Қоғам

Халыққа берері көп жоба

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өңіріміздің аудан, қалаларында тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру бойынша дәрістер ұйымдастырылуда. Осы уақыт аралығында облыстың жүздеген тұрғыны арнайы бағдарламаға қатысып, сауаттылығын арттырған. Жобаның мақсаты – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға ынталандыру, азаматтардың сапалы қаржылық кеңестер алуына жағдай жасау.

Байзақ ауданының Үлгілі ауылында тұратын Гүлназ Ратаеваның отбасы кәмелеттік жасқа толмаған 4 балаға берілетін 55 мың теңге жәрдемақыға күн көріп жатыр деуге болады. Бес баласы бар ананың тұрақты жұмысы жоқ, жұбайы да жұмыссыз. Соған қарамастан екінші деңгейлі банктерден жалпы көлемі 5 миллион теңгеге жуық алты несие рәсімдеген. Барлық несиелері бойынша бір жылдан бері төлем жасауды кешіктіріп келген. Өзінің айтуынша, аталған қаражатты отбасы шығындарын жабу үшін алуға мәжбүр болған. Тығырыққа тірелген соң «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, қаржылық сауатын жетілдірген Гүлназға сарапшылар банкроттыққа құжаттар жинауға көмек көрсетті.

Жобаның қаржылық сарапшылары несие бойынша төлем қабілеттерін жоғалтқан көптеген азаматтарға қолдау білдіріп, көмек қолын созып келеді. Олардың қатарында Жуалы ауданынан Дина Маемерова, Эльнира Өмірбекова және Рәткүл Бижігітовалар да бар. Көпбалалы ана Динаның мойнында бірнеше айдан бері төленбеген үш несиесі болса, Эльнира мен Рәткүлдің әрқайсысы банкке екі несие бойынша қарыз болып шықты. Алғашқы екеуінің айлық жалақысы небәрі 85 мың теңге, үш-төрттен балалары бар және жұбайларының жұмысы жоқ. Сөйте тұра, мәжбүрліктен және қаржылық сауаттарының жоқтығынан қарызға кіріп кеткен. Балалардың оқуына деп несие рәсімдеп, алайда оны уақтылы төлей алмаған Р.Бижігітованың банк алдындағы қарызы 1,5 миллион теңгеге жеткен.

«Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы жөніндегі сарапшылары жоғарыда аты аталған азаматтардың жағдайын зерделей келе, оларға мүмкіндігінше көмек көрсетті. Мәселен, Д.Маемерованың есепшотына салынған тыйымды алып тастап, бір қарызы бойынша ай сайын 10 мың теңгеден төлем жасайтын жаңа жеңілдетілген кесте жасауға қол жеткізді. Сондай-ақ, Э.Өмірбекова мен Р.Бижігітованың да ай сайынғы қарыз төлемін азайту бойынша жұмыстар жүзеге асырылды.

Жоба курстарының ерекшелігі сол, тапқан табысты артық шығындарсыз тиімді жұмсау арқылы қарыз бен несиеге ұрынбау жолдарын көрсетіп, ел азаматтары көп мән бермейтін қателіктерді жібермеуге үйретеді. Демек, атаулы жобаның шынымен де халыққа берері көп деуге болады.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП