Тұрғындардың талап-тілегі тұрақты бақылауда
Тоғыз жолдың торабында орналасқан, өрлеудің сан салалы жолына түскен ауданның бірі – Шу. Сондықтан, аталған аудандағы халық қалаулыларының да атқарар қызметі сан түрлі. Шу аудандық мәслихат депутаттары өз өкілеттіктерін атқару барысы және басқа да мәселелер бойынша сайлау округтерінде бекітілген кестеге сәйкес қала және ауылдық округ орталықтарында былтыр және 2024 жылдың 10 айында сайлаушылармен 4 рет кездесу өткізді.
Кездесулер барысында 191 мәселе көтеріліп, тиісті мекеме басшыларының атына мәслихат депутаттары 2023 жылы – 56, оның ішінде Amanat партиясынан сайланған мәслихат депутаттары – 28, 2024 жылдың 8 айында 38 депутаттық сауал жолдады. Оның ішінде Amanat партиясынан сайланған депутаттар 23 сауал жолдаған. Бүгінгі таңда жолданған сауалдардың 38-і нақты орындалды, ал қалған депутаттық сауалдардың орындалуы қаржының тапшылығына байланысты кейінге шегеріліп отыр. Негізінен жолданған депутаттық сауалдар елді мекендердегі авто және көше жолдарын салу, жөндеу, балалар ойын алаңшасын соғу, жаңадан медицина, пошта, учаскелік пункт ғимараттарын салу, мектептерді күрделі жөндеу, ауыз су құбырларын жүргізу, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңасына ауыстыру мәселелеріне қатысты болды.
Атқарылған істерге нақты тоқталсақ, былтыр депутаттар Amanat партиясының аудандық филиалында 30 қабылдау өткізді. Қабылдау барысында 90 мәселе көтеріліп, оның 48-і оң шешімін тапты. 2024 жылдың 8 айында 37 қабылдау өткізді, 101 мәселе көтеріліп, оның 62-сі оң шешілді. Сонда жүзге жуық мәселе халық қалаулыларының қолдауымен және тікелей араласуымен шешімін тауып жатыр.
Депутаттар аудандағы мүгедектер мен жалғызбасты қарттарға азық-түлік себеттеріне, аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға демеушілік көмектер көрсетіп келеді. Былтыр мәслихат депутаттары 3 миллион 773 мың теңгеге көмек көрсетсе, оның ішінде Amanat партиясынан сайланған депутаттар 2 миллион 750 мың теңге қаражат көлемінде мырзалық танытты. Биылғы жылдың 10 айында 6 миллион 414 мың теңгеге депутаттар қайырымдылық пен демеушілік жасаса, оның ішінде Amanat партиясынан сайланған депутаттардың үлесі 4 миллион 115 мың теңгені құраған.
Сондай-ақ, Шу аудандық мәслихат депутаттары тарапынан мектеп оқушыларына қомақты қаражатқа мектеп формасы, кеңсе тауарлары алынып берілген. Былтыр ауа райының күрт өзгеруіне байланысты облысымызда, оның ішінде Шу, Қордай аудандарында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. «Ер сыналар майданда» демекші, азаматтардың нағыз мықтылығы осы тұста таразыға түскен болатын. Тоғыз жолдың торабы болып саналатын Шу стансасы арқылы өтетін жолаушы поездары толассыз тұрған қатты жел мен бұрқасынның салдарынан белгіленген кестеден бірнеше сағатқа кешігіп, Шу вокзалында тұралап қалған сәттері аз болмады. Сол уақытта орын алып отырған жағдайды ескере келе әбігерге түскен жолаушыларға теміржол мекемелері, аудан кәсіпкерлері, полиция қызметкерлері, тағы да басқа мекемелер мен ұйымдар дер кезінде қолдау көрсетіп, Шу халқының қонақжайлылығын, ауызбіршілікті паш етті.
Мұндай игі іс-шаралардан халық қалаулылары – аудандық мәслихат депутаттары да тыс қалған жоқ. Депутаттар ауа райының қолайсыздығына қарамастан кептелісте тұрған, өз кезегін күткен жолаушыларға ыстық тамақ, сусындар таратып, қайырымдылық пен бірліктің үлгісін көрсетті. Көрсетілген қайырымдылық көмектер мен қолдаулар үшін жолаушылар әлеуметтік желілерде өздерінің Шу халқына деген алғыстары мен ризашылықтарын әлі күнге дейін білдіруде.
«Шу өңірі» – «Шуская долина» газетіне мәслихат депутаттары 2023 жылы ұзын саны 4 мақала жарияласа, әлеуметтік желілерде 131 материал жарық көрді. Ал, осы жылдың 8 айында 73 материал шығарылған.
Он айдағы мәселелер оң шешілген
Шу аудандық мәслихатының былтырғы жылға арналған перспективалық жұмыс жоспарына сәйкес 2023 жылдың сәуір айы мен желтоқсан айы арасында мәслихаттың 1 ұйымдастыру, 3 кезекті және 12 кезектен тыс сессиясы өткізіліп, 90 мәселе қаралған. Олардың ішінде жоспарлы түрде қаралғаны – 8. Нәтижесінде мәслихаттың 90 шешімі, мәслихат төрағасының 55 шешімі мен 57 өкімі қабылданды. Облыстық Әділет департаментінен 16 шешім мемлекеттік тіркеуден өтті. 2024 жылдың 10 айында 4 кезекті, 7 кезектен тыс сессиясы өткізіліп, 50-ден астам мәселе қаралып, мәслихаттың 49 шешімі, тұрақты комиссиялардың 16 қаулысы қабылданыпты.
Былтыр мәслихат депутаттарының атына 7 өтініш түскен. Олардың 6-ы оң шешімін тауып, 1-нің шешу жолдары түсіндіріліп, құзырлы органға қарау үшін жолданыпты. Ал, осы жылдың 10 айында түскен өтініштердің көпшілігі оң шешімін тауып отыр.
Аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының 2023 жылға арналған жоспарларына сәйкес, бірлескен 30 отырыс өткізіліп, 48 мәселе қаралып, 48 қаулы қабылданыпты. Ал, 2024 жылдың 10 айында 15 отырыс өткізіліп, 15 қаулы қабылданған.
2023 жылы және 2024 жылдың 8 айында тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстары мен сессияларда ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағытында бірқатар мәселелер қаралған. Атап айтқанда, 17 ауылдық округ әкімдерінің, 11 аудан әкімдігі бөлімдерінің 2022 жылы атқарған жұмыстары мен 2023 жылға енгізілген жоспарлары, ауданда салық түсімдерінің жайы, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жоба» бағдарламасының, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының орындалу барысы», «Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету мен ауданда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жұмыстарының жайы», «Елді мекендердегі жеке және заңды тұлғаларды ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстарының жайы», «Ауданның бюджеттік мекеме, кәсіпорындары мен Шу қаласының көпқабатты үйлеріне жылу берудің барысы», «Ауданның елді мекендерінде пошта байланысы қызметтерінің ұйымдастырылуы», «Ауданда басым бағыттар бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстарының жайы», «Аудан әкімінің өзіне жүктелген міндеттері мен функцияларын орындаудағы аудандық мәслихат депутаттары алдындағы есебі» туралы мәселелер қаралып, тиісті мекеме басшыларының есептері тыңдалыпты. Мәселелерді қарау және талқылау барысында орын алған кемшіліктер депутаттар тарапынан сынға алынып, оларды болашақта болдырмау жөнінде нақты тапсырмалар берілді және олардың орындалуы тұрақты бақылауға қойылған.
Ағын су мәселесі биылғы көктем айында да аудандық мәслихат депутаттарымен көтеріліп, бұл саланы қаржыландыру, материалдық базаны нығайту мәселесін шешу бойынша Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовқа, облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабекке, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директорына хат жолданып, жауаптар алынған.
Алдағы уақытта да атқарылар іс көп
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаттары тарапынан Шу ауданының орталығы – Төле би ауылындағы 300 орындық әл-Фараби мектебі құрылысының тұралап қалуы бойынша және Төле би ауылындағы «Ауданаралық балаларды оңалту орталығы» құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеден кешіккені, жұмыстардың сапасыз орындалғаны бойынша облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысына депутаттық сауал жолданыпты. Соған сәйкес, облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан мердігер «Сұңқар-2002» ЖШС-не өндірістік кестеден кешіккені үшін өсімпұл өндіріп алу және келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны үшін жосықсыз мердігер деп тану бойынша сотқа талап арыз берілген. Нәтижесінде мектептің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Ал, «Ауданаралық балаларды оңалту орталығының» құрылысы да аяқталды. Нысан өткен жылдың желтоқсан айында салтанатты түрде ашылыпты.
Сондай ақ, «Ауданның елді мекендерінде пошта байланысы қызметтерінің ұйымдастырылуы туралы» мәселені қарау барысында орын алып отырған кемшіліктер мен олқылықтарды жою жөнінде «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директорына депутаттар тарапынан хат жолданыпты. Бұл мәселе тұрақты бақылауға қойылды.
Сонымен қатар, Шу қаласындағы Макаренко атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары бойынша депутаттардың ықпалымен жылу құбырларын жаңадан салу мәселесі оңды шешімін тапқан.
Жалпы, былтыр арналған аудандық және Шу қаласы, ауылдық округтер бюджеттерін нақтылау бойынша мәслихаттың 9 сессиясы өткізілген.
Нәтижесінде аудандық бюджеттің кіріс бөлігі 14 миллиард 917 миллион 656 мың теңгеге ұлғайса, шығыс бөлігі 14 миллиард 802 миллион 770 мың теңгені құраған. 2024 жылдың 10 айында бюджет 2 рет нақтыланыпты.
Шу аудандық депутаттардың алдағы уақытта да атқарар істері ауқымды. Мұны олардың алдағы уақытқа жасаған жоспарлары мен жарқын мақсаттарынан байқауға болады.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы