Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
Әр тасы тарихқа толы Тараз топырағы салауатты өмір салтын насихаттап, түрлі спорттық жарыстар өткізумен де белсенді. Облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде алғаш рет «Taraz city Run» бірінші болу батылдығы» корпоративтік қоры ұйымдастырған жүгіру маусымының финалдық жарысы өтті.
Аталған қор 2012 жылдан бері елімізде бұқаралық спортты белсенді дамытуға үлес қосып келеді. Жыл сайын онға жуық спорттық іс-шара ұйымдастыруда.
Бұл халықаралық марафон жарысына әлемнің 14 елінен 1500 адам қатысып, жарыс бағыты Тараз қаласының орталық көшелерінде өтті. Марафонды 10-14 жас аралығындағы 3 шақырым қашықтыққа жүгірген балғындар бастады. Марафон «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінен басталып, Тұрар Рысқұлов саябағы, «Mart» сауда орталығы, орталық стадион, Асқар Тоқпанов атындағы драма театры, Қайрат Рысқұлбеков саябағы, Һибатулла Тарази мешіті, К.Әзірбаев филармониясы және Тұңғыш Президент паркі арқылы жалғасын тапты.
Ерлер арасында 10 шақырым қашықтыққа жүгіріп, 31 минут, 18 секунд үздік нәтиже көрсеткен қазақстандық Разимжан Келманов жеңімпаз атанды. Күміс пен қоланы да отандастарымыз Нұрысбек Сексембай мен Алексей Гусаров жеңіп алды. Әйелдер арасында 36 минут, 9 секундта аяқтаған Дана Гусарова чемпион атанып, барлық қарсыласынан басым болды. Екінші және үшінші орындарды Ольга Сердюкова мен Дарья Бычкова иеленді.
Тағы бір айта кетерлігі,осы марафонға ең үлкен қатысушы 82 жаста болса, ал ең жас қатысушы небәрі 10 жаста. Мұның өзі спорттың ешқашан жас талғамайтынын көрсетеді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы