Темір дәуірінің теберігі
Баршаға таныс Түркістандағы алып тайқазанның үлгісіндей қола қазанды Құланнан кездестірдік. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазан 1399 жылы жеті асыл металл, яғни мырыш, жез, қола, қорғасын, мыс, күміс, темірдің қоспасынан құйылса, Құландағы қазан қоладан жасалған.
Т.Рысқұлов ауданының аумағынан табылған бұл қола қазан зерттеушілердің пайымдауынша, біздің заманымызға дейін VIII- IV ғасырға телінген. Тарихқа үңілсек, ол кезең темір дәуірі деп аталыпты. Бұл туралы тарихи жазбалардан «Темір дәуірі – адамзат тарихында қола дәуірін алмастырған, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық, технологиялық өзгерістерді дүниеге әкелген жаңа кезең» деген жазбаны кездестіреміз. Яғни, Құландағы қола қазан темір дәуірінен бізге жеткен асыл жәдігер болса керек.
Қазанның кей тұстары аздап сыныпты, оның бәрі қалпына келтіріліп, жөнделген. Соншама ғасырдан бері бүлінбей бізге жеткен жәдігер ұзақ уақытқа сақталу үшін конверцияланған.
Тарихи деректерде де VIII-IV ғасырда адамдар темір металын игеріп және оны кеңінен қолданған кезең екенін көрсетеді. Ал, темір дәуірінен бұрын қола дәуірі болғанын ескерсек, қазір музейде тұрған қола қазан тым ертедегі адамдардың қолынан шыққан бұйым болуы да әбден мүмкін. Осыншама уақыттан бері тек ернеуі сынғаннан басқа бүлінбей сақталған бұл қола қазан бәлкім, дәулетті әулеттің көпшілікке ас әзірлеген берекелі ыдысы болды ма екен? Қазіргі заманауи құралдармен ұзаққа сақтау шаралары қолданылғандықтан, бұл қазан әлі де талай ұрпаққа жетіп, ертедегілерден дерек берер ескерткіш болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы