Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады.

Мемлекет басшысы форумның елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі астықты елдердің біріне айналды.

Президент жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендегенін, ал ұлттық экономиканың өсімі биылғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы негізгі мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруашылығын жандандыру, озық технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп саласының экспорттық әлеуетін күшейту мәселелерін қозғады.

Мемлекет басшысы келесі жылдың Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғанын атап өтіп, нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталуға тиіс екенін айтты. Президент бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Форумда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Қайып ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Alarko Holding бас директоры Үміт Нури Йылдыз, «Aitas KZ компаниялар тобы» АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітова сөз сөйледі.

Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отандық ауыл шаруашылық инфрақұрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табысталды.

Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» ордені «Зенченко және К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының бір топ еңбеккері ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бұдан бөлек, Президент ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады. Көрмеде терең өңделген өнімдер, заманауи агротехнологиялар, инвестициялық, соның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ұсынылған. Мемлекет басшысына егін және мал шаруашылықтарындағы, басқа да маңызды бағыттардағы инновациялық шешімдер мен жетістіктер таныстырылды.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам адам жиналды. Іс-шараға агрохолдингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмысшылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің мүшелері мен инвесторлар қатысты.

 

Akorda.kz