Әлеумет

Кемшіліктер жойылып, ортақ мәселелер оң шешілуде

Кемшіліктер жойылып, ортақ мәселелер оң шешілуде

Үкіметтік емес ұйымдар қолдаудан кенде қалмайды

Қазіргі таңда үкіметтік емес ұйымдардың іскерлік және сапалық деңгейі жаңа белестерге көтеріліп, қоғам үшін аса маңызды және іргелі салаға айналды. Үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешуде және азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді әріптесі болып отыр. Мемлекет тарапынан азаматтық сектормен өзара әрекеттестікті нығайту және азаматтық қоғам институттарының қызметін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Мәселен, биыл үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында қалалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, әлеуметтік зерттеу, талдау, тұрғындардың қажеттіліктерін бағалау және үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын жинақтау негізінде азаматтарға нақты қызмет көрсету бойынша 17 лот тақырыбы қамтылған. Оның ішінде, гендерлік теңдік мәселесін шешу, жастар саясатын қолдау, әлеуметтік көмек көрсету, отбасы институтын нығайту сияқты және тағы басқа да бағыттарда жобалар енгізілген. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасуда.

Жақында Тараз қаласы әкімдігінде үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесу өтті. Жиында қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил басқосудың маңыздылығына кеңінен тоқталды. «Жамбыл облысы Азаматтық альянсының» төрағасы Исламбек Дастан, «Қазақстандық Бочча федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалының төрайымы Меруерт Ерсай және «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбековалар сөз сөйлеп, азаматтық секторды дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Басқосу соңында бірқатар үкіметтік емес ұйымның жетекшілеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

Айта кетерлігі, бүгінде қалада 532 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 380-і – қоғамдық бірлестіктер, 126-сы – қоғамдық қорлар, ал 26-сы – заңды тұлғалар бірлестігі.

Сыртқы көрнекі ақпараттың сауатты жазылуы маңызды

Тараз қаласында қазан мен қараша аралығында «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» айлығы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Сыртқы көрнекі ақпарат құралдарында орын алған қателіктер бойынша нысан иелеріне және әкімшілік басқарушыларына ескертіп, әдістемелік көмек көрсетуді мақсат тұтқан зерделеу барысында кәсіпкерлерге заң талаптары көрсетілген парақшалар таратылып, бірлесіп жұмыс істеу үшін жауапты мамандардың ұялы және жұмыс телефондары, электрондық пошталары ұсынылды. Осылайша, айлық аясында 4 мыңға жуық нысан зерделеніп, 168 қателігі бар нысан иесіне ауызша ескерту беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Нәтижесінде «Садыхан», «Әмір және Д» дәріханалары, «Тәтті самса» дүңгіршегі, «Вегас» көлік сату дүкені, «Найча» шай үйі, «ABC» кеңсе тауарлар мен балалар киімдер дүкені, мұсылман киімдер дүкені, «Велфикс» ұялы телефондар дүкені, «Про декор» дүкені, «Еркебұлан» ломбарды, «Упаковка» жарнама агенттігі, «Автобөлшектер» дүкені, «Рататуй» отбасылық мейрамханасы, «Кофе-кофе» кофеханасы, «Жасмин» киімдер дүкені, «Фридом» дүкені, «У Дяди Вити» дүкені секілді тағы басқа да нысан иелері айлық барысында анықталған кемшіліктерді дер кезінде қалпына келтіруде. Сонымен қатар, «Барыс», «Скарлетт» сауда үйлері, «Ред чери», «Башмачок», «Меркато», «Алма», «Таир», «24 сағат», «Татьяна», «Фифа», «Бэлл», «Асар» дүкендері мен «Марвентур», «Копицентр», «Сотовик», «Копирка», «Центр пласт» орталықтары және «Сарқыт», «Мерген», «Водопад», «Жанұя», «Үміт», «Базилик», «Березка» кафелері қате орналасқан жарнамаларын мүлдем алып тастады.

