Жаңалықтар

Ауыл тұрғындары әкім сайлауында белсенді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тұрғындардың сайлауымен тағайындауды тапсырған болатын. «Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру» деген Мемлекет басшысы билік пен қоғам арасында тұрақты диалог қалыптастыруға баса назар аудартқан еді. «Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр» деген Президент жергілікті басқарушы тұлғаның қызметке келуін тұрғындардың таңдауына берудің тиімділігін айтты. Осындай жауапкершілікке бей-жай қарамаған Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылының тұрғындары жақын күнде болатын ауыл әкімін сайлауға алаңдаушылық танытып отыр. Тұрғындар өз ауылындағы басқарушылық қызметтің тізгініне іскер әрі осы елді мекенде туып-өскен азаматтың ие болғанын қалайтынын айтып, редакциямызға хабарласты. Алда болатын ауыл әкімінің сайлауына тұрғындар неліктен алаңдаулы? Біз осы сауалдың жауабын іздеп, Көгершін ауылына арнайы барып қайттық.

Көгершіндіктер сайлаудың әділ болғанын және бұл маңызды науқанның Президент айтқандай талаппен өткізілгенін қалайды.

Ауылдасының сөзін қостаған Жұлдызай Алтыбаева: «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың игілігі үшін жергілікті әкімді тұрғындар сайласын деп тапсырды. Бірақ, бізде дәл солай болмайтынына бұған дейінгі сайлауларда көз жеткізіп жүрміз. Егер тұрғындар әкім сайлай алмаса, Президенттің тапсырмасы қайда қалды? Біз өз ауылымызға осы жерде туып-өскен, осы елді мекеннің барлық жағдайынан хабардар жас азаматтың әкім болғанын қалаймыз. Біз «осы азамат әкім болуға лайық» дегендер кандидаттардың ішінде жоқ. Енді үміткерлердің қатарына біздің таңдауымызға сай келетін азаматқа қолдау көрсетеміз, тек сайлау нәтижесінде сол азамат ауылымызға әкім болса, біз үшін әділдік сол болмақ», – дейді.

Тұрғындардың түрлі сауалдарына жауап берген Т.Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тлепов сайлау заң аясында өткізілетінін айтты. «Барлық сайлау заң талаптарына сәйкес өткізіліп келеді. Биыл 24 қарашаға тағайындалған Көгершін ауылдық округі әкімінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, кандидаттардан ұсыным қабылдау осы жылдың 17 қазаны мен 29 қазаны аралығында жүргізілді. Осы кезеңде Көгершін ауылдық округінің әкіміне кандидат болуға 5 азамат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсыным берді. 21 қазан күні Марғұлан Мұсаханов пен Берік Әмреев, 24 қазанда Абай Турекулов пен Арман Сүлейменов, 28 қазанда Ғабит Қартанбаев ұсыным берді. Аталған кандидаттардың үшеуі, яғни, Абай Турекулов, Арман Сүлейменов, Ғабит Қартанбаев осы Көгершін ауылының тұрғындары. Бүгінгі күнге аталған 5 азаматтың үшеуі, атап айтқанда Марғұлан Мұсаханов, Берік Әмреев, Абай Турекулов кандидат ретінде тіркелді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2024 жылғы 30 қазандағы №04-6/3283 хаты негізінде Арман Сүлейменовтің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына жұмыс өтілі бойынша сәйкес келмейтіндігі анықталды. Егер Арман Сүлейменов бұған келіспей, «Менікі заңды, барлық құжатым түгел» десе, сотқа шағымдануға құқылы. Әлі де оған уақыты бар, қазір сот 5 күн ішінде қарап, шешім шығарып береді. Заң бойынша кандидаттың ауыл әкіміне біліктілік талаптарының сәйкестігін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі анықтайды, біз соған қарап хаттаманы толтырамыз.

Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2024 жылғы 30 қазандағы №04-6/3283 хатымен Ғабит Қартанбаевтың кандидатурасы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келетіндігі анықталған. Ендігі кезекте Ғабит Қартанбаев тиісті құжаттарын ұсынған жағдайда Көгершін ауылдық округінің әкіміне кандидат ретінде тіркеле алады. Ұсыным беру уақытында жоғарыда аталған азаматтардан басқа ұсыным бергендер болған жоқ.

Еліміздің жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына сәйкес, ауыл әкімін тікелей халық өзі сайлайды. Ал, кандидаттың талапқа сай екенін құзырлы органдар анықтайды, сайлау комиссиясы тек құжаттарын реттейді. Ал, сайлаудың өту нәтижесін бақылаймын десеңіз, бақылаушы ретінде заң аясында аккредитациядан өтіп, тіркелсеңіз, өту барысын бақылай аласыздар. Сайлауда ауыл тұрғындары өз құқықтарын пайдаланып, қалаған кандидатына дауыс берсе, сөзсіз тұрғындардың таңдауы түскен азамат әкім болып сайланады. Егер сайлауға түсіп отырған 4 кандидатты да қаламасаңыз, «Барлығына қарсымын» деп дауыс беріңіздер. Қазір сіздер бұл мәселені уақытында көтеріп отырсыздар, – деген Манарбек Тлепов тұрғындарға үгіт-насихат кезінде кандидаттармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларымен танысып, өз таңдауларын жасау керегін айтты. Тұрғындардың басқа да сұрағына жауап берген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Көгершін ауылы әкімінің сайлауын тағайындау туралы хабарлама аудандық «Құлан таңы» газетіне жарияланғанын жеткізді.

Сайлауға өзін-өзі ұсынып, алайда кандидатурасы талапқа сай келмейтіндігі туралы хабарлама алған Арман Сүлейменов те өз шағымын жеткізді. «Сайлау кодексі бойынша 40 күн ішінде өткізіледі деген заң тұрғындарға қолайсыз. Себебі, 25 күн қалғанда кандидаттан құжат қабылдау тоқтатылады. Сосын 2 аптаның ішінде үлгере алмаймыз, газеттегі хабарламаны 4 күн кешігіп оқыдым. Конституцияда әкімдік барлық заңнамалармен, осындай бұйрықтармен таныстырады дегенмен, ондайды біз естімейміз әкімдіктен. Әйтпесе, бізде «WhatsApp» мессенджерінде тобымыз бар, сол жерге әкімдік мамандары ауылға қатысты мәселелерді жазып тұрады. Сайлау туралы да сонда салса, көрер едік қой. Заңда «Сайлау комиссияларының қызметі алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзеге асырылады» дейді, бірақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ауылымызға келіп, өтетін сайлау туралы жиналыс жасағанын көрген емеспіз. Біз соңында естіп, уақыттан ұтылып отырмыз. Сондықтан, біз сайлау кодексінде кемінде 40 күн ішінде өткізіледі деген мерзімді 50 күнге ұзартуын сұрар едік, – дейді Арман Берікұлы.

Ауыл әкімінің сайлауы алдында өз ауылының болашағы үшін алаңдап, белсенділік танытқан көгершіндіктердің бұл әрекеттерінен Ел Президентінің: «Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек» деген сөзінің көрінісін көрдік. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет» дегенін ескеріп, әділ сайлауды талап еткен Көгершін ауылы тұрғындарының тілегі ескерусіз қалмас деп сенеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы