Әдебиет

Ақыннан қалған мұралар

Белгілі тұлғалардың ұстаған заттары мен мұраларын сақтау қай кезде де маңызды. Еңбегі елдің есінде қалған атпал азаматтың бірі – шындықтың шырақшысы, ақын, сатирик Шона Смаханұлы. Тараз қаласында ақын атындағы №44 орта мектеп бар екені белгілі. Аталған мектепте 2014 жылы Шона Смаханұлына арналған музей бөлмесі ашылған.

Еңбегі ерен тұлғаның туғанына 90 жыл толуына орай ашылған музейдің аяғынан тік тұруына аталған мектептің сол кездегі директоры Баймұрат Жақсыбеков себепкер болыпты.

Қазіргі таңда бұл музей бөлмесіне аталған мектептің шаруашылық меңгерушісі Жанат Мәдімәрова бас-көз болып жүр.

Музей бөлмесінде ақынның өзі қолданған радио-үнтаспалар сақталған. Сонау 60-70 жылдары мұндай радиолар кәдімгідей құндылық саналғаны белгілі. Қаламгердің «Оптима» деп аталатын жазу машинасы да – музейдің сәні. Ақын осы жазу машинасымен талай-талай тың дүниелерді, өміршең өлеңдерді жазып қалдырғаны белгілі. Әрине, қаламгер бұл жазу машинасын шамамен 1970-1988 жылдары пайдаланған. Шона Смаханұлының өзі қолына тағып жүрген «Литер» деген сағаты мен өзі талай жыл сөйлесу үшін пайдаланған қызыл телефон аппараты да сақтаулы.

Сонымен қатар, музей бөлмесінде ақынның Талас ауданы, Ақкөл ауылында мұғалім болып жүрген кезінен, бозбала, әскердегі шақтарынан суреттер қойылған. Сатирик ақынның әйгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевпен, Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровпен, әскери саланың майталманы Тұрымқұл Мақашевпен бірге түскен суреттері де көпшілік назарын еріксіз аударады. Сонымен қатар, мұнда ақынның өзі пайдаланған қаламы, жазу дәптерлері, көзәйнектері, кітаптары музей төрінен орын алған.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы