Еңбек адамына құрмет - мәртебелі міндет
Еңбек адамы десе, адамдардың ойына алдымен кәсіподақ ұйымдары оралатыны анық. Өйткені, оның құқығын қорғайтын да, көмек беретін де бірден-бір қоғамдық ұйым, ол – кәсіподақтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы алдымызға үлкен міндеттерді жүзеге асыруға бастамашы болып отыр. Онда еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшылардың жалақысын көтеру мен олардың құқықтарын қорғау бағыттары көрініс тапқан. Бір атап өтерлігі, Президент «2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын айтты. «Бүгінгі күні біздің де жұмысымыз осы бағытқа құрылып отыр», дейді Шу ауданы білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Аида Бекмурзина.
Жолдаудың мақсаты – экономика, мемлекеттік басқару және азаматтық институттар қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдар векторын күшейту. Бірінші кезекте инновациялық жобаларды дайындау, жүзеге асыру, ішкі нарықты дамыту мен қамтуға тиімді әсер ететін отандық өндірушілерді қолдау. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын тиімді қолдау экономиканы нығайтады және оны экспортқа тәуелді етпейді. Бұл мақсаттарға жету үшін мемлекет қоғамды және оның санасын одан әрі демократиялық қайта құру жолымен жүруі керек. Бұл талаптар бізге қысқа мерзімде еліміз бен қоғамды жаңа, сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін әрбір қазақстандық үшін міндетті болуы қажет. Бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігіне аймақтағы экономиканың әр саласын қамтитын 14 салалық кәсіподақ ұйымы қарайды. Олар осы ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, еңбек адамдарының жағдайын жасап отыр. Бұл кәсіподақтарда 1404 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Онда 124 мыңнан аса еңбек адамы мүшелікке тартылған.
Бүгінгі күні Шу ауданы білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті Президенттің «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» атты тұжырымдамасын басшылыққа алып, жұмыс жүйесін құрған. Осы тұжырымдаманың аясында ерекше басымдыққа ие бағыттың бірі – әлеуметтік әріптестік. Осы әлеуметтік әріптестік аясында облыстық білім басқармасымен және аудандардағы білім бөлімдерімен келісе отырып, көп жұмыс жоспарға сәйкес жүйелі атқарылуда. «Біздің алға қойып отырған басты міндеттеріміздің бірі – еңбек адамының рөлін арттыру, оның жұмысына кедергі келтірмейтін мүмкіндік жасау. Мұғалім болса жүктемесін толтырып беру, қосымша төлемдердің заң аясында төленуін қадағалау. Сондай-ақ, зейнет жасына толған педагогке оқу жылының соңына дейін жұмыс істеп, бір лауазымдық жалақы көлемінде өтемақы алу жағын қарастыру. Тағы бір атап өтерлігі, мәслихат шешіміне сай ауылды жерде жұмыс істегені үшін жалақысын 25 пайызға арттыру, басшылық құрамға негізгі пәні бойынша 0,5 бірлік қосымша оқу жүктемесін алып жүруге, ғимаратқа қызмет көрсетушілер мен қызметтік бөлме тазалаушыларына 30 күн еңбек демалысы мен емделу жәрдемақысы берілуіне қол жеткіздік», – дейді ол.
Жалпы, салада атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кең. Кәсіподақ мүшелері қоғамдық жұмыстармен қатар түрлі байқауларға да қатысып, белсенділік танытуда.
Бүгінгі таңда кәсіподақ мүшелерінің заңды құқықтары Еңбек заңына сәйкес қорғалған. «Жалпы, кәсіподақ ұйымы еңбек адамына не береді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Атап айтсақ, бүгінгі күні кәсіподақ ұйымына мүше болу еңбеккер үшін келесі тиімділіктерді береді. Атап айтсақ, тегін және сапалы заң кеңесі; мемлекеттік органдарда, соттарда тегін өкілеттілік; жалақы есептету, төлету, өндіру; мәдени-көпшілік, спорттық іс-шараларға қатысу, қамтылу; материалдық, қайырымдылық көмек пен қолдау; жеңілдетілген жолдамалар арқылы сауықтыру, тарихи орындарға саяхаттар, балалардың жазғы демалысы және тағы басқа шараларды ұйымдастыру. Қазіргі уақытта кәсіподақ қызметіндегі ерекше басымдыққа ие бағыттардың бірі – әлеуметтік әріптестік. Бұл жұмыста облыстық және аудандық кәсіподақ ұйымы өз белсенділігін танытумен қатар, өзекті мәселелер бойынша өз ұсыныстарын білдіруде. Солардың бірі – қолданыстағы облыстық Келісімге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 2022 жылы тіркеліп, енгізілген айлық жалақыны инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде жыл сайын индексациялау, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, әлеуметтік-еңбек жанжалдары мен дауларына жол бермеу және алдын алу туралы толықтырулар. Бұдан бөлек, білім мен ғылым саласының кәсіподақ ұйымы облыстық білім басқармасымен 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы екіжақты келісімшарт қабылдаған. Осындай облыстық екіжақты Келісімдерден денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподағы мен мәдениет, спорт және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары арасында да қабылданып, жұмыс істеуде.
