Спорт және туризм

Спорт кешені пайдалануға берілді

Ауылды жерлерде спортты дамыту – басты міндет. Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылының түлегі Айтжан Әшімханов өз қаражатына заманауи әмбебап спорт кешенін салып, оны жергілікті тұрғындарға сыйға тартты.

Бұл спорт кешенінің іргетасын алты жыл бұрын атақты балуан, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров қалаған. Кешен жергілікті тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Символдық қызыл лентаны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен Жақсылық Үшкемпіровтің жары Күлпан Мұқашқызы қиды.

Кешеннің құрылысымен «Автономды Энерго кешені» ЖШС айналысқан. Кәсіпорын директоры Нұртас Найманбай салтанатты жағдайда ғимараттың символдық кілтін Айтжан Әшімхановқа табыс етті. Ауыл әкімі Данияр Сандыбаев тұрғындар атынан меценатқа тұлпар сыйлады. Құны 190 миллион теңге болатын спорт кешені 800 шаршы метрді алып жатыр және бір уақытта 80 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда ауыл балалары футбол, волейбол, баскетбол, күрес және басқа да танымал спорт түрлерімен айналысады.

 

«Aq jol»-Aqpаrаt.