Мәдениет

Берекенің бесігі

Берекенің бесігі, ырыс-құттың есігі ауыл екеніне еш дауымыз жоқ. Сол қарапайым елді мекеннен бастау алатын өміріміздің ең бақытты сәті осы ел ішінде өткен көңілді шақтар. Қандай салада болсын өз ісінің маманы атанған, көпке танымал азаматтардың барлығы сол өлкенің түлегі. Түтіні түзу шығып, төрт түлігін өрістеткен ауылдықтардың қашанда өресі биік, өрісі кең.

Ауыл – әрбір қазаққа етене жақын. Мейлі ол қалалық болсын, тіпті басқа елде жүрсін, әйтеуір ауылға деген ыстық сезім, сағыныш қазақ баласының бойынан табылары айдан анық.

Ауыл гүлденсе, бұл қазақ халқының байығанымен тең. Себебі, әрбір қазақ ұл-қыздарының шыққан ортасы – ауылдық мекендер. Ауылдың түтіні, самал желі, айраны мен құрты, қазан-ошағы, қайнап жатқан самаурынның шайы, таза ауасы – баға жетпес асыл қазынасы. Осындай ауылдың тұрмыс-тіршілігін, балалық шақтың өскен ортасын, еш уайымсыз өтіп жатқан күнделікті тұрмыс-тіршілікті әрбір қазақ баласы сағынары сөзсіз.

Түп-төркініне келсек, ауыл – қазақтың алтын бесігі. Тұғырлы еліміздің шаңырағы көтерілгелі халықпен бірге жасасып келе жатқан салт-дәстүр, өнер мен мәдениетіміз, рухани құндылықтарымыздың күретамыры осы ауылда. Біздің тіршілігіміздің үзілмес сабақтастығы – ауыз әдебиеті, өнері, ән мен күйі, құмай тазысы, қыран бүркіті, жүйрік аты, киіз үйі. Халқымыздың осындай рухани құндылықтарын насихаттауға бағытталған және ауыл өнерпаздарының шығармашылық кәсіптік деңгейін арттырып, ондағы мамандардың халыққа мәдени қызмет көрсетудегі шеберлігін шыңдау, ондағы өзге ұлт өкілдерінің дәстүрі мен өнерін дамыту, сол елді мекендерден жас таланттарды іздеп, жаңа есімдерді анықтау мақсатында «Ауылым – алтын бесігім!» атты дәстүрлі өнер байқауы ұйымдастырылуда. Жылда дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шараға жергілікті халық белсенді түрде атсалысуда. Байқаудың рухани құндылықтарымызды ұлықтауға қосар үлесі зор. Ауылда тұрып, топырағына аунап қуат алған ауыл жұртшылығы аталмыш мерекеге барын салуда.

Биыл обылысымыздың 85 жылдығы аясында өткізіліп жатқан іс-шараға барлық елді мекендердегі мәдениет мамандары кәсіби түрде қатысып, өз шеберліктерін арттыруда. Сондай-ақ, жергілікті кітапханашылар өңіріміздегі қаламгерлер мен қылқалам шеберлерінің туындыларын кеңінен насихаттауда. Аудан орталығынан барған басшылық ауылдардағы шаруашылық өнімдерін де тамашалауда. Тұрғындардың ұлтымыздың салт-дәстүрлерін насихаттауға арнап дайындаған көріністері көпшіліктің көңілінен шығуда. Ұлттық асымыз қымыз бен бауырсақ өнімдерінен ауыз тиген меймандар қарапайым елдің еңбегін жоғары бағалауда. Әсіресе, ауыл өнерпаздарының халыққа ұсынған концерттік бағдарламасында жас таланттардың өнері елді тамсандырып, олардың ішінен жаңа есімдер анықталуда.

Жылда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Ауылым – алтын бесігім!» байқауы 30 қазанда басталған. Бұл іс-шара 15 қарашаға дейін жалғасын табады. Байқаудың қорытынды гала концерті желтоқсан айында өтеді. Гала концертте байқаудың жеңімпаздары марапатталатын болады.

 

Индира ТОҒАНБАЕВА,

Жамбыл аудандық мәдениет үйінің директоры.