Жоғарыда атап өткендей, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіподақ мүшелеріне тегін және сапалы заңдық кеңес көрсету, еңбеккерге тиесілі жалақыны дұрыс есептеу және төленбеген жағдайда өндіру. Жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы әлеуметтік әріптестік бойынша еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құралдың бірі – ұжымдық шарт. Жалпы 2021-2023 жылдарға жасалған ұжымдық шартқа 3 рет өзгертулер мен толықтыру енгізілген.
Кәсіподақ ұйымында еңбек заңдылығының орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған пәрменді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмысты тәуелсіз Қазақстан аумағында алғашқы болып құрылған Кәсіподақтық құқықтық еңбек инспекциясы нәтижелі атқарып отыр. Бүгінде кәсіподақтың әрбір мүшесі тегін сапалы заң кеңесін алу мүмкіндігіне ие. Мәселен, облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының құқықтық қызмет бойынша 2019-2024 жылдар аралығында кәсіподақ заңгерлерінің қабылдауында 16 мың сала өкілі болыпты. Оларға 46 088 құқықтық қызмет көрсетілген. Құқықтық инспекторлармен 1978 тексеру жүргізіліп, онда еңбек заңдылығын бұзудың 6214 жағдайы анықталған. Кәсіподақ мүшелеріне 3149 жазбаша түсіндірме берілсе, жеке қабылдау, телефон, электрондық пошта және БАҚ арқылы берілген кеңестердің саны 41573-ті құрады.
Бүгінге дейін кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 46 материал дайындалып, 71 кәсіподақ мүшесіне түрлі инстанциядағы соттарда тегін өкілеттік көрсетілген. Сот шешімімен құқығы бұзылған 23 кәсіподақ мүшесі қайта жұмысқа орналастырылған. Ал, сотқа дейінгі кезеңде оң шешімін тапқан еңбек дауларының саны бірнеше есе көп. Міне, осындай құқықтық қызметке Шу ауданы білім қызметкерлері кәсіподақ мүшелері де жүгінген.
Бұдан бөлек, кәсіподақ мүшелерінің білімін жетілдіру мен демалысын ұйымдастыру жолға қойылған. Дәстүрлі түрде шипажайларға жолдамалар беріліп, «Астана-Бурабай», «Киелі Түркістан», «Көне Тараз» тарихи-танымдық саяхаттар мен туристік маршруттар, Ыстықкөл мен Алакөл жағалауында ұжымдық демалыстар ұйымдастырылып келеді. Биыл білім бөлімімен бірлесіп, аудан мұғалімдерінің дәстүрлі Тамыз кеңесі, Еңбек күні, Кәсіподақтар күні, Мұғалім күні мен Республика күні мерекелері ұйымдастырылған. Жаз маусымында сауықтыру шараларымен 800 кәсіподақ мүшесі мен олардың отбасы өкілдері қамтылған. «Киелі Түркістан» тарихи-танымдық саяхатына 150, Ыстықкөл мен Алакөл жағалауында ұжымдық демалыстарға 200 кәсіподақ мүшесі жіберіліп, демалысын есте қаларлықтай етіп өткізген.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып биылғы Тамыз кеңесі мен мұғалімдер күні мерекесінде «Үздік мектеп» аталымы бойынша жеңімпаз атанған 10 білім беру мекемесіне 100 000 теңгеден сертификат берілген. Озық ойлы, облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанған ұстаздар да кәсіподақтың қолдауынан кенде қалған емес.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Шу ауданы