Құқық

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы

ІІМ: 3,5 МЫҢ МАЛ БАСЫ ИЕЛЕРІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Криминалдық полиция қызметкерлері жылқы ұрлаумен айналысқан төрт адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Бұл күнде күдіктілердің 50-ден астам жылқыны қолды қылғаны анықталып отыр. Мәліметке сүйенсек, олардың бірі шаруа қожалығын басқарған. Өз кезегінде қарақшылар ұрланған малды далалы жерге апарып, етін сату үшін сойып отырған. Қазіргі таңда қаскөйлер қамауға алынды.

МЫҢҒА ЖУЫҚ ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ЕЛДЕН ШЫҒАРЫЛДЫ

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 3022 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оның ішінде, сот шешімінің негізінде 977 шетелдік елден тысқары шығарылған. Бұдан бөлек, қос азаматтығы бар 375 тұлға анықталып, олар бойынша тиісті шаралар қабылданған.

Атап өту керек, бұған дейін желілік полиция бөлімінің көші-қон қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзған 32 жастағы АҚШ азаматын анықтаған еді. Құқық бұзушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дәл осындай, яғни қос азаматтық бойынша құқықбұзушылық Ресей Федерациясының үш азаматынан анықталды.

ЕСІРТКІ САТУМЕН АЙНАЛЫСҚАН ТОПТАРДЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен есірткі заттарын аса ірі көлемде тасымалдады және сатты деген күдікке ілінген екі есірткі тобының әрекетіне тосқауыл қойды.

Деректерге сүйенсек, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында 14 килограмнан астам гашиш пен 42 килограмм марихуананы сатуға әрекеттенген екі Қазақстан азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Бүгінгі таңда аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

ТАУАР ТАСУШЫ ЖҮРГІЗУШІ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Жуалылық полиция қызметкерлері Алматы облысының тұрғынын мемлекеттік тіркеу нөмірлері оқылмайтын автокөлікті басқарғаны үшін ұстады. «Sitrak» маркалы көлігі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық маңызы бар жолының 564-шақырымында тоқтатылған. Тексеру барысында жүргізуші мемлекеттік нөмірлердегі әріптерді қызыл қағазбен жауып тастағаны анықталды. Ол тауарды Ташкент қаласынан Алматы облысына тасымалдаушы екен.

Ер адамға қатысты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсiн сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған көлiк құралын басқару бойынша хаттама толтырылды. Ал, көлік айып тұрағына қойылды. Сот шешімі бойынша ер адамға қатысты бір тәулікке қамауға алу және 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды.

ВЕЙПТЕРДІ ЗАҢСЫЗ САТУ ФАКТІСІ АНЫҚТАЛДЫ

«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыс орталығына жақын елді мекендегі дүкендердің бірінен тыйым салынған құрылғылар табылды. Бүгінде полицейлер аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.

Жалпы, электрондық вейптер мен темекіні жылытуға арналған құрылғылар зиян екені баршаға аян. Осы ретте полиция қызметкерлері ел азаматтарын зиянды заттардан аулақ болуға және құқықбұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.

 

Есен ӨТЕУЛІ