейсбук және инстаграм парақшаларында жыл басынан бері 430 материал жарияланған.
Марат ҚҰЛИБАЕВ