Медициналық қызметке айтылатын шағым азаймай тұр
Денсаулық – басты байлық болғандықтан, медициналық қызметке ел биілігі де ерекше ден қояды. Халықтың денсаулығын сақтау, өмірді ажалдан арашалау үшін бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын артпаса, кеміген емес. Алайда, медициналық қызметке көпшілік тарапынан айтылатын шағым азаймай тұр.
Мысалы, биылғы тоғыз айдың ішінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде жеке және заңды тұлғалардан 413 өтініш қаралған. Түскен шағымдардың 22 пайызы медициналық қызметтердің сапасына қатысты болса, 9 пайызы пациенттерді қабылдауды ұйымдастыруда кеткен кемшіліктерге, ал 12 пайызы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасына байланысты. Сондай-ақ, 4 пайызында жұмысқа жарамсыздық туралы анықтама берудің негізділігіне шағым болған.
Сонымен қатар, 9 ай ішінде мемлекеттік органның мүгедектік мәселелері бойынша 37 өтініші, түзеу мекемелерінің медициналық бөліміне қатысты сотталғандардың 22 өтініші қаралыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жеке қауіпсіздігі және облыстық соттың жеке қауіпсіздігі атынан уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама берудің негізділігі бойынша 2 жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Гүлмира Тоқанқызының айтуынша, биылғы 9 айда медициналық және фармацевтикалық қызмет саласындағы жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде департамент «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске сәйкес жалпы соммасы 3 миллион теңгеден астам 70 әкімшілік хаттама жасапты. Олар – медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі және оның стандарттарын сақтамау, сертификаты және лицензиясы жоқ тұлғаның заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуы, еңбекке жарамсыз қағазын беру тәртібін бұзу секілді кемшіліктер. Сондай-ақ, фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының ережелерін бұзу, атап айтқанда, дәрілік заттарды сақтау, жою, тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету ережелерін бұзу да бар. Медициналық және фармацевтикалық бөлімше тағы бірқатар бұзушылықтарды анықтапты. Бұл бұзушылықтар бас прокуратураның дәрiлiк заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналысы бойынша заңнама талаптарын сақтау жөнiндегi нұсқауымен белгілі болған. Атап айтсақ, Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі, Байзақ аудандық ауруханалары мен №5 қалалық емхана тарапынан «DAMUMED» медициналық ақпараттық жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың рецептілері туралы жазба жоқ болып шыққан. Дұрыс рәсімделмеген рецептілер бар. Диспансерлік науқастарға динамикалық бақылау жүргізілмеген. Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз етілуі мен пайдаланылуына бақылау жасалмаған.
Анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті іс-шаралар атқарылып жатқан көрінеді. Қайткенде де халыққа сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету басты назардан түспеуі керек.
Қамар ҚАРАСАЕВА