Жаңалықтар

Жолдардың жағдайы жақсарып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық екенін атап өтті. «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан, көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ, тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн», – деді Президент Жолдауында. Бұл бағытта облыста көлік-логистикасын жақсарту бағытында қолға алынған жоспарлар мен атқарылған жұмыстар да баршылық.

Жалпы, облысымызда автомобиль жолдарының ұзындығы – 4358, елді мекен көшелерінің желісі – 5726 шақырымды құрайды, оның 1194-і республикалық, 1756-сы облыстық, 1408-і аудандық маңызы бар автомобиль жолдары болса, 5726-сы елді мекендер көшелерінің желісі.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биылғы соңғы бюджет нақтылауын қоса алғанда өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 25,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат есебінен 16,5 шақырымды құрайтын көше жолын, бір көпірдің құрылысы мен 3 шақырым жолды қайта жаңғыртудан, 671 шақырым жолды орта жөндеумен өткізу жоспарланған. Бүгінде жол жөндеу бойынша жоспарланған 356 жобаның 302-іне асфальт жабыны төселсе, 54 жоба іске асырылу үстінде. Ал, жол саласына бөлінген қаражат ішінде жалпы 2,3 миллиард теңге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталған.

Ал, жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін, «Жол активтері ұлттық сапа орталығына» бүгінгі таңға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңге бөлініп, жобаларды сараптамамен қамту үлесі 100 пайызды құраған. Жалпы, жасасқан келісім-шарттар шеңберінде жыл басынан жөнделетін автожолдар бөлімдерін бірлесіп тексеру кестесіне сәйкес, Сапа орталығымен 228 жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 962 сынама алыныпты. Оның қорытындысында, 538 сынамада сәйкессіздіктер мен 5 ескерту мен кемшілік анықталып, жұмыс тәртібінде жою бойынша шаралар қабылдануда екен.

Бүгінгі күні автомобиль жолдарын қыс айларында күтіп-ұстау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облыста жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың ұзындығы – 3164 километрді құраса, оның 1756 километрі облыстық, 1408 километрі аудандық маңызға ие автомобиль жолдары. Бұл жолдар қазіргі таңда қыс мезгілінде күтіп-ұстауы бойынша жауапкершілік жауапты мердігерлерге жүктелген.

Жалпы, жергілікті маңызы бар жолдарды және Тараз қаласының көшелерін осы жылдың қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 420,8 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға тартылған 22 мердігермен келісім-шарт жасалып, 234 техника дайындалған. Бұдан бөлек, бірқатар аудандарда қыс айларында жолды күтіп-ұстауға арналған жаңа техника алу үшін қаржы да қаралған. Мәселен, Қордай ауданында бір бульдозер және екі «КДМ» арнайы техникасы, Тараз қаласында екі «АМКОДОР» 37/37-01» маркалы қар жинау техникасы алынған. Ал, Жуалы ауданында құны 68000 теңге тұратын «КДМ-КАМАЗ» арнайы техникасын алуға мемлекеттік сатып алуға конкурс жарияланған.

«Бүгінгі таңда, қысқы күтіп ұстауға облыс көлемінде жоспардағы 22 200 тонна құм, 2540 тонна тұз дайындалды. Сондай-ақ, қажеттілікке байланысты жол құрылысына бекітілген компаниялар автогрейдер мен қар тиегішті жалға алу үшін «Айя Сервис», «Тараз Көлік Жолы» және «Арай Строй Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісім-шарт жасалған. Сондай-ақ, қар тазалау бригадалары тәулік бойы 2 ауысымды кестемен жұмыс атқаруға дайын», – дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