Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында мемлекет қаржысының тиімді жұмысалып, мақсатты игерілуіне баса мән бергені белгілі. Сонымен қатар, қаржыны мемлекетке пайда әкелетін инвестициялық жобаларға салу жайын да назардан тыс қалдырмады. Президент Жолдаудың екінші бағытында «инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды» екенін ерекше атап өтті.
«Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ- көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс» деді Президент Жолдауында. Президент тапсырғандай, бюджеттік қаржылардың жұмсалуын бақылау – атқарушы органдардың маңызды міндеті. Осы бағытта жұмысын үйлестіріп, қызметін жүргізіп отырған облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындауымен ерекшеленуде.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, өңірдің осы жылдың қаңтар- қыркүйек айларындағы экономикалық өсімі 103,7 пайызды құраған. Ол өсім аймақта жүргізілген құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілген.
Тағы бір атап өтерлігі, Президент Жолдауында «Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан, бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды- солды шашуды доғару керек. Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар, әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда, кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет» дей келіп, ішкі капиталды дамытуға көңіл бөлді.
Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы саласында 9 айда 348 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Ал мал шаруашылығының өнімі 135,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,8 пайызға артқан. Негізгі капиталға 328,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 1,7 пайызды құрап отыр.
Бүгінгі таңда құрылыс саласында да даму қарқыны байқалады. Есепті кезеңде 212,3 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізілген. Ал, өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары аясында биыл 750 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Есепті кезеңде 513,3 мың шаршы метр немесе тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға артық тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 68,4 пайызға орындалған. 9 айда бюджет қаражаты есебінен 664 пәтерлі 15 үй, оның ішінде 148 пәтерлі 3 жалға берілетін, 516 пәтерлі 12 кредиттік үй, ал жеке қаражат есебінен 931 пәтерлі 24 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталған. Өңірлер бөлінісінде Мойынқұм ауданынан басқа барлық өңірлерде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артқан.
Соңғы уақытта сауда айналымында да өсу динамикасы байқалады. Атап айтар болсақ, сауда айналымы 690,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 3,8 пайызға, көтерме сауда 0,1 пайызға өскен.
Көлік қызметтері 441,6 миллиард теңгені құраған. Жүк тасымалдау – 9,6 пайызға, жүк айналымы – 5,3 пайызға, жолаушыларды тасымалдау 14,1 пайызға, жолаушы айналымы өткен жылдың тиісті деңгейінен 18,7 пайызға артқаны байқалады.
Қорыта айтқанда, облыста бірқатар салаларда өсім динамикасы қалыптасып, бюджет қаржысының игерілуі талапқа сай жүргізілуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