Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек басқарманың 9 айында атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Оның айтуынша, бекітілген ережеге сәйкес басқарма өзінің жұмысын екі функционалдық бағытта, яғни бюджетті атқару және коммуналдық меншікті басқару бойынша жүзеге асырып келеді. Ал оның негізгі міндеттеріне бюджетті атқару саласындағы функцияларды жүзеге асыру, бухгалтерлік есеп, бюджеттік есеп және жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша есептілікті жүргізу жатады.
Жалпы, аудандар мен Тараз қаласы бойынша қаражаттардың игерілуі 95,1 пайызды құраған, бірақ ол облыстық көрсеткіштен төмен болып қалыптасып отыр. Ал жергілікті бюджеттер шығыстарының орындалуы бойынша аймақта төмендегідей көрсеткіштер қалыптасып отыр. Атап айтар болсақ, Т.Рысқұлов пен Мойынқұм аудандары бойынша – 100, Таласта – 98,1, Сарысуда – 97,4, Жамбылда – 96,8, Шуда – 95, Жуалыда – 94, Меркі және Байзақ аудандары бойынша – 92,3, Қордайда – 91,2, ал Тараз қаласында – 95 пайызды құрап, облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша қаражаттар 98,5 пайызға игерілген.
Баяндамашы қаржының игерілуімен қатар басқа сала лардағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, баспасөз мәслихаты соңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