Аймақ

Жаңа аялдамалар салынып, алаңшалар ажарланып келеді

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген халық нақылы жергілікті аймақтың келбетіне қарап, сондағы тұрғындардың мәдениетін тануды меңзесе керек. Облысымыздың орталығы – Тараз қаласы тамылжыған табиғатымен жаратылысынан сұлу, тек оны күту мен тазалығын сақтау – тараздықтардың жауапкершілігі. Абаттандырумен шаһардың ажарын ашып, сенбілік жұмыстарымен тазалығын сақтау бағытында жүзеге асырылып отырған іс баршылық.

Мәселен, өткен сенбіде қала аумағындағы барлық мекеме-ұйым қызметкерлері сенбілік ұйымдастырып, Тараздың тазалығын сақтауға біркісідей атсалысты.

Қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жол-көлік инфрақұрылымының талапқа сай болуы маңызды. Бұл шаһардағы өмір сүру деңгейін де жақсартып, сапалы әрі қолайлы жағдай қалыптастырады. Осыны назарға ұстаған Тараз қаласының әкімдігі жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беруде.

Қала ішіндегі қарым-қатынасты жақсарту үшін жаңа автобустар әкелініп, қоғамдық көлік қызметінің сапасы жоғарылап келе жатқанын көріп жүрміз. Ендігі мәселе – сол автобустарды күтетін жолаушыларға қолайлы аялдамалардың жасалуы. Себебі, қоғамдық көліктер көбейген сайын нақты орны белгіленген, ыңғайлы аялдамаларға деген қажеттілікті де арттырып отыр.

Тараз қаласын дамытудың 3 жылдық жоспарында бұл мәселе қамтылыпты. Соған орай, өткен жылы қала аумағына 36 аялдама орнату үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «RusStroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 21, «Строительная компания NSN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 15 аялдама орнату үшін келісімшарт жасалған екен. Сонымен қатар, «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан бұрын қолданыста болған 6 аялдама қайта қалпына келтірілген.

Қала келбетіне көрік қосатын тағы бір нысан – тұрғын үйлердің ауласындағы балалардың ойын алаңшалары мен спорттық алаңдар. Көне шаһарды көріктендіру аулаларды абаттандырудан басталатыны анық. Қаланы дамытуға арналған 3 жылдық жоспарда аула алаңдарын заманауи кейіпте салу да бар. Бұл бойынша биыл облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылғанын күнделікті көріп те жүрміз.

Атап айтсақ, биыл аулаларды абаттандыру, оның ішінде балалар ойын алаңшасын салуға қала қазынасынан тиісті қаражат бөлініп, 25 мекенжайда жұмыстар жүргізілген. Сондай-ақ, биылдың өзінде жаңа 9 спорт алаңшасы ел игілігіне берілсе, 14 нысан күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы