Әлеумет

Қайда кетіп барамыз?

Зер салсаңыз, қазіргі қоғамда көптеген өзгерістердің тынымсыз жүріп жатқанын байқайсыз. Уақыт шіркін, барлығын өз икеміне көндіріп жатыр. «Заманына қарап күлкісі, тауына қарап түлкісі» деген қазақтың сөзі еріксіз еске түседі. Жан-жағыңа қарасаң, барлығы ғылыми-техникалық прогрестің жемісі, өркениеттің көрінісі. Көшеге сыймай ерсілі-қарсылы зулаған машиналар, күндіз-түні компьютер алдында сағаттап тапжылмай отырған адамдар, жан-жағына бір сәт қаратпайтын, мойын бұрғызбайтын қалта телефонына үңілген жастар мен қарттар. Кейде осы айналамызда болып жатқан құбылыстарды ой елегінен өткізе отырып, «Ой, қайран заман-ай!» деп таңғалыс білдіресің.

XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында өмір сүрген, «Утопия» деген еңбек жазған ғалым, философ Томас Мордың пайымы бойынша даму жолына түсеміз деп алға қарай жылжыған сайын адамзат табиғилығынан айырыла бастаған. Томас Мордың «Утопия аралының» мағынасы – «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған арал». Бақытты елді, оның тамаша қалаларын, гүлденген даласы, ғажап тәртіптері мен заңдарын әшекейлеп, суреттеп жазады. Утопияда бірін-бірі қанау жоқ. Барлық адам еңбек етуге міндетті. Оларда азық- түлік мол, өйткені онда еңбек етпейтін жалқаулар, енжарлар, тоңмойындар жоқ. Арал тұрғындары ғылыммен, өнермен, спортпен айналысады. Утопия тұрғындары үйлерінің есіктері әрқашан да құлыпсыз, ашық тұрады, олар ұрлықтан еш қауіптенбейді. Томас Мордың идеясы барлық адам тең өмір сүретін қоғам құру болды. Өзінің арманындағы бақытты елдің өмірі мен мемлекеттік құрылымын елеп-екшеп, дәлелдермен жазды. Бірақ, оны жүзеге асыру қиял еді.

Қазақтың классик жазушысы Тәкен Әлімқұловтың әңгімелері мен хикаяттарын чех тіліне аударып жүрген сол елдің жазушысынан бірде Тәкен ағамызға хат келеді. Онда: «Сайын далада отырған елдің есіктеріне құлып салудың не екенін білмеуі, жол жүрген жолаушының жолында кездескен үйге, адамы болмаса да өз үйіндей емін-еркін кіріп, үйде бар тағамын жеп, сусын ішіп, шөлін басып, ине-жібіне де тимей, қолданған ыдыс-аяғын жуып-тазалап, қайталап өз орнына қойып, өз жөніне кете беретіндігіне «Бұл қандай пейілі кең дархан халық?!» деп таң болдым», – деп таңғалысын білдіріпті. Иә, бұрынғының қазағы сондай болған! Чех жазушысының алдында қазақтың беделін көтерген қазақтың болмысы осындай еді!

Әлі есімізде, кеңестік заманда марксизм-ленинизм ілімінде де әлемде барлық адамдар тең, бақытты өмір сүретін коммунизм жайлы жиі айтылатын. Тіпті, еліміздегі компартияның серкесі Н.С.Хрущев 1960 жылдары «Қазіргі ұрпақ коммунизмде өмір сүретін болады» деп бүкіл әлемге даурыға жариялап, көпшілікті сендірді. Бірақ, оның көпірме бос жел сөз екенін, орындалмайтын қиял екенін уақыт көрсетті. Адамзаттың бәрі бірдей ақыл-ойы, қабілеті, іскерлігі, дүниеге көзқарасы, ішкі мәдениеті тең болуы мүмкін еместігін, кез келген қоғамда теңсіздік болатынына көзіміз жетті.

