Әлеумет

Нәзікжанды подполковник – өз ісінің нағыз шебері

Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 5 мамырдағы бұйрығына сәйкес, Қарулы Күштердегі Әскери журналист күні кәсіби мерекесі өтті. Біз мұны ақпарат майданында сертте тұрған семсер сөз иелеріне көрсетілген құрмет деп білеміз. Жалпы, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әскери журналистикасының жылнамасы 1992 жылдан бастау алады. Дәл сол жылы 16 желтоқсанда Қорғаныс министрлігінің Орталық органы «Қазақстан сарбазы» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы және армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ақпарат саласына айрықша мән беріп, тұңғыш әскери газет пен телефотостудияның ашылуына тікелей өзі мұрындық болды. Сол тұста газеттің жауапты редакторы болып подполковник Виль Рахманқұлов тағайындалады. Кейіннен 1993 жылы басшылыққа келген полковник Сапарғали Жағыпаров жеті жылдан астам уақыт шығармашылық ортаның шырайын келтірді. Бұл есім Қазақстан Қарулы Күштеріндегі қалам ұстаған әріптестер үшін аңызға айналған.

Сапарғали Нұрдәулетұлы 1993 жылы «Елге де әскери журналист керек» деп туған жерге оралады. Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің қабылдауында болып, жаңадан ашылған газеттің редакторлығына тағайындалады.

Ол жайында өзі:

Бар саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған полковник Сапарғали Жағыпаров тәуелсіздік жылдарында әскери журналистер шоғырын тәрбиелеп шығарды. «Қазақстан сарбазынан» қанат қаққан сол үркердей топ ұстаз сенімін ақтай білген сияқты. Ал, олардың бүгінгі ізбасары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Дина Мухаринова екенін біз де әрдайым мақтан тұтамыз. Кейіпкеріміздің ата-анасы Омбыдан Қазақстанға көшіп келген. Алдымен Алматыға, кейін Жамбылға, көп ұзамай Жаңатасқа қоныс аударған.

Нәзікжанды әскери қызметші мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ жергілікті «Қаратау кеншісі – Горняк Каратау» газетіне мақалалар жариялап тұрған. Мақалаларында негізінен парашютпен секіруге деген құштарлығы және ДОСААФ авиациялық-техникалық спорт клубында жаттығатыны жөнінде баяндайтын. Әскери өмірге бала кезінен қызығатын ол осы күнге дейін шамамен 400 мәрте парашютпен секірген. Динаның әскери қызметкер болу арманының астарында кеңес жауынгерлерінің ерліктеріне деген құрмет, солардай болсам деген мақсат жатты. Ал, анасы Светлана Борисқызы қызының журналистикаға барғанын қалайды. Осылайша, бойжеткен Жамбыл педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, үздік аяқтайды. Оқуын тәмамдап, жұмыс бойынша жолдама күтіп жүргенде ойламаған жерден облыстық радиодан ұсыныс түседі. Өңірлік радиоға журналист керек екенін білген анасы Светлана қызының мақалалары жарық көрген газеттерді жинап, радионың бас редакторы Николай Крестовскийге барған екен. Сұхбат сәтті өтіп, көп ұзамай қызы жұмысқа қабылданады. Кейін облыстық телеарнаға жаңалықтар тілшісі болып ауысады. Журналистикада жүрсе де әскери қызметкер болсам деген арманынан күдер үзбеген кейіпкеріміз авторлық «Гарнизон» телехабарын жарыққа шығарады. Жауынгерлер өмірінен сыр шерткен жаңа жобаны облыс тұрғындары жылы қабылдайды.

Айта кетейік, кейіпкеріміз 2000 жылдардан бастап еліміздің барлық әскери бөлімдерін аралап, қазіргі уақытта республика армиясын басқарып отырған офицерлердің басым бөлігімен кездескен. Көп ұзамай Қорғаныс министрлігі Астанаға көшіп, Дина телестудия филиалының өкілі ретінде Алматыда қалды. Әскери журналист «Хабар» телеарнасындағы «Әскер: А-дан Я-ға дейін» айдары мен «Әскер істері» бағдарламасын жүргізді. Көптен күткен қызы Диана дүниеге келгенде декреттік демалысқа шығады.

2013 жылы қызымен бірге Таразға оралған ол «Оңтүстік» қолбасшылығына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасында әскери тәртіп офицері болып қызметін жалғастырады. Бүгінде әскерилермен тығыз жұмыс істейтін Дина Мухаринова осынау саланың майталманына айналды. Сарбаздардың күнделікті тыныс-тіршілігі, жетістігі, оларға қатысты жылт еткен жаңалық оның назарынан тыс қалмайды. Бастысы, әскери журналист – өз ісінің нағыз шебері. Жыл сайын оператор және фототілшілердің басын қосып, баспасөз турын ұйымдастырып тұратын оның алар асуы әлі алда.

 

Есен ӨТЕУЛІ