«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту арқылы денсаулығын түзету» қағидаттарының негізінде 2021 жылы облысымызда «Салауатты халық» пилоттық жобасы қолға алынған еді. Содан бергі уақытта өңірдегі төрт ауыл «Салауатты ауыл» мәртебесіне ие болған. Олар – Меркі ауданындағы Ақермен мен Аспара ауылдары, Қордай ауданындағы Әлжан ана, Бұлар Батыр мен Көркем елді мекендері. Бүгінде сол ауылдардың қатары көбейіп келеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты халық» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған бұл істің басты мақсаты – халықтың денсаулығын нығайту. Сонымен қатар, өмір сүру жасын ұзарта отырып, сапалы өмір сүру деңгейін арттыру көзделген. Жобаның талаптарына сәйкес, ауылдың инфрақұрылымы заманауи стандарттарға сай қайта жаңартылады.
Салауатты ауылдардың қатарына енген Талас ауданындағы Есейхан ауылында 1523 адам тұрады. Жан-жағын тау қоршаған, табиғаты ерекше шағын елді мекенде қоныстанған тұрғындар спирттік ішімдік, темекі тәрізді зиянды заттарды пайдаланбай, тек өздері қолдан жасаған табиғи пайдалы тағамдарды тұтынады. Ал, ауылдың дүкендерінде спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдері мүлде сатылмайды.
Мектепте 200-ге жуық оқушы оқиды. Олар үшін үзіліс кезінде флэшмоб жасап, көңілді билер билеу – күнделікті дәстүрге айналған. Ауыл жастары ғана емес, қариялары да бос уақыттарында шаруашылықпен шектеліп қалмай, атқа мініп, көкпар тартып, қазақтың ұлттық ойындарымен айналысады. Олардың айтуынша, денсаулық пен жалпы әл-ауқатқа деген қамқорлық – осы іске ұйытқы болып жүрген қауымдастықтың басты міндеті. Ауылға жаңа мәртебе беру үшін келген «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының басшысы, Ұлттық алғашқы медициналық көмек қауымдастығының президенті, профессор Төлебай Рақыпбеков Есейхан ауылында ашылған «Салауатты ауыл» жобасы – барлық басқа ауылдық елді мекендерге салауатты өмір салтын насихаттауда үлгі болуы керектігін айтты. Сондай-ақ, ол жалпы үздік практикалық орталықтар әлем бойынша жинақталған мықты тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік беретінін, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра түсудің маңыздылығын да атап өтті.
Қамар ҚАРАСАЕВА.