Құдай о баста жаратқанда бізді адам етті, ізгілік жолмен жүрсін деді. Теңсіздік – адамзаттың жақсы өмір сүрсем, жақсылыққа ұмтылсам деген ұғымынан туындады. Жақсылық деген не? Бәсеке! Әркім жақсы өмір үшін бәсекелесе бастады. Өзінің жеке басының қамын күйттеген адамдар жақсы өмір сүру үшін «алдынан келгенін тістеп, артынан келгенін тепті», бетпе-бет келгенде адамға өтірік күліп, теріс айналғанда, аяғынан шалатын болды. Зорлық-зомбылық, қиянат. Осылай уақыт өте теңсіздік пайда болды. Өркениеттің ең бірінші бізге бергені – теңсіздік екен. Ой- сана, ақыл-парасаты, адамдығы бар адам ешкімді кемсітпейді, керісінше кішіпейілділік көрсетеді, көпшілікті ізгілікке шақырады. Бәсекеде адал болады, соңы қиянатқа ұласпайды. Мәселе адамның ішкі дүниесінде, ішкі мәдениеттілігінде. Әлгі қазақ атамыздың айтқан «Имандылық – әркімнің жүрегінде» деген пікіріне келіп тоғысады. XVIII ғасырда өмір сүрген белгілі философ Жан Жак Руссоның өз заманында «Настоящая религия – это религия сердца» деген ұғымы есімізде. «Иманды бол!» деп жастарды күштеп дінге енгізгеннен, топырлатып мешітке апарғаннан гөрі, олардың сана-сезімін оятып, рухын өсіретін, ішкі мәдениетін қалыптастыратын дұрыс тәрбие беруіміз керек.

Отбасында, мектепте жас буынға дұрыс тәрбие беріп, олардың шала білімді болмауына көңіл аударатын мезгіл жетті. Діннің, адамгершіліктің талаптарын ақылмен орындау керек. Оны тым фанатизмге айналдырудан аулақ болғанымыз жөн. Егер олай болса, адам соқыр сезіммен арбалып, қасіретке жолығуы әбден мүмкін. Діндік сенімнің деструктивті, яғни, теріс діни ағымға кіріп кетуі бақытсыздыққа алып баратынын өмірден көріп жүрміз.

Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет бір мақаласында екі ұлы дананың сөзін келтіреді. Біріншісі, Бернард Шоу: «Біз ғылыми-техникалық прогрестің арқасында аспанда құсша ұшуды үйрендік. Суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйренбедік», – деп қынжыла айтқан екен. Екінші үзіндіні Жалеладден Румиден берген. Ол: «Мен өмірде қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Мен қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ», – дейді. Міне, адамдық деген қайда жатыр? Біздің іздейтініміз ылғи адамдық, адамгершілік. Бірақ, оны табу бүгіндері бірте-бірте қиындап бара жатқан сияқты. Заман талабына сәйкес адамдар арасында зұлымдық, қатыгездік, аямаушылық, тоғышарлық, еріншектік, масылдық, екіжүзділік, жағымпаздық, мансап қорлық, менмендік, тойымсыздық және де басқа кері мінездер басым болып кетті. Әсіресе, болашақтарынан үміт күтіп жүрген бүгінгі жастарымыз сол теріс мінездердің жетегінде кетіп барады. Қазіргі қоғам соған тәуелді етіп отырғаны жасырын емес.

Кейде артта қалған қиын-қыстау тоқсаныншы жылдарды еріксіз еске аласың. Кеңес өкіметі тарап, үлкен держава бөлек-бөлек мемлекеттерге айналды. Алып кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар тоқтап, миллионер совхоздар тарап, қолда бар байлық талан-таражға түсіп, елімізде берекесіздік жайлады, жұмыссыздықтан халық күн көре алмай, сеңдей соғылып, дағдарысқа кезікті. Мемлекет басшысы мен Үкіметіміз сол жылдары орын алған қиын экономикалық дағдарыстан қалай шығу жолын іздеп, басқа дамыған елдердің өсу-жетілу моделін (мысалы, Сингапур мемлекеті сияқты) қабылдау керек деп шешті. Адамды адам ететін, рухын тәрбиелейтін, патриоттық сезімін оятатын идеология ісі көлеңкеде қалып, барлық күш, ниет экономикаға жұмсалды. Сол қиын- қыстау кезде дүниеге келген жастар бүгінде 30-40 жасқа келді. Көпшілік оларды қазір «жоғалған ұрпақ» деп орынды атап жүр. Өйткені, оларға дұрыс ұлттық, рухани тәрбие бере алмадық, бойларына жөнді патриоттық сезім құя білмедік. Сол себептен олар бүгіндері өз басының баюын, дүние жинауды басты мақсат етіп, қатыгез, аяушылық, патриоттық сезімі таяз болып қалыптасты. Сол өкінішті.

