Тараз – мыңжылдық теңгелер шаһары
Тарихы тағылымға толы Тараз қаласы ежелден руханият пен мәдениеттің, дін мен ділдің ғана орталығы емес, көпестердің жиі қатынайтын мекені болған. Бұл туралы ІХ ғасырдың бірінші жартысында математик, географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Тараз бұл көпестер қаласы» деп жазса, сауда-саттықтың дамуы есебінен дамыған қаланың жай-күйі туралы X ғасырдағы араб географы әл-Мақдиси: «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші шепте үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр», деп дерек қалдырған. Мұндай потенциал өз кезегінде экономиканың сан саласына әсер етпей қоймасы анық. Дәл осы алтын ғасырда мұнда шыны жасау ісі қарқынды дамып, Тараз шырағдандар мен теңгелер шаһарына айналған еді.
Қараханидтер кезеңінде гүлденудің шарықтау шегіне дейін көтерілген Тараз маңында Жікіл, Төрткүл, Шелжі, Оххум, Хамукет, төменгі Барысхан секілді кіші қалашықтар да бой көтерді. Бұл шаһарлар да маңызды стратегиялық, сауда-саттық, әскери міндеттерді атқарды. Мәселен, Жікіл қалашығы әуелде өзі аттас тайпаның әскери қосыны ретінде бой көтерсе, Шелжі күміске бай мекен ретінде аймақтағы алғашқы металлургиялық орталықтың бірі болып, теңге жасау ісін дамытқан. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелгі қала түргештер, қарлұқтар мен қараханидтердің орталығына айналып, онда ғасырлар бойы жоғарғы билеушілердің атынан монета шығаратын сарайлар болған. Дәл осы дәуірдегі монеталардың көп бөлігі мыстан жасалған, яғни мыс монетасын ежелгі Тараз қалашығында саудагерлер мен тұрғындар өзара сауда-саттықта, ал күміс монетасын ірі мемлекеттермен қарым-қатынаста пайдаланған. Десек те, аймақтағы теңге жасау ісінің тарихы қараханидтер кезеңінен де ерте дәуірден бастау алады. Мұны облыс орталығында жүргізілген қазба жұмыстары анықтап отыр. Мәселен, «Ежелгі Тараз» қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижелері бойынша ғалымдар VII ғасырда Таң әулетінің импорттық қытай монеталары айналымда қолданылғанына көз жеткізген.
Маманның айтуынша, көне шаһардағы алғашқы монеталар 1002 жылдары шыға бастаған. Бұған М.Массон, О.Смирнов, А.Бернштам, М.Бубнов, А.Марков, М.Федоров, О.Прицак секілді ғалымдардың еңбектері мысал бола алады. Мысалы, мұнда сол кездегі саяси ахуалға байланысты әр жылдары Қарахан мемлекетінің билеушілері мен оған бағынышты хандар Мұхаммад ибн Али мен оның бауырлары Илек Насрдың, Наср Ахмад ибн Алидың, 1024-1025 жылдары мемлекетті басқарған Арслан ханның, 1013-1025 жылдары Тараз, Бұқара, Шаш, Самарқандтың бағынышты билеушісі болған Мансур ибн Алидың, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» поэмасы арналған Хасан ибн Сүлеймен мен оның ұлы Қара-тегіннің, Халиф әл-Муктади Боғра-ханның және өзге де билеушілердің атынан теңгелер шығып отырған. Ғалым Борис Лунин жариялаған нумизматикалық деректеріне сүйенсек, қараханидтер кезеңінде бұл үрдіс 1173 жылға дейін үздіксіз жалғасып келген.
1269 жылы Талас өзенінің жағасында өткен Шағатайлардың құрылтайында Талас облысын басқаруды Қайдудың билігіне беру туралы шешім қабылданады. Таразда Қайдудың жақтастары Бұқа-Темірдің және Дуваханның монеталарының болуы 30 жылдан аса уақыт қаланың өз алдына тәуелсіз дербес ел болып қалыптасқандығын көрсетсе, 1311-1312 жылдары қатты металдан теңгелердің шығарылуы сол кезеңдерде осы өлкеде билеушілер арасында өзара алауыздық тартыстар болғандығын көрсетеді. Моғолстан билеушісі Есен-Бұға өмірден өткеннен кейін, оның баласы Кебектің, кейін оның інісі Тармашырынның тұсында да теңге басып шығарылып отырған.
Тарихи тізбек тәуелсіздік жылдарында да жалғасты. Еске салсақ, 1993 жылы еліміздің алғашқы теңгесі Англияда басылып шығып, ұшақтарға артылып, жасырын түрде облыстарда жерасты қоймаларына тасымалданады. Мереке қарсаңында сол алғашқы теңгелер бірінші болып Мойынқұм жеріне жеткізілгенін өңір жұртшылығы мақтанышпен еске алады.
Нұрболат АМАНБЕК