Күзгі тазалық жұмыстары ұйымдастырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірлерде жалғасын тауып келеді. Көктемде 800 мыңнан астам облыс тұрғындары қатысқан экологиялық акция дәстүрлі түрде күзгі тазалық айлығына ұласты. Кеше Тараз қаласында тұрғындардың белсенділігімен күзгі тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Табиғаттың күтімін жасап, айналаның тазалығын сақтауға негізделген жұмысқа облыс тұрғындары, әсіресе жастар белсене атсалысуда. Мәселен, жуырда Тараз қаласындағы Самал шағынауданындағы №12 үйдің тұрғындары «Таза аула» ұранымен өз аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізді. Экологиялық акцияға қатысушылар шашылып жатқан қалдықтар мен қоқыстарды жинап, арнайы орынға апарып төкті.
Бұл күні акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 133,2 мың аулалар мен 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 085 тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшеттер отырғызылды. Бұл жұмыстарға жалпы 1056 бірлік техника жұмылдырылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА