Медициналық өнім қуатын арттыру - маңызды міндет
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова облысқа жұмыс сапарымен келіп, Айша бибі ауылында орналасқан фармацевтикалық өнім өндіретін «Super-Pharm» ЖШС қызметімен танысты.
Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары аясында фармацевтика саласының жағдайын бағалап, жергілікті өндірушілермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату, медициналық бұйымдардың қолжетімділігі мен сапасын арттыру жолдарын талқылады.
Министр облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровпен бірге «Super-Pharm» ЖШС-ның басшылық құрамымен кездесіп, кәсіпорынның өндірістік қуаты мен өнім шығару үдерісін назарға алды.
Кездесу барысында компанияның өндірістік қуатын кеңейту, фармацевтика саласына инновациялық технологияларды енгізу және медициналық бұйымдардың қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.
«Super-Pharm» ЖШС — Қазақстандағы бірреттік медициналық бұйымдарды өндіретін жетекші компания. 2006 жылы құрылған кәсіпорын тоқыма емес материалдардан, пластиктен жасалған өнімдер мен шприцтер шығарады. Үш өндірістік желісі бар зауыт жылына 300 миллион дана өнім өндіре алады. Бүгінде 600-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізгі тапсырыс берушілері арасында «СК-Фармация» ЖШС және мемлекеттік, жеке медициналық мекемелер бар.
Компания алдағы уақытта өндірістік қуаттарын арттыру және жаңа желілерді іске қосуды жоспарлауда.
Сапар соңында кездесудің қорытындылары шығарылып, Жамбыл облысындағы фармацевтика саласын дамыту және одан әрі ынтымақтастық бағыттары белгіленді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.