Жасанды интеллект – қаржы саласын дамытудың жаңа қарқыны
Елімізде жасанды интеллектіні дамыту және оны өндірістің сан саласына енгізу бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жалғасып келеді. Бүгінде жаңа инновациялық технологиялар білім, медицина сынды әлеуметтік салалардан бөлек қаржы-экономика, инфрақұрылым бағыттары бойынша кең қолданысқа еніп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында облысымызда аймақтық Zhambyl IT Hub жұмыс істейді. Аймақтық хабтың ұйымдастыруымен өңірде технократ жастарды қолдау бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Тараз қаласында алғаш рет финтех және жасанды интеллект тақырыбында өткен «FinAI Forum 2024» форумы осының айқын дәлелі.
Zhambyl IT Hub және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты бірігіп ұйымдастырған форум өңірдегі IT мамандарына жаңа мүмкіндіктерді таныстырып, олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуді мақсат тұтқан. Қаржы саласындағы жасанды интеллектілердің мүмкіндігі жайы сөз болған жиында алғаш сөз алған институт президенті Нұржан Мүслімов аймақта IT және финтех салаларының даму мүмкіндіктері мол екенін айтып, FinAI Forum сияқты іс-шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, форумның Жамбыл облысында қаржылық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытудағы алғашқы қадамы екенін жеткізді.
Іс-шара аясында бірнеше спикерлер сөз сөйлеп, финтех пен жасанды интеллект саласындағы жаңа трендтер мен тәжірибелерімен бөлісті. Солардың бірі «Prosperpay» компаниясының бас директоры Бейбіт Жантөрин қаржылық қызметтердегі инновациялар мен әлемдік трендтер туралы айтып өтті.
Еліміздің қаржыландыру саласындағы жасанды интеллектіні қолданудың сәтті мысалдарының бірі Қазақстан Ұлттық банкінде бюджеттік жоспарлауды автоматтандыру жүйесін енгізу екендігін атап өтуге болады. Бұл жоба 2019 жылы Қазақстан Ұлттық Банкінде іске қосылды. Жобаның мақсаты – бюджеттік жоспарлау процесін жақсарту, болжамдардың дұрыстығын арттыру және Қазақстан Ұлттық банкінің қаржы ресурстарын басқару тиімділігін арттыру. Ұлттық банктегі осы жаңашылдықтың арқасында кірістер мен шығыстар болжамдарының дұрыстығы артты. Банк сонымен бірге қаржы ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыра алды, шығындарды азайтып, бюджеттеу саласындағы анағұрлым ақылға қонымды шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды. «FinData» компаниясының негізін қалаушы Айсұлтан Садықбек те қаржылық жоспарлаудағы жаңа иннновациялық технологияның мүмкіндіктеріне баса мән берді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, «FinAI Forum 2024» секілді іс-шаралар өңірдің IT және финтех саласындағы жаңашылдықтарды дамытуға үлкен үлес қосуда. Форум облыстағы IT қауымдастығы үшін кәсіби байланыстар орнатуға, білім алуға және тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік алаңын қалыптасуға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан, осы бағыттағы игі іс-шаралар легі әлі де жалғасын таппақ.
Нұрболат АМАНБЕК