Мына мың құбылған, қызылды- жасылды уақыт кәдімгі адам өмірін сахналандырып жіберді. Байқасаңыз, өмірде бәріміз өзіне берілген рөлін орындап жүрген шебер әртіс сияқтымыз. Әсіресе, қаладағылар. Көпшілігіміз өтірік сөйлейміз, өтірік уәде береміз, сөзбен «қала» тұрғызамыз... Ал, ауылдан ондайды сирек естисің, шынайылыққа жақын. Қалыптасып бара жатқан теріс, жат қылықтардың әрқайсысын жеке-жеке жіліктеп, талдап жатпай-ақ ортамызға батыл еніп бара жатқан жағымпаздық төңірегінде сөз қозғайық.

Заманымыздың көрнекті жазушыларының бірі, марқұм Несіпбек Дәутайұлының «Репитиция» деген әдемі бір әңгімесі бар. Ол былай басталады: «Жаңа сайланған үкімет басшысы келеді дегелі Жербай орынбасардың есі екеу, түсі төртеу. Біріншінің: «Байқаймын, қалтаң-селтеңің көп, тапсырған шаруаның басын шаң-тозаңдатып, аяғын шатқаяқтандырып жіберетін берекесіздеусің бе, немене... Мына жолы соның байқалса, шляпаң теріс айналып кетеді» дегенінен кейінгі жерде көрген күні әлгі. Үкімет басшысымен дөңгелек столда кездесуге тиіс адамдарды екі күннің бірінде жинайды. Сондағысы: «Өй деп сөйлеңдер, бүй деп айтыңдар, қағаз- қаламдарыңды салдырлатпаңдар, столды саусақтарыңмен тықылдатпаңдар, микрофонға тиіп кетпеңдер, жөтеліп, түшкірмеңдер...».

«Үлкенді-кішілі биліктің қашанда мысы басым, сесі өзгеше, айбары айрықша ғой. Қазақ деген, жалпы, дәнеңеден қорықпайды. Құдайдан да. Ал, биліктен... Төбесі көрінгеннен қол қусырып, тағзым етіп, аяғының ұшымен жорғалап шыға келеді. Жербай қазақты осысы үшін жақсы көреді. Әуелде, анабір жылдары ішінде жалғыз костюм-шалбары бар ескі чемоданмен өкшесі жылтырап келіп қызметке кіріскен кездері қазақтың әлгісіне «бұлары несі?» деп таңырқап, өзінен-өзі қысылып қарайтын. Оған еті үйренді. «Жерке, Жерке» деген сайын қомпия бастады. Айналаңдағылардың қу жандарының қуырдақ болып тұрғаны бір ғанибет екен. Құрақ ұшып қарсы алады, құйындап жүріп шығарып салады. Төр сенікі. Тамағыңды салып береді. «Мынадан алыңызшы. Анадан көріңізші...» Бастапқыда бұл алдына келген тағамды дым көрмегендей қидай сыпырып, қиқым қалдырмай жеуші еді, келе-келе онысын қойды, әрнеден бір-бірден ғана шұқиды: «Жерке, анадан салайын ба, мынадан құяйын ба, Жерке, Жеркенің» өзіне-ақ тың қия тойып отыратын болған. Болғанда, «Жеркелегендердің» безек қаққанына қарадай қарын тояды екен. Тойғанда, ас-мәзіріміз дәмсіз бе, әлде мұның бізге қабағы теріс пе деп тызалақтайды ғой. Жұрт тызалақтаған сайын жаның кіреді, рахаттанасың, елтисің, жер айдалада қалып, аспанға ұшып бара жатасың ба...».

