Әлеумет

Баланың бас ұстазы – ата-ана

Бала тәрбиесі — бүгінгі күні қоғам талқысынан түспеген, өзектілігін жоймайтын тақырыптың бірі. Өкінішке қарай елімізде баланың тәрбиесіне мектеп пен педагогтер жауапты деген түсінік бар. Алайда, баланың түздегі мінезі бір бөлек, үйдегі халі бір басқа. Оның түзде де, үйде де бір қалыпта болып, айналасына зиянын тигізбейтін азамат болып өсуіне ең әуелі ата-ана берген тәлім өзек болатынын бүгінгі бала психологиясымен айналысатын мамандар айтып-ақ жүр.

Елімізде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жақсарту жолын негізгі бағытына айналдырып, саналы ата-аналар шоғырын қалыптастыруды қолға алған қоғамдық негіздегі ұйымдар баршылық. Соның бірі – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Басты миссия – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білім-дағдыларын көтеру. Осы бағытта ұйым нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Бұған жуырда аталған бірлестіктің облысымыздағы филиалы ұйымдастырған «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында өткен ата- аналар қауымына арналған үш күндік семинар-тренинг мысал бола алады. Ұзын саны 85 ата-ананың басын қосқан маңызды семинардан өңірдегі колледждердің ата-аналар комитетінің төрағалары тың ақпарат, мол мағлұмат алып қайтты десе болады. Алғашқы күні «Сенімен болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы Таразға арнайы табан тіреп семинарға қатысушыларға арнайы тренинг өткізді. Ал, екінші күні облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары «Буллинг пен кибербуллинг», «Бала агрессиясы» тақырыптарын қаузады. Екінші топқа «Сенімен болашақ» РҚБ психологтар академиясының жетекшісі Әсем Жұмағалиқызы арнайы келіп, ата-ана мен бала қарым-қатынасы жайлы жеті модульден тұратын семинар-тренинг өткізді. Ал, үшінші топқа ұйымның Павлодардағы филиалының басшысы Хызыр Жанарыс «Саналы ата-ана» тақырыбында дәріс өткізді.

Шараға қатысушы ата-аналар комитетінің мүшелері де тренингтен тәлімі мол, тың ақпарат, бала тәрбиесінде пайдалануға болатын нәтижелі әдістермен танысып, өз уақыттарының сапалы өткеніне ризашылықтарын білдірді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