Білім саласының білгірі
Әр аймақтың бетке ұстайтын беделді азаматтары болатыны рас. Сондай биік тұлғаның қатарына Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Бөлтірік Ильясовты қосуға болады. Ол кісінің алдынан мыңдаған шәкірттер білім алып, өмірге қанат қағып ұшты. Ұстаз жауһар жырлары қазақтың кең даласын аралап кеткен әйгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атануымен де бағалы.
Бөлтірік Шәмшіұлы бала күнінен мұғалімдерді ықыласымен тыңдайтын, зерек оқушы болды. Өзі де өскен кезде мұғалім боламын деп шешті. Сол арманына қанат қақтырып, 1972 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Қ.Сәтбаев орта мектебін бітірісімен, Шымкент педагогикалық институтына түсті. Анау-мынау емес мүйізі қарағайдай филология факультетіне. Білімді, жан-жақты студенттердің қатарын толықтырды. 1976 жылы Сарысу ауданындағы Досбол орта мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған соң, Игілік ауылындағы Коммунар орта мектебіне ауысты. Кейіннен бұл мектеп Шоқай датқа орта мектебі болып өзгерді. Міне, осы 1977 жылдан беріректегі 2018 жылға дейін бір мектепте тер төккен ұстаздың жеткен жетістігі өте мол. Себебі, аса жауапты мамандықтың бірі – білім саласында 42 жыл табан аудармай еңбек ету шын мықтының ғана қолынан келсе керек.
Бөлтірік Шәмшіұлы осы ұстаздық ғұмырында 3 жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 35 жыл бойы орта мектептің директоры қызметін абыроймен атқарған азамат. Қатардағы мұғалім кезінде қазақ тілінің ережелерін, әдебиеттің ерекше құндылықтарын түсіндірумен ерекшелене білді. Шәкірт біткен басқа сабаққа көңіл аудармаса да, Бөлтірік ұстаз өткізетін қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерін асыға күтетін. Ол түсіндірген әр сабаққа қызығып, армандарына ақ шағала қанат бітетін. Бұл туралы белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы: «Мектеп оқушысының есінде ерекше қалатын, әр шәкіртке нұр шашатын ұстаздар болады. Сондай білікті де, білімді ұстаздың бірегейі – Бөлтірік Ильясов ағай» дейді.
Бұл – барша шәкірттің ортақ лебізі болса керек. Шәкірттерінен осындай биік баға алған үздік маманды аудандық партия комитеті мен аудандық білім бөлімі аңғармай қалған жоқ. Әуелі аз ғана жыл «завуч» қызметінде шыңдап, бір үлкен мектептің тізгінін ұстатты. Ол орта мектепке директор болған кезінде бар болғаны 29 жаста еді. Міне, осы сенімді Бөлтірік Шәмшіұлы ұзақ жылдар ақтап, мектеп тізгінін абыроймен ұстады.
Бөлтірік Шәмшіұлы білікті ұстаз болуымен қатар, тұрғындардың көңілінен шыққан халық қалаулысы ретінде көзге түсті. Атап айтқанда, Сарысу аудандық мәслихаттың 2, 3, 4, 5, 6 шақырылымдарында депутат болды. Бұл дегеніңіз табан аудармай 22 жыл бойы Сарысу аудандық мәслихаттың депутаты болды деген сөз. Яғни, барша сайлаушының талап-тілегі бойынша өзіне жүктелген міндеттер бойынша аянбай жұмыс істеді. Сөзіміздің дәлелі – Игілік ауылындағы көптеген игілікті істер. Аталған ауылдың көшелері таза, жарық болуына, денсаулық, білім, спорт салалары бойынша табысты жұмыстардың жүзеге асуына Бөлтірік Ильясовтың халық қалаулысы ретінде қосқан үлесі қомақты. Ол қызметте жүрген уақытында бірнеше аудан әкімімен, аудандық білім бөлімінің басшыларымен бірлесіп, жемісті еңбек еткен азамат. Игілік ауылында білім шамының жарқырап жануына, Шоқай датқа орта мектебінен кілең үздік, озат, спортшы да өнерлі балалардың шығуына ықпал етті. Ол үшін педагогикалық құрамды күшейтіп, мұғалімдерден терең білімді, озат жұмысты талап етті. Нәтижесінде аудандық, облыстық пәндер олимпиадаларында, облыстық, республикалық түрлі байқаулар мен спорт жарыстарында Шоқай датқа орта мектебінің шәкірттері шетінен жеңіске жетіп, жеңімпаз және жүлдегер болып оралып жүрді. Оның барлығы директор Ильясовтың жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастыра білуінің жемісі.
Бөлтірік Шәмшіұлы қоғамдық жұмыстарға да аса белсенді. Партия жұмыстарында да өзін жоғары қырынан, іскерлігімен көрсетті. Бұрынғы «Нұр Отан» партиясының ХІІ съезінің делегаты.
Сонымен қатар, ол үлгілі отбасының басшысы. Жұбайы Сырғакүл Махамбетова ұзақ жыл білім саласында еңбек еткен ұлағатты ұстаз, «Күміс алқалы» ана. Бөлтірік ұстаз жұбайы екеуі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған бақытты жандар. Перзенттері де ата-аналарынан алған тәлім-тәрбие бойынша терең білімге ұмтылып, өмірдің әр бұрышына кірпіш болып қаланды. Атап айтқанда, үлкен қызы Динара Сарысу ауданындағы «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі болса, ұлдары Серік пен Берік Шоқай датқа мектебінде мұғалім. Қыздары Ақмарал жоғары білімді дәрігер болса, Назгүлі Алматы қаласындағы ірі университеттің бірінде аға оқытушы. Ал, кенже баласы Ерік Ильясов жөнінде айтар әңгімеміз өте көп. Ерік Бөлтірікұлы бұрынырақта Астана қаласында Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдігінде жастар ісі жөніндегі бас маман болып қызмет етті. 2009 жылдары халықаралық «Атажұрт» журналының Анкара қаласындағы өкілі, Түркия еліндегі ТРТ телеарнасының аудармашы- редакторы болып қызмет етті. Ерік Түркия республикасының бірнеше жоғары марапаттарымен марапатталып, екі мәрте Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығына ие болған. Өнегелі отбасында, 6 бауырдың арасында қазақы құндылыққа терең қанып өскен Ерік бұл күнде 6 тілде еркін сөйлейді. Келіндері мен күйеу балалары да халыққа қызмет етіп жүр. Үлгілі ізді ардагер ұстаздың немерелері де жалғап жатыр. Қазіргі таңда Бөлтірік ұстаздың 16 немересі бар. Бәрі де ұлағатты, үлгілі. Мұның барлығы асқар тау әке Бөлтірік Шәмшіұлының басшылық қызметте жүрсе де, отбасы тәрбиесін ұмытпағанының жемісі. «Ұстаздық жолды таңдағаныма қуанамын. Шәкірттер алдында адал болдым. Барлық жақсы күндеріме шүкір деймін. Жастарға талмай ізденуге кеңес беремін», дейді ардагер ұстаз.
Сарысу ауданының абыз ақсақалына айналған Бөлтірік Шәмшіұлы әр жиында жастарға ақылын айтып, ақ батасын беруден жалыққан емес. Ол өзінің ізденісі мен талантының арқасында өмірде үлкен биіктерге қол жеткізген бақытты жан. Аудан жастарына әлі де берері көп. Сарысулықтар Бөлтірік ұстазбен мақтанады.
Есет ДОСАЛЫ
Сарысу ауданы