«...Айтып, айтпай не керек, Жербайдың репетициясы сөресіне жетті-ау деген кезінде, үкімет басшысы да кеп қалар күн есік қақты. Жербайдың біріншіге жасаған баяндауында – кездесуге іріктелген адамдар суытқан аттай. Тек... Тек дегенде, әлгі Анау соңғы күндері дайындыққа келмей қойған. Оны Жербай ішінен бүгіп қалды. Себебі деген сұраққа қайдағы бір бәлесіне қаламын ба деп сескенген. Оған қарсы қолданған шаралары – сөз кезегін жеткізбеу. Ол үшін ұлттық мәдени орталықтардың үстінен қарайтын ешкі сирақ ескі қатынмен оңаша сөйлескен. Сөйлескендегі тапсырмасы: орталық жетекшілері сөзді бірінен кейін бірі дереу жалғап кетіп отырсын... Сонда анаған уақыт жетпей қалады. Билік пен комсомолдан тақымдасып, компартияда қилы-қилы бүгерлеп қалыптасқан қара қатын күлмеңдеп, «Әрқашан да дайынбыздың!» кейпін көрсетті».

«Үкімет басшысы дәл уақтысында келді. Ғимарат алды дүркіреп қарсы алды. Кездесуге арналған арнайы столдың төрінде үкімет басшысы. Екі қапталында зиялы қауым өкілдері мен ұлттық мәдени орталықтың жетекшілері, зал іспеттес бөлікте өзге арнайы адамдар. Жербай соның орта тұсында. Жүрегі аузына тығылады.

...Есін ауруханада жиған. Ақ халатты бірнеше адам бетіне үңіліп тұр екен. Дәнеңе түсіне алмады. Қайда, неге жатыр? Кездесу... Үкімет басшысымен…

Ұмтылып тұрмақ еді, ақ халатты еркектің біреуі иығынан басты.

– Тынышталыңыз. Сізге қозғалуға болмайды.

– Не болды?

– Жүрегіңіз...

Жербай көзін жұмды. Кездесу... Ұлттық мәдени орталықтың жетекшісінің екеуі сөйлеп, үшіншісі ыңғайлана бастағанда, Анау... Қоңыр дауысы құлағында... «Сіз өркениетті басшысыз. Амал не, жергілікті биліктің әр деңгейіндегі сол өнегені сөзсіз жалғастыруға міндетті кейбіреулер әлі қалтаң-селтең, көрбай-жербай».

Осы әңгімені оқып отырып, батыраштар мен қотыраштардың «шаш ал десе бас алатын» іс-әрекеті мен талғамының төмендігін, екіжүзділігін мойындап, олардың бейшара кейпін, мансапқорлық пиғылдарын, ал басқа жерде елден өздерін алшақ, биік ұстайтын тәкаппарлығын көз алдыңызға елестетіп, шығарманың шынайылығына риза боласыз. Жазушы Н.Дәутайұлы елдің аузында, көптің көңілінде жүрген, қазіргі мына құбылмалы өмірімізге жағымпаздық деген кесапаттың, екіжүзділіктің терең еніп кеткенін әдемі шынайы суреттеген.

Жер бетіндегі жаратылысты байқап отырсаң, жаны бардың ішіндегі ең жауызы, зұлымы – адам. Адам ештеңені аямайды. Өз қолымызбен айналамыздағы әсем табиғатты, көзге ілігер дүниені, тіпті көлдер мен тау- тасты да өзгертіп жатырмыз. Мысал үшін бәрімізге таныс ару Алматы шаһарын, оның төңірегіндегі адам сүйсінер керемет табиғатын алайық. Осыдан 45-50 жыл бұрын, қандай еді, қазір қандай? Жер жетпегендей байшы кештердің үйлерімен коттедждері басын мәңгілік қар басқан, етегін алма бақтар, тал-теректер, жасыл шыршалар мен қарағайлар басқан Алатауға өрмелеп, табиғаттың әсем көрінісін бірер жылда пұшайман етті. Тіпті, ту сонау Шымбұлаққа хан сарайындай ондаған жекеменшік үй құрылыстары бой көтерді. Аспанға таласқан биік ғимараттар таза ауа жолын жауып, қаланың ауасын тымырсық етті. Қала будақ-будақ ащы түтінге тұншықты, қазір көптеген проблемалар туғызуда.

