Министр аймақ тұрғындарымен кездесті
Жамбыл облысына еліміздің Көлік министрі Марат Қарабаев арнайы іссапармен келіп, аймақ тұрғындарымен кездесті.
«Достық» үйінде өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек облыстағы жол саласында атқарылған жұмыстар туралы таныстырып өтті.
Министр өз сөзінде республика көлемінде атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар мен жүзеге асырылатын бастамаларымен бөлісті. Сондай-ақ, Марат Кәрімжанұлы облысымызға жасаған алдыңғы сапары кезінде жергілікті тұрғындардан түскен арыз-шағымдарға байланысты атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Кездесуде жамбылдықтар толғандырған мәселелерін көтеріп, министрден көмек сұрады. Мәселен, бірнеше кәсіпкер Тараз қаласында заңсыз автотұрақтардың көбейіп кеткенін жеткізді. Автовокзал қызметкерлері заңсыз жұмыс істеп тұрған көлік жүргізушілері жолаушыларды алып кетіп, автовокзалдың жұмысын қиындатып жатқанын айтты. Автовокзал қызметкерлері аталған мәселе бойынша 15 жылдан бері облыстық және қалалық әкімдіктерге, сондай-ақ, полицияға шағымданып келе жатқанын, бірақ ешқандай шара қолданылмағанын жеткізді. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер Қордай ауданы, Алматы, Шымкент қалаларына және Түркістан облысына жолаушылар жинайды екен.
Сонымен қатар, автовокзал өкілдері жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға бөгде ұйымдардың да кедергі келтіріп отырғанын айтты. Олар бірнеше жылдан бері күту залына «Kaspi bank» және «Halyk bank» банкоматтарын орнатуды сұраған. Бірақ, екінші деңгейлі аталған банктер белгісіз себептермен келісім бермеген.
Қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын басқа да тасымалдаушылар заңсыз автотұрақтардың кесірінен жолаушылардың саны азайып бара жатқанын да айтты. Марат Қарабаев онлайн платформалардың артықшылығын мойындап, қазіргі заман талаптарына сәйкес жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Марат Қарабаев алдағы жылдан бастап үлкен жолда жүретін көлік жүргізушілеріне арналған жаңа заңнама әзірленіп жатқанын жеткізді. Межеленген уақыт пен жылдамдыққа бағынбағандар осы әрекеті үшін жауап та береді.
Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл шектеу тек оң жақтағы рульдегі көліктерге ғана емес, сондай-ақ, оң рульден сол рульге қайта жабдықталған көліктерге де қатысты болады. Сонымен қатар, министр Тараздан Қазақстанның басқа қалаларына тікелей әуе рейстерінің болмауы, таксопарктерді қолдау, жеңілдетілген несие беру сияқты басқа да мәселелерді талқылады. Министрліктің негізгі бастамаларының ішінде жол құрылысының стандарттарын қайта қарау, жолдардың қауіпсіздігі мен ұзақмерзімділігін қамтамасыз ету, апаттылықты азайту және жол қозғалысын бақылау үшін интеллектуалды жүйелерді енгізу де бар.
Жиын соңында Көлік министрі Марат Қарабаев тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, министрліктің сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