Адал еңбектің алтын бесігі
Барша адамзат баласы тіршілік ете бастаған сонау ықылым заманнан бері қаншама ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болған өлке – Жамбыл өңірі. Қойнауы қазынаға толы осынау аймақ мал бағып, егін еккен шаруа қазақ үшін қашанда қасиетті саналады. Бұл күнде екі мың жылдықтан астам тарихы бар Тараз шаһары көненің көзі, тарихтың өзі. Заманында Әулиеата аталған облысымыздың құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында аймақта талай тарихи оқиғалар мен өзгерістер орын алып, ұлт тарихының елеулі кезеңі қалыптасты. Тәуелсіздік жылдары тұтастай Әулиеата өңірі мен Тараз қаласы қайта түлеп, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Жалпы, бүгінге дәстүр-салтын берік сақтаған жамбылдықтар қай кезеңде де білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық пен спорт сынды салаларда өзгелерден қалыс қалған емес.
Ал, өңіріміздің еліміз бойынша алдыңғы қатарда болуына атсалысып, аянбай тер төккен тұлғаларымыз жетерлік. Мұндай азаматтар еңбегімен ғана емес, ақыл-парасатымен де халқымыздың мақтанышына айналды.
Мәселен, ақ адал еңбегімен өзіне мәңгілік ескерткіш орнатқан атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевты білмейтін қазақ кемде-кем. Өйткені, Жаз- атаның қасиеті мен қадірі көзі тірісінде де, одан кейін де ел арасында аңыз болып тарады. Келмеске кеткен КСРО-ның күш- қуатын нығайтып, даңқын шығарғаны үшін берілетін ең жоғарғы құрметті атаққа екі рет ие болған қария кісілігіне де дақ түсірмеген асыл азамат еді. Осы себепті, оның есімі еңбектің биік тұлғалары – диқан Ыбырай Жақаев пен шаруашылық басшысы Нұрмолда Алдабергеновтің қатарында тұрады.
«Еңбек – денсаулық пен бақыт кепілі», – депті Жазылбек Қуанышбаев. Шын мәнінде, еңбек оған бақыт әкелді. Көзі тірісінде-ақ қазақтың Шопан атасы атанған ардақты ақсақал сайын далада малымен бірге көшіп-қонып жүріп, қаншама қиыншылықтарды, ұйқысыз түндерді бастан кешірді десеңізші. Өзі еңбек еткен жылдары мемлекетке мыңдаған тонна қой етін, тау-тау болатын алтын жабағы жүн, әсем ғажап қаракөл елтірілерін тапсырды. Жазылбек Қуанышбаевтың отарынан апарылған көздің жауын алатын елтірілерді халықаралық көрмелерден, жәрмеңкелерден, аукциондардан миллиондаған келушілер көрді. Ол өндірген елтірі Делиде де, Бухаресте де, Познаньда да, Нью-Йоркте де экспонатқа қойылды. Ол өсірген қозылардың елтірілерінің сапасы жөніндегі даңқ бүкіл дүние жүзіне мәлім болды. Көңілі жаз, өмірге үнемі ғашық жүрекпен қараған ол отыз жылдан астам еңбек еткен жылдары талай рекордтар жасағанын бір қауызға сыйдырып айту мүмкін емес.
Қуанарлығы, мойынқұмдық Шопан атаның тәжірибесін үйренушілердің арта түсуіне байланысты бір ғана біздің облыста екі жүздей жазылбекшілер мектебі жұмыс істеді. Еңбегімен ер атанған азамат ешқашанда ауылдастарынан алыстамаған, «төр менікі» деп көкірек қақпаған. Кеңес өкіметінің жақсысы мен жаманын да халқының дәулеті үшін пайдалана білген. 1967 жылы зейнетке шыққаннан кейін ауданда озық тәжірибе мектебін ашып, сонда еңбек етті. Тәжірибесін жүйелеп, жастарға ұсынды. Шәкірттері – Социалистік Еңбек Ерлері мен орденді шопандар Ділдаш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, Дүрдімұрат Нұрғалиев, Манаткүл Мұсатаева, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Нұржамал Туғанбаева, тағы да басқалардың табысқа жеткізген еңбек нәтижелерін үнемі алға тартып, үлгі етіп отыруды да ұмытпады. Жазылбекшілер мектебінің жастары Шопан атаның ақыл-кеңестерін тыңдай отырып, бойларына ізгілік пен адамгершілік нұрын құйды. Жаз-атаның мінезінде өзіне ғана тән жарасымды аңғалдық болғанын ауылдастары мен ол кісімен бірге қызметтес болған замандастары бүгінгі күнге дейін жыр етіп айтады. Ендеше, үлкеннің де, кішінің де алдында өзін «бетегеден биік, жусаннан аласа» ұстаған Жаз-ата ел есінде ісімен де, аталы сөзімен де, аңғал, ақжарқын мінезімен де мәңгі қалатыны сөзсіз.
Еңбектің тайқазанын тасытып, осылай Еңбек Ері атанған Жаз-атаның ізін жалғаған жерлестеріміз баршылық, әрине. Бірер жыл бұрын белгілі композитор, көрнекті жазушы, өнер зерттеушісі, суретші Илья Жақановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы беріліп, жерлесіміз кеудесіне «Алтын жұлдыз» орденін таққанына көпшілік куә. Илья ағаның кіндік қаны тамған жері Сарысу ауданының Ақтоғай ауылының маңындағы Көлмекөл екені анық. Десе де, ол соңғы жылдары Атырау қаласында тұрады. Музыка корифейін мемлекеттік наградамен марапаттау рәсімінде Президент Қасым- Жомарт Тоқаев: «Илья Жақанов – қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы» деп атады. «Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Қазақстанның Еңбек Ері атанды», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Шын мәнінде, бұл – «Ән іздеген Асан Қайғыға» берілген лайықты баға.
Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтерген Асанәлі Әшімов сомдаған бір ғана Бекежан рөлі нағыз актерлік шеберліктің үлгісі іспетті. Қазақ өнерінің тау тұлғасы ұлттық сахна өнерінің өркендеуіне мол тәжірибесімен, абырой-беделімен елеулі үлес қосты. Әйгілі актердің: «Адамға көзі тірісінде құрмет көрсетілуі тиіс», – дегені бар. Сан салалы шығармашылық өнердің саңлағы сексеннің сеңгіріне шыққанда Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Айта кетейік, көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұлағатты ұстаз, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Халықаралық фестивальдердің бірнеше мәрте жүлдегері, «Отан» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі ретінде де танымал.
«Әдебиеттің Әкімі» атанған заңғар жазушы Әкім Тарази – жазушы әлемінде өте сирек кездесетін тұлға. Анығында, оның қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жалпы, ол қалада болып жатқан дүниелер, яғни урбанизация туралы жазды. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазушысы Орхан Памукқа ұқсағаны да рас. Қазақ драматургиясын биікке көтерген тұлғаның прозасы бір бөлек. Естеріңізде болса, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталған еді. Олардың қатарында көркемсөздің аса көрнекті өкілі, қазіргі таңдағы ұлт руханиятының ұстыны бөлек абызы – Әкім Таразидің болуы заңдылық.
Жалпы, әлем алдында Қазақ елінің намысын қорғаған саңлақ спортшылардың дені осы Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан. Солардың бірегейі – Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. 1980 жылдың 22 шілдесінде шешуші айқаста болгар Павел Христовтан басым түскен жампоздың өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Грек-рим күресінен 29 жасында Олимп шыңын бағындырған тұңғыш қазақ баласы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров жайлы жазатын дүние көп-ақ. Алайда, біз бүгін оның еңбекқорлығын ғана атап өткенді жөн көрдік.
Қазақстанның Еңбек Ері атанған жерлестеріміздің қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров пен педагог Аягүл Миразова да бар. Айта кетейік, Аягүл Төреқызы осынау мемлекеттік наградаға қол жеткізген білім саласындағы алғашқы адам. Ал, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы болған марқұм Сайрамбай Дөненбаев тынымсыз еңбегінің арқасында даңққа бөленген жан еді. Кезінде құландық азаматты Әулиеата жұртшылығы ғана емес, барша қазақ жомарт жүректі адам ретінде таныды. Оның жомарттығы туралы әңгіме ел арасында жиі айтылды. Әсіресе, ол туған ауыл тұрғындары «Сайрамбайдың сансыз жылқысы», «Сайрамбайдың саумалы», «Сайрамбайдың сабантойы» деп әсірелеп әңгіме айтатын. Мұның бәрі де еңбегімен еленіп, табандылығымен тұлғаланған азаматтың, ел ішінде жиі айтылатын «Сайрамбай салған соқпақтың саралығында» болған секілді. Құланның қоңыр даласын малға толтырған ол өзінің еңбек жолын қарапайым шопанның көмекшісі болып бастаған екен.
Әлбетте, бір ғана мақалада әр салада жетістікке жеткен жамбылдықтар туралы кеңінен сөз қозғау мүмкін емес. Біз бүгін туған жерін гүлдендіріп, перзенттік пейілін танытқан танымал азаматтарға ғана тоқталдық. Атап өтерлігі, кейіпкерлеріміз өмірде өзінің өнегелі іс-әрекетімен, халыққа жасаған жақсылығымен, адал еңбегімен, тазалығымен, жоғары деңгейдегі адами қасиеттерімен халық жүрегінен орын алды. Осы себепті, болмысы бөлек тұлғалардың есімдері тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары анық. Ал, «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған алдағы уақытта өңірімізден Еңбек Ерлерінің ізбасарлары көптеп шығады деп сенеміз.
Есен ӨТЕУЛІ