Экономика

Мемлекет меншігіне 495,1 мың гектар жер қайтарылды

Облыстағы жер қатынастары басқармасына қарайтын жер көлемі 14427,5 мың гектарды құрайды. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Айдар Тажиковтың айтуынша, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы, яғни айналымда жүрген жер 4661,6 мың гектар.

Мұның ішіндегі 842,6 мың гектар елді мекендердің жері болса, 176,2 мыңы өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жерлер, 11,6 мың гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері. Ал, 4429,1 мың гектарын орман жер қоры, 356,3 мың гектарын су қорының жері, 1460,8 мың гектарды босалқы жер қоры алып жатыр.

Жалпы, Айдар Тажиковтың айтуынша, 42 елді мекеннің 25-де жайылым жетіспеушілігі шешімін таппақ. Сонымен қатар, 17 елді мекенде жайылым жетіспеушілігін толығымен шешу мүмкіндігі жоқ. Аталған аудандарда халықтың тығыз орналасуына байланысты және қала маңы аймағына жақын орналасуы сондай-ақ, жалпы жерлердің басым көпшілігі егістік жерлер болуынан шешімін таппай отыр екен. Жалпы жайылым жетіспеушілігі 29,7 мың гектарды құрап отыр.

«Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану Жоспары мен Схемасы қайтадан 5 жыл мерзімге бекітіледі. Жалпы, 2025-2027 жылдары жаһандық экологиялық қор есебінен Талас және Сарысу аудандарынан пилоттық жоба негізінде 5 мың гектар жайылым жерлерді қалпына келтіру көзделген.

Жалпы облыс бойынша босалқы жер қорынан осыған дейін елді мекенге 378 мың гектар жер қосылған. Елді мекен жері 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайған. Облыс аумағында Инвесторлар үшін жалпы көлемі 3,3 мың гектар болатын 68 жер учаскесі берілген. Сондай-ақ, күн және жел электр станциясын орналастыру мақсатында Мойынқұм ауданынан «Актас Энерджи» ЖШС, Жуалы мен Талас аудандарынан «China Power International Holding Limited» компаниясына жалпы көлемі 81946 гектарды құрайтын жер учаскелері бөлініп отыр. Талас ауданы аумағынан «Тараз Қуат» ЖШС-не Бу-газ электр станциясын салу үшін 4,1 гектар жер учаскесі табысталды. Индустриалды аймақ құру үшін Т.Рысқұлов, Меркі мен Сарысу аудандарынан 256 гектар жер учаскесі бекітілді. Тас тұзын өндіру үшін «Qazaq Soda» ЖШС- не Сарысу ауданы аумағынан 100 гектар жер учаскесі берілді. Байзақ ауданы аумағынан этно ауыл, демалыс орны және балық шаруашылығын жүргізу үшін 3,59 гектар жер учаскесі табысталып отыр.

Бүгінгі күні облыста жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезекке қойылған азаматтар саны 242729-ға жеткен. Ең көбі Тараз қаласында –128432 адам. 2005-2024 жылдары аралығында жалпы 38139 жер телімдері берілген. Ал, Тараз қаласының шекарасын Жамбыл және Байзақ аудандарының кейбір ауылдарын қосу есебінен ұлғайту бойынша облыстық мәслихатпен әкімдіктің бірлескен шешімі мен қаулысы қабылданып, министрліктермен келісімделуде екен.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.