Аймақ

Барлығымызды туған жер біріктіреді

Сәкен АРУБАЕВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Бұл біздің ортақ мерекеміз. Біз өз өлкемізді, оның тарихын, басты байлығы – еңбекқор халқы мен талантты азаматтарын мақтан тұтамыз.

Мен Мойынқұм ауданының тумасымын. Осы жылдар ішінде Жамбыл облысы әкімінің аппаратын, Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқардым. Еңбек жолымның басым бөлігі Мойынқұм, Жамбыл, Шу аудандарында өтті. Осы аудандардың әкімі ретінде маған коммуналдық шаруашылық мәселелеріне, инфрақұрылымды жақсартуға, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қатысты бірқатар басым міндеттер жүктелді. Халықты қолжетімді баспанамен, табиғи газбен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, көлік-логистикасын дамыту біздің басты басымдықтарымыз болды. Агроөнеркәсіптік бағытты және өңірлердің бар әлеуетін ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінді. Жайылымдық жер беру мәселесі тұрақты бақылауда болды.

Осы еңбек жолымның барысында маған сенім білдірген аудан және ауыл тұрғындарына алғыс айтамын. Әкімдіктің басқармаларымен бірлесе отырып, өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істедім. Аудан тұрғындарының, кәсіпорын, ауыл шаруашылығы ұйымдары басшыларының қолдауы, ауыл тұрғындарының адал еңбегінің арқасында құрылыс қарқынды жүргізіліп, инфрақұрылым мен коммуналдық шаруашылық дамыды. Ауылдың көркеюіне жерлестерінің қамын жейтін меценаттардың да қосқан үлесі зор. Барлығымызды туған жерге деген сүйіспеншілік біріктіреді.

«Есті мемлекет» тұжырымдамасы бізбен барынша ашық жұмыс істеуді, халықпен жиі кездесіп, тұрғындардың түйткілді мәселелерін жергілікті жерде шешуді талап етті. Тұрғындар өз тарапынан облыс игілігі үшін ортақ мәселелерді шешуге зор қолдау көрсетті. Ауыл өмірін жақсы жаққа өзгерту үшін бірлесе отырып талай істер атқардық.

Осы уақыт аралығында жамбылдықтар барлық салада жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Жамбыл өңірінің тұрмысы жылдан-жылға жақсара түсуде. Мерейтойды тойлағанда мұнымен тоқтап қалмай, күнделікті еңбекпен жаңа мақсаттарға жетуге ұмтылу өте маңызды. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту, экономикалық әлеуетті арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр.

Өлкеміздің шежіресіне есімдерін жазып қалдырған қаншама тамаша тұлғалар өлкемізге абырой мен құрмет әкелді, түрлі саладағы жетістіктерімен асқақтатты. Әрқайсымыз туған жеріміздің тағдырына тікелей қатысты екенімізді сезініп, шағын Отанымыздың игілігі үшін өмір сүріп, еңбек етуіміз маңызды.

Өңірдің өмір сүрген жылдарында қол жеткізген барлық жетістігі өңір тарихына жазылып, облыс мәртебесі арта берсін деп тілеймін. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар барлық салада табысты жүзеге асырылып, оның игілігін ел көре берсін! Ең бастысы, туған жерімізбен мақтанатын себептер көп болсын!