Әдебиет

Жастық шақтың жаршысы

Ертеңін ойлаған ел қашанда мәдениетін мәпелеп, руханиятына аса жанашырлықпен қараған. Себебі өнер мен білім, тіл мен діл өркениеттің негізгі діңгегі саналады. Осы бағытта елімізде жас ақын-жазушыларды, шығармашылық иелерін қолдау ісі кешенді түрде жалғасын тауып келеді. Бұған Алматы қаласында «Абай» баспасынан 155 кітаптың жарық көруі айқын дәлел бола алады. Аталған шығармалардың ішінде әріптесіміз, жас ақын Арайлы Жақсылықтың толықтырылып, қайта басылған «J.A.S» атты кітабы да бар.

Жастайынан шығармашылыққа жаны жақын болып өскен қалам иесінің аталмыш туындысы 2021 жылы алғаш туған жері Әулиеата топырағында жарық көрген. Ал, жинақтың алғысөзін жергілікті жастардың жанашыры болған жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Не сіпбек Дәут айұлы жазған болатын. Жалыны шарпыған жастық шақтың, нәзік сезімін тазалықпен жырлаған автор жинағында балалық шақтың тәтті естеліктері де сақталған. Бұл жайында ақынның өзі кітаптың алғашқы тұсаукесерінде: «Кітабымның аты «J.A.S» деп аталуының да өзіндік себебі бар. Оның мағынасы Жақсылық Арайлы Серікқызы дегенді білдірсе, тағы бір мағынасы – кәдімгі көз жасы дегенді немесе адамның жасы дегенді де білдіреді. Осы тақырыптың өзінде менің балалығымның тәтті елестері, 25 жасқа дейін кешкен күйлерімнің беймезгіл сәттері барлығы сыйып тұр деп ойлаймын», – деп ой бөліскен еді.

Араға аз уақыт салып республика көлемінде жарық көрген жинақ ендігіде баспа арқылы еліміздің барлық аймақтарына тарайтын болады. Жас ақындар туындыларының тұсаукесерінде сөз сөйлеген «Абай» баспасының директоры, ақын Ақберен Елгезек мұндай бастамалардың жас шығармашылық өкілдері үшін үлкен қолдау екендігін атап өтті.

Салтанатты жиынға Смағұл Елубай, Дидар Амантай секілді белгілі қаламгерлер қатысып, Мұхтар Шаханов жаңа жинақт ардың тұс ауын ке сті. Айта кетейік, Арайлы Жақсылық бүгінде жергілікті шығармашылық өкілдерін бір ортаға тоғыстырған «Авангард» поэтикалық жобасының авторы ретінде де танымал. Жыл сайын жыр сүйер қауымның басын қосуды әдетке айналдырған әдеби кеш биыл да 28 қарашада «Құс жолындағы құштарлық» тақырыбымен жалғасын таппақ. Әріптесімізге жемісті бастамалар мен шығармашылық табыс тілейміз!

 

Нұрболат АМАНБЕК