Ал, ерекше табиғат сыйы, көрсең көз тоймайтын, жан сарайыңды ашатын Бурабайдың халі де одан кем емес, мүшкіл ахуалын көріп жүрегің шымырлайды, аяушылық сезім бойыңды тоңдырады. Сөйтіп, өз қолымызбен табиғаттың әсем, көз қызығар келбетін жойып отырмыз. Иә, өзімізді де, өзгені де өзгерттік. Кейде «Сананы Алла бізге сол үшін берді ме? Адамша өмір сүріңдер деп берді емес пе?» деген сұрақ қоясың. Бірақ, өкініштісі, оған жауап жоқ.

Құдай жаратқан қалпынан жәндіктерді өзгерткен жоқ. Әрине, өмір сүру үшін оларда да өзара күрес бар. Бірақ Алланың жаратуындағы жан-жануар сол қалпында қалған. Сонысына кейде, расында, қызығасыз. Ал, адамзат баласы қалпынан өзгеріп, басқаша формаға түсіп кеткені қапаландырады, үрей тудырады. Адамзат жер бетіндегі ең құдіретті, ақылды, сана-сезімі жоғары, түйсігі мол бола тұра неге заман ағысына қарсы тұра алмай майдаланып барады? Майдаланып бара жатқанымыз бір бөлек, біз ойсыз болып бара жатырмыз. Адамның ойсыздығы – қасірет. Қазіргі заманның адамының «төрт құбыласы тең», яғни алдында бәрі бар, сондықтан ойлануға, санаға салмақ салуға жалқауланып барады. «Дайын асқа, тік қасық» дегендей дайын, жеңіл іске бойымызды үйреттік. Бұрынғыдай қара терге малынып еңбек етіп жатқан жанды көру сирек оқиға. Барлық іс техникалық революцияның арқасында жеңілдетілді.

Өркениетті қоғамда көптеген іс автоматтандырылған, цифрландырылған, жасанды интеллект еркін еніп келеді. Басым көпшілік компьютер, интернет арқылы қызметін жеңілдетіп, миға салмақ салып, қозғалыстарын шектеді, инновациялық технологияларға, электронды механикаға иек артты. Бір ғана үйдегі тірлігімізді көз алдыңызға келтіріңізші. Су, электроэнергия, газ үйімізге кіріп тұр. Тамақты газбен немесе токпен пісіреміз, кірді кіржуғышпен жуамыз, ыдыс-аяқты да арнайы машина жуады. Тіпті, үйдің ішін тазалайтын робот- шаңсорғыштар пайда болды. Тізе берсек іс-шаруа атқарар «қолбала» көбейді, бұрынғы қол жұмысы азайды. Олар аз болғандай бүгіндері жасанды интеллект батыл өріс алып барады. Ол тіпті әдебиет саласына да енді. Мысалы, жасанды интеллект көмегімен жапондық фантаст-жазушы Тим Бушетке 9 айда 97 ғылыми фантастикалық кітап үшін нейрондық желілерді пайдаланған. Бұл кітаптарда 2 мыңнан 5 мыңға дейін сөз бар. Бушеттің айтуынша, бір кітапты жазу 6-8 сағатқа дейін созылады екен. Ал, кейде оны 3 сағатта аяқтауға болады дейді. Сөйтіп, байқағаныңыздай, жасанды интеллект роман, хикаялар мен әңгімелер жазудың өзін жаулап алды. Яки жазушының қиялы, қаламы керек болмай қалды. Демек, қарама- қайшылыққа қарамастан, жасанды интеллект өміріміздің барлық бөлігіне еніп кетті. Оны тоқтатуға адамда күш жоқ. Заман, дәуір өз талабына адамды, адамзатты еріксіз көндіруде.

