Әлеумет

Тәуекелге толы міндет

Әдетте, әскери барлаушылардың қызметі, олардың немен айналысып, қандай нәтижеге қол жеткізгені жариялана бермейді. Өйткені, бұл саланың өзі құпияға негізделген. Әйтсе де, бір нәрсе анық. Әскери барлау қызметі – ұдайы қауіпке және тәуекелге байланысты.

Қазақстандық әскерилер халықаралық барлау топтары, мерген жұптары, патрульдер сияқты сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Барлау бөлімшелерінде алдыңғы буынның дәстүрін қастерлейді және оларды жауынгерлік тәжірибеде қолданады. Ең күрделі, өмірге қауіп төнетін жағдайда кейде іске асуы қисынсыз міндеттерді орындау кезінде олар айрықша батырлық, шыдамдылық және кәсібилік көрсетеді. Отанға деген шексіз адалдық, жанқиярлық – мемлекеттің мүддесін қорғаудағы әскери барлаушылардың негізгі қасиеттері.

Тарихқа үңілсек, әскери барлау күнінің бекітілуі большевиктермен тікелей байланысты. Сонау 1918 жылы Әскери халық комиссариаты Лев Троцкий кеңестік әскери барлаудағы тұңғыш «Барлау және қарсы барлау қызметінің жалпы ережелері» құжатын бекітті. Далалық штаб құрамында барлық әскери барлау агенттігінің басын біріктірген тіркеу басқармасы құрылып, тұңғыш бастығы болып Семен Аралов тағайындалды. Тіркеу басқармасының құрамына агенттік және әскери бақылау, яғни «контрразведка» секілді екі бөлімше кірді. Әскерлер барлауымен Шұғыл Басқарманың барлау бөлімшесінің 15 адамнан тұратын құрамы айналысты. Агенттік барлау және әскери бақылау органдары пайда болғанымен, жалпы әскери барлау топтасқан күйде қалды.

Көп ұзамай Мәскеуде барлау және әскери бақылау курстары ашылды. Оның бағдарламасы жаяу әскер барлау, артиллерия, география, байланыс қызметі, әкімшілік, тактика, артиллериялық барлау, бақылау барлау (контрразведка), инженерлік бақылау, топография, кавалерия барлауы (атты әскер), әскери-топографиялық барлау, агенттік барлау пәндерінен құралды. Кейінірек француз, неміс, ағылшын, жапон, швед, фин және тағы басқа шет тілдерін оқыту басталды. 1921 жылдың сәуір айында тіркеу басқармасы республиканың революциялық әскери кеңесінің Барлау басқармасының штабы болып өзгертілді. Басқарманың штатына әскери барлау бөлімі де қосылды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлау бастығы, полковник Ербол Серғазиннің айтуынша, барлау қызметінде әрбір әскери қызметшіге ерекше көңіл бөлінеді. Ол өз сөзінде офицерлер жедел ойлау, түрлі жағдайларға ден қою және тез шешім қабылдау сияқты қасиеттері бойынша іріктелетінін жеткізді.

Есен ӨТЕУЛІ