Жобалық менеджментті жетілдіруде
Соңғы жылдары елімізде жаңа инновациялық технологиялар табысты енгізілуде. Цифрландыру бағытындағы мұндай сәтті трансформацияның мысалдарын сан саладағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді және бизнес-процестерді оңтайлы шешуде, өмір сүру сапасын жақсартудағы жетістіктерден анық байқауға болады. Бұдан бөлек, цифрландыру басқару жүйесіне де айтарлықтай әсер етіп келеді. Оған басқару жүйесіндегі жобалық менеджментті мысал етуге болады.
Соңғы жылдары жобалық менеджменттің тәсілдері, принциптері мен құралдары мемлекеттік басқару саласында да өзекті болып отыр. Шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша, бүгінгі күні әлемде 24 миллионнан астам маман әртүрлі саладағы жаңашылдықтарды жобалық-бағдарлау қызметі арқылы жүзеге асырады. Әлем елдерінде жобаларды басқаруға жыл сайын шамамен 10 триллион АҚШ доллары жұмсалады. Тәжірибе көрсеткендей, ірі жобаларда стандарттық жобалық технологияларды қолдану 15-20 пайыз экономикалық тиімділікке алып келеді. АҚШ жобалық менеджмент институтының болжамы бойынша, 2030 жылдарға қарай бағдарламалар мен жобаларға әлем бюджетінің шамамен 30 пайызы бағытталатын болады. Еліміз де бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Ел Үкіметінің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде және 2022 жылғы 1 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің тапсырмалары аясында мемлекеттік қызметте жобалық басқару қағидаларын қолдану жұмыстары бастау алған болатын. Бүгінде бұл міндетті өңірлерде Жобалық басқару және цифрландыру орталықтары жүзеге асырады.
Облыстың Жобалық басқару және цифрландыру орталығы екі бағытта жұмыс атқарады. Оның біріншісі – мемлекеттік секторға жобалық басқаруды енгізу және дамыту болса, екіншісі – цифрлық саясатты іске асыру болып саналады. Аталған орталық бүгінде мемлекеттік секторға жобалық басқару қағидаларын енгізе отырып, мемлекеттік органдар арасында коммуникацияларды нығайту жұмыстарын іске асыруда. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар үшін Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарына сәйкес аталған орталық «Адами капитал», «Кәсіпкерлік және өнеркәсіп», «Инфрақұрылым», «Агроөнеркәсіптік кешен», «Үлгілік базалық» сияқты бес базалық бағыт бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасын іске асырудың бірыңғай жобалық архитектурасы аясында жұмыс істейді.
Орталық басшысының айтуынша, Ақпараттық жүйенің дұрыс жұмыс істеуі салаға жауапты министрлікпен қадағаланады, тиісінше Президент әкімшілігі жүйе арқылы өңірлерде іске асып жатқан жобаларды бақылай алады. Айта кету керек, жобалық офис бұл бағытта өңірлер арасында жобалық тәсілдерді енгізу бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұған мысал ретінде орталықтың былтыр Астана қаласында өткен «Qazaqstan Project Management Awards – 2023» республикалық ұлттық конкурс байқауында «Үздік жобалық кеңсесі» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленіп алғандығын айтуымызға болады. Қазіргі кезеңде орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп 120-дан астам жобаларды «Битрикс» және EasyProject бірыңғай республикалық жобалық басқару жүйесінде атқаруда.
Елімізде қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді жобаларды басқару негіздеріне оқытуды әртүрлі оқу орталықтары мен шетелдік сарапшылар іске асырады. Сондай-ақ, халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, жобалық тәсілді іске асырудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – бейімделген ұлттық стандарттарды әзірлеу екендігін көрсетіп отыр.
Нұрболат АМАНБЕК