Мамандығымыз дәрігер болған соң, саладағы көріністі сабақтап өтсек. Осыдан 40-50 жыл бұрын дәрігерлер кеңес алуға алдына келген пациентпен асықпай сөйлесіп, өзіне керекті мәліметтерді жинап, тамырын ұстап, қан қысымын өлшеп, жүрегі мен өкпесін тыңдап, ішін уқалап, пальпация жасап тексеретін болса, қажет болса ғана рентген кабинетке, қан мен зәр анализдеріне жіберетін. Соларға қарап, зерделеп, салыстыра отыра диагноз қоятын. Қазіргі дәрігерлер диагностикалық аппараттарға толық иек артып алған. Тіпті, кардиологтардың (жүректі емдейтін маман-дәрігерлер) фонондоскоппен, яғни жүрек жұмысын тыңдайтын медициналық құралмен пациенттердің жүрегін тыңдап, тексеріп жатқанын көрмейсің. Диагностикалық кабинеттерге жұмсап, ЭКГ-ге, ультрадыбыстық зерттеуге (УДЗ), магниттік резонанстық томографияға (МРТ), компьютерлік томографияға (КТ) жолдап және әр тексерістің жауабын жинап барып аурудың түрін анықтап, ем тағайындайды. Сөйтіп, қазіргі жас дәрігерлер миларына тым салмақ салмай, көп ойланбай бұрынғы дәрігерлермен салыстырғанда клиникалық ойлау қабілеті жыл өткен сайын төмендеп барады. Көпшілік арасында дәрігердің қызметіне көңілі толмау содан туындады ма деп ойлайсың.

Дүниенің қозғаушы күші – қозғалыста екенін ұмытып барамыз. Өркениет, мәдениет бізді қозғалыстан, ойдан айырып бара жатыр. Әсіресе, жас ұрпақты. Бұрынғыдай аулада доп қуып, тығылыспақ ойнап, қашпа доп ойнап зыр жүгіріп ақ тер, көк тер болып жүрген балаларды тіпті көрмейсің. Барлығы ұялы телефонның, интернеттің қызығына түсіп кеткен, бірде-бір кітап бетін ашпайтын, суреттерге, театрға, өнерге қызықпайтын жастар өсіп келеді. Олардың болашақтары қандай болары әзірше бұлыңғыр.

Тарих алдында, ұрпақ алдында, арының алдында адал болғысы келген асыл азаматтар әр қоғамда болған. Сананың биігіне жеткен талай айтулы тұлғалар, ғұламалар (Диоген, Махатма Ганди, Мандела, Л.Толстой, А.Меркель, Д.Қонаев, Ө.Жәнібеков, Ж.Тәшенов, Қ. Сәтбаев, Н.Оңдасынов және т.б.) қарапайым тұрмыс-тіршілікті қанағат еткен. Өздерінен гөрі қоғамды ойлаған, соған адал қызмет етуге тырысқан. Әлем мойындаған ұлы жазушы Лев Толстой: «Өмір деген түп-түзу жол емес, ол жерде қисаю, жығылу, қайта тұру. Өмір деген сол», дейді. Міне, табиғи өмір сүру дегеніміз сол. Біздің қателігіміздің өзі қателеспеуге тырысуымызда.

Әрине, «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бар. Бірақ, тым дүниеқоңыздыққа салынып, тойымсыздыққа, ашкөздікке ұшырау адамға абырой әпермейтінін мына дүниеден көріп жүрміз. Дүниенің сұлулығы–табиғилығында, қарапайымдылығында деген ой жадымызда болса артық емес. Ол аздап болса да бізді қия-шалыс басудан құтқарады, дұрыс жолдан тайдырмайды, теріс пиғылдан қашықтандырады, адами жақсы қасиетімізді сақтап қалады деп ойлаймын.

Ойлау қабілеті жоғары, сана- сезімі мен түйсігі терең, жарқын жолдан адаспайтын қазіргі жастардың болашағына сенейік. Өмір ағысы адамзатты, лайым жақсылыққа алып барсын деп тілейік!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Тараз қаласы