Осы аптаның басында аталған айлық аясында тағы да зерделеу жұмыстары ұйымдастырылып, анықталған кемшіліктерді жою нәтижелеріне көз жеткізілді. Жалпы, қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан шағын және орта бизнес өкілдеріне, жарнама агенттіктеріне сыртқы көрнекі ақпараттың сауатты жазылуына, орналасуына, тағы басқа да мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсету үшін «Callcenter» құрылып, жауапты маман бекітілген. 1 қаңтар мен 8 қараша аралығында аталған жедел желіге 585 жарнама беруші хабарласып, олардың көрнекі ақпарат құралдарындағы мәтіндері зерделеніп, заң талаптарына сәйкестендірілген. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

«Қызыл сызық» қағидасын сақтаған жөн

Екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласын көріктендіріп, сәулетін арттыру бүгінгі таңда өңірдегі басты мәселеге айналып отыр. Осы мақсатта көне шаһардың көркін ашатын еңселі нысандар күн санап бой көтеруде. Алайда, кейбір кәсіпкерлік нысан иелері заң талаптарын ескере бермейді. Соның салдарынан «қызыл сызық» қағидалары жиі бұзылуда.

Аталған мәселені Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жіті назарға алып, тиісті тапсырмалар жүктеген еді. Нәтижесінде қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп, рұқсат құжаттары толық алынбастан салынып жатқан 130 нысан анықталған. Соған орай тиісті шаралар қолдану үшін облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына арнайы хаттар жолданды. Аталған 130 нысанның 10-ында «қызыл сызық» қағидасына байланысты мәселелер көтерілген. Бұл күнде осы 10 нысанның алтауына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, айыппұлдар салынды. Сондай-ақ, әрқайсысына құрылыс барысына қойылатын негізгі талаптарды орындау туралы нұсқама берілді.

Бұдан бөлек, қала әкімдігі тарапынан «қызыл сызықтан» асқан 4 нысанның тиісті бөлігін бұзу бойынша сотқа талап-арыздар түсірілді. Қазіргі таңда Желтоқсан көшесі, №118 мекенжайында орналасқан (М.Исламова) қайта жаңғыртылған кафе ғимаратының 2-қабатына жапсарлас құрылыс және Абай даңғылы, №135 «А» мекенжайындағы (С.Садыбеков) сауда дүңгіршегі секілді екі нысанды меншік иелерінің есебінен сүру бойынша тиісті шешімдер қабылданып, Тараз қаласының мәжбүрлеп орындату аумақтық бөлімі тарапынан атқару өндірістері қозғалды. Атап өтерлігі, С.Садыбековке көрсетілген мекенжайдағы жер теліміндегі рұқсат құжаттарын рәсімдемей, Абай даңғылының «қызыл сызық» бойында орнатылған сауда павильондарын өз есебінен бұзу туралы 2023 жылы 11 қазанда хабарлама берілген. Ал, 2024 жылы 26 ақпанда хабарлама қайтадан жолданған.

Бұған қоса меншік иесіне «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 17-бабы, 1-тармағы, 10-тармақшасының талабын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 323-бабына сәйкес хаттама толтырып, айыппұл салынды. Алайда, С.Садыбеков тарапынан ешқандай шара қабылданбаған. Сол секілді М.Исламоваға қатысты да Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2023 жылғы 17 мамырдағы хаты негізінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы арнайы тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Соған байланысты хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынып, іс материалдары Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Бұл бұзушылықтарды жою туралы тиісті ұйғарым да шығарылды. Бірақ, М.Исламова жоғарыда аталған шараларды елеместен рұқсат құжаттарынсыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыра берген. 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі сотқа дейінгі реттеу шеңберінде М.Исламоваға қайтадан құрылыс жұмыстарын тоқтату және рұқсат етілмеген нысанның бөлігін бұзу туралы хат жолдады.

Дегенмен, кәсіпкер бұған да назар аудармай, құрылыс жұмыстарын тоқтатпаған. Сондықтан, аталмыш кәсіпкердің әрекетсіздігі Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы сәуірде мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арызбен жүгінуіне негіз болды. Бұларға қоса Абай даңғылы, №202 және Абай даңғылы, №150 «А» мекенжайларында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының істері де сотта қаралуда. «Сондықтан, алдағы уақытта кәсіпкерлер құрылыс жүргізерде «қызыл сызық» қағидасын сақтап, заңды құжатын рәсімдеп, заңсыздыққа жол бермегені жөн», дейді қала әкімдігінің тиісті сала мамандары.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Тараз қаласы