Тыйым салынған танымал туындылар
Кэтрин Стокеттің «Қызметші» романында кейіпкерлердің бірі тыйым салынған әдебиеттер туралы былай дейді: «Тыйым салынған кітаптарды мен үнемі Калифорниядағы кітап сатушыдан тапсырыс беремін. Егер Миссисипи оларға тыйым салса, кітаптар міндетті түрде оқуға тұрарлық деген сөз». Оның бұл пайымына қарсылық білдіру қиын. Қарапайым әрі әлсіз шығармалардың тыйым салынған тізімге енуі екіталай. Ол оқырманды терең толғандырмайды және оқитын азаматтардың санасына төңкеріс әкелуі екіталай. Шын мәнінде тыйым салынған дүниеге қашанда қызығушылық басым болады. Мұндай шығармаларға деген ынтызарлық әрдайым болған, бола береді де. Себебі, олардың өне бойында уақыттың шындығы мен заман жайлы ащы мысқыл жатады.
«САЙТАН ЖЫРЛАРЫ».
САЛМАН РУШДИ
Біздің тізімімізде дәл осы шығарма ең ірі әрі өте қатыгез әдеби жанжал тудырған. Бұл тыйым салынған роман бірнеше адамды кісі өлтіруге итермелеген. Ал, кітаптың қанды ізі 1989 жылдан бері жалғасып келеді. Өкінішке қарай, бүгінде «Сайтан жырларының» басылымына қатысы бар кез келген адам өзін қауіпсіз сезіне алмайды.
Салман Рушди – үнді тектес ағылшын жазушысы. «Сайтан жырлары» шыққан кезде ол 25 жыл ішінде Букер сыйлығымен марапатталған барлық романдардың ішіндегі ең үздігі деп танылған «Түн ортасындағы балалар» романының арқасында өз заманының ең көрнекті және талантты жазушыларының қатарынан орын алды. Жазушының келесі кітаптарын оқырмандар да, кәсіби орта да өте жақсы қабылдады.
Бірақ 1989 жыл бәрін өзгертті. Иранның діни жетекшісі Аятолла Хомейни бүкіл әлемге пәтуа жариялайды. Бұл барлық мұсылмандар орындауға міндетті жарлық еді. Бұл пәтуада ол «Сайтан жырларын» күпірлік шығарма деп танып, ал оның авторын өлтіру керек деп бұйырады. Рушдидің басына 2,8 миллион доллар сыйақы жарияланады. Пәтуаны ресми билік те қолдайды. Иран президенті жазушыны ұстағаны үшін 4 миллион доллар уәде еткен.
Бұл кітапты бірінші болып шығарған Англия бүкіл әлемдегі мұсылмандар қудалаған «Сайтан жырларының» авторына баспана берді. Рушдидің басына қауіп төніп, ол үнемі бір пәтерден екіншісіне көшіп, британдық барлау қызметінің бункерлерінде жасырынып жүрді. Осындай шым-шытырыққа қарамастан ол жаңа шығармалар жазуға уақыт таба білген. Бірақ оның әйелі мұндай аласапыран салтына төтеп бере алмай, ажырасуға бел буады.
Тек жазушының өзіне ғана емес, кітапты шығаруға себепкер болғандардың барлығы қауіп-қатердің шырмауында еді. Айта кету керек, пәтуа әлі күшін жойған жоқ, ал оның басы үшін сыйақы мөлшері күн санап өсуде. Романды жапон тіліне аударған адамды діни фанаттар өлтірді, итальян тіліне тәржімалаған аудармашы ауыр жарақат алды, ал Норвегиядағы баспа кітапты басып шығарғаны үшін өмірлерімен қоштасуға сәл қалды. Қаншама аудармашылар мен баспагерлерге өлім қаупі төнгенін саусақпен санау мүмкін емес.
Ресейде Рушдидің романы ресми түрде ешқашан жарияланбаған. Себебі әлі де сол: қауіп-қатер. Мұсылман фанаттары кітапты басып шығаруға қатысқан күпіршілерді жазалау ниеттерін дауыстап айтудан тартынбады. Ресейде редакторлар мен аудармашыны жазалағысы келетіндер көп еместігіне ешкім кепілдік бермейді. Бір қызығы, кітапқа ашуланып, елді дүрліктіріп, қорқытып жүрген қаншама мұсылман оның мазмұнымен таныс емес. Кітапқа қарсы айтылған айыптаулардың барлығының шындық екеніне сенімді болмаса, оның авторына тіл тигізу мен жазалауды қалай қолдауға болатыны түсініксіз.
Рушди қайта-қайта кешірім сұрап, кітабы арқылы нақты нені меңзегенін түсіндіруге тырысқанымен, осы күнге дейін пәтуа күші жойылған жоқ.
«ДӘРІГЕР ЖИВАГО».
БОРИС ПАСТЕРНАК
Ресейде жоғары сынып оқушыларына әдебиет сабағында «Дәрігер Живаго» романын оқуға міндеттейді. Бірақ Кеңес дәуірінде бұл кітап тыйым салынған басылымдар санатына енгізілген. Жазушының өзі әбден қуғын-сүргінге ұшыраған. Бұл ақыр соңында оның денсаулығына елеулі проблемалар әкелді. Жазушыны социалистік революцияны қабылдамағаны үшін сөкті. Ал, романның өзі биліктің жоғарғы топтарында антисоветтік насихат деп саналды.
Борис Пастернак өз жұмысын символдық роман ретінде қарастырады. Оның басты кейіпкерлері Юрий Живаго мен оның сүйікті Лара христиан дінінің және Ресейдің тірі бейнесі ретінде ұсынылған. Романның бірінші басылымы Ресейде емес, Италияда басылды. Жазушы ресейлік баспалардың үздіксіз бас тартуынан шаршап, үміті үзіліп, бағын шетелде сынап көруді шешті. Ал, батыста бұл кітапты өте жақсы қабылдады. Романды орыстың жұмбақ жанының үстінен құпия пердені көтеруге қабілетті орыс мінезінің тамаша иллюстрациясы деп бағалады. Шығарманың табысты болғаны сонша, 1958 жылы Борис Пастернак әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Бірақ шетелдегі мұндай қошемет Пастернактың өз отанындағы жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Өз елінде ол сатқын, жала жабушы және антисоветтік үгітші деп танылды.
Мемлекеттік газеттердің бірінде Пастернакты 30 күміске сатылған Яһудаға теңеген мақала жарияланды. Жазушыға және оның шығармашылығына қарсы талай митингілер де өтіп, онда антисоветтік жауызды жазалауды талап етіп қорқытып, қаламгердің атына қорлау хаттар жазылды.
Жазушы Нобель сыйлығынан бас тартты. Баспасөздегі тұрақты жойқын және қорлайтын жазбалардың қысымына және өз отандастарының ашық өшпенділігіне шыдау оңай болмады. Пастернак өзінің бас тарту хатында былай деп жазады: «Маған берілген марапаттың мен тиесілі қоғамда алған маңыздылығына байланысты одан бас тартуым керек. Сыйлықтан өз еркіммен бас тарту туралы шешімімді қорлау деп санамаңыз». Алайда, бұл жазушының Ресейдегі жағдайын мүлде жақсартқан жоқ. Ол КСРО Жазушылар одағынан шығарылды.
Әлемдік аренада Ресейдің бұл әрекеті қатаң түрде айыпталды. Альберт Камю, Эрнест Хемингуэй, Андре Моруо, Олдоус Хаксли секілді көптеген танымал жазушылар Борис Пастернакты қолдады. Мұндай қиындыққа қарамастан Пастернак өз отанында қалып, шығармашылық жолын жалғастыра берді. Отанын тастап кету ол үшін өліммен тең екенін айтты: «Мен Ресеймен тумысым, өмірім, жұмысым арқылы байланыстымын».
Ресейде «Дәрігер Живаго» алғаш рет 1988 жылы жарық көрді және бірден нағыз бестселлерге айналды. Кітапты басуды «Новый мир» журналы (отыз жыл бұрын жазушыға қарсы ашылған қуғын-сүргінді ашық қолдаған журнал) өз қолына алды. Дәл осы романның арқасында журналдың таралымы күрт өсіп, халықтың сұранысының артуына сеп болды. Юрий Живагоның хикаясын мыңдаған адам асыға күтетін болды. Нәтижесінде журналдың жазушылар саны да артты. Бүгінгі таңда бұл роман орыс классиктерінің ең мықты шығармаларының бірі саналады. Ақыры бұл туындының теңдессіздігін бүкіл әлем мойындады және туған елінде де сүйіспеншілікке ие болды.
«1984». ДЖОРДЖ ОРУЭЛЛ
Джордж Оруэллдің «1984» романы әдебиеттегі ең танымал сенсациялық дистопиялардың бірі. Ол ұзақ уақыт бойы КСРО-да тыйым салынған кітаптар тізімінде болды. Ал, алғашқы жарияланымы 1988 жылы шығармаға салынған тыйым ресми түрде жойылғаннан кейін ғана жарыққа шықты.
Джордж Оруэллді сенімді түрде әлеуметтік жазушы деп атауға болады. Ол өз шығармаларында әрқашан мемлекеттік деңгейде шешілетін маңызды әмбебап мәселелерді көтереді. Жұмыссыздық, кедейлік, әлеуметтік стратификация, әлеуметтік наным-сенім мен теріс пайым, жемқорлық сынды мәселелердің бәрін шебер жазды. Соның ішінде ол тоталитаризм сияқты саяси режимнің қатал шындығын өте жақсы білген. 1936 жылы Оруэлл Испаниядағы азамат соғысына қатысып, ұлтшылдарға қарсы жұмысшы партиясының жағында соғысты. Мойынынан жараланып, туберкулезбен ауырған соң, майданға орала алмай, соғысты басқа әдістермен жалғастырды. ВВС арқылы хабар беріп, неміс фашистік үгіт-насихатына қатал және ашық түрде қарсы шықты.
«1984» романы жазушының адам бостандығынан, азаматтық құқықтарынан және даралықтарынан айырылған тоталитарлық режимге ең жарқын наразылығы болды. «Соғыс – бейбітшілік», «Бостандық – құлдық» және «Үлкен аға сізді бақылап отыр» роман мәтініндегі бұл тіркестер бұрыннан танымал. Тіпті, Оруэллдің шығармашылығымен таныс емес адамдарға да белгілі. Жазушыға кейіннен басқа да көптеген қоғамдық институттар мен қайраткерлер қосылған британдық социалистік қозғалыстар мен қоғамдық ұйымдардың көптеген өкілдері шабуыл жасады. Сондықтан, жазушыға бір жыл бойы әртүрлі баспалардың есігін қағуға тура келді. Бірақ бәрі сәтсіз болды. Оруэллдің көзі тірі кезінде романның мың дана тиражы ғана жарық көрген болатын. Қазіргі заманғы шындықта «1984» дистопиясы мәңгілік бестселлерлер ретінде барлық уақыттағы ең үздік кітаптар тізімінде қала отырып, өз беделін сақтап келеді. Осылайша, 2003 жылы роман «ВВС нұсқасы бойынша 200 үздік роман» тізімінде сегізінші орынға ие болды.